Тастанды бала, тасбауыр тағдыр…

Тасбауыр ана, тасжүрек әке және тастанды бала. Бүгінгі қоғамның қасіреті. Кейде тоғыз ай құрсағында көтерген перзентін туа сала тастап кететіндерді көкекке теңеп жатамыз. Алайда, түйсігі жоғары дейтін екі аяқты жандардың тасбауырлығына қарасаң, көкектің қарекетіне таң қала қоймайсың. Аталық көкек өз балапандарына өш келгендіктен, аналықтары балапандарын қорғап қалу үшін жұмыртқасын басқа ұяларға амалсыз салады екен. Ал бүгінгі ақыл-есі жоғары дейтін жандардың жасаған ісі жүректі ауыртып, жанарға жас іркеді.
Бұрын оң босағада отырып, бала табатын бойжеткендерді әңгіме ететін елімізде енді етегін ерте түретін мектеп жасындағы жасөспірімдердің саны артқан. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, жыл сайын жасөспірімдер арасында жүкті болатындар саны 10 мыңнан асып жығылады. Ал жасанды түсік жасатушылардың 90 пайызын тағы да осы кәмелетке толмағандар құрайды екен. Ресми мәліметтерге қарағанда, «қазақылықтың қаймағы бұзылмаған» деп есептеліп жүрген Шымкент қазір кәмелетке толмаған аналардың саны бойынша көш бастаған. Ал өткен жылы Алматыда 16 жасқа толмай жатып, жүкті болғандардың саны 40-тан асқаны туралы ақпарат таратылды.
Осылай ойнап жүріп от басқан қыздарымыз қолдарын қанға малса, «әкелердің» әрекетіне әлі күнге тоқтау сала алмай келеміз. Құрсағына тоғыз ай көтерген бауыр еті – баласын иттің жемтігіне айналдырғандар да болды. Бұл – кино емес, осыдан бірер жыл бұрын Қызылордада болған жағдай. Сол жылы Қызылорда облысында болған жантүршігерлік оқиға кез келген жанның жүрегін сыздатты. Сыздатқаны былай тұрсын, мұндай сұмдықтың адам қолымен жасалатынына сенбей, жаға ұстайсың. Жаңа туған нәрестесін иттің аузына тастаған арсыз «ананың» іс-әрекетін айуандық десек, артық емес шығар. Одан кейін Жамбылдағы сұмдық оқиға да талайларға сабақ болуы керек еді. Жасына жетпей адасқан қызына тәрбие беруі тиіс анасының өз немересін өз қолымен өлтіргені қатыгездікке толы фильмдердегі құбыжықтан асып түсті. Жарық дүниеге жаңа келген шарананы кіндігі кесілмеген күйінде жүйткіп келе жатқан темір тұлпардың терезесінен лақтырып жіберген. Бұны ақыл-есі дұрыс адам түгілі, төрт аяқты айуан да жасамас еді. Жер үстінде жауапкершілігі темір торда өтетін бірнеше жылмен өлшенгенімен, екінші дүниенің есігінде қойылатын сан сауалдардан сытыла алмасы анық.
Күні кеше ғана Павлодарда тағы бір нәресте қоқыс жәшігінен табылды. Бұдан бұрын өзі туғанын тірідей жерге көмген жиырмадағы бойжеткеннің ісі елдің есінде. Құрсағындағы шаранасынан тумай жатып бас тартқан Айнұр да екіқабат екенін ешкімге айтпай құтылғысы келгендердің бірі. Ес-түссіз жатқан бойжеткенді тексерген дәрігерлер тиісті орындарға хабарламағанда, тағы бір нәрестенің тағдыры ел естімеген сұмдықпен аяқталар ма еді, кім білсін… «Аяғым ауырлап қалғанын ішімдегі бала 5 ай болғанда ғана білдім. Ал баланың әкесі менен бас тартып, басқа қызға үйленгелі жатқанын естідім. Түсік жасатқым келіп еді, мерзімі өтіп кетіпті. Ішім білінгенде шешем байқап қойып, үйде үлкен айғай болды. Бір күні көшеде талып қалдым. Есімді жисам, ауруханада жатыр екенмін. Шешем баламмен үйге кіргізбеймін деген соң, амалсыздан баламнан бас тартып отырмын», – дейді Айнұр. Осы секілді айы-күні жетіп отырса да, емханада есепке тұрмаған бойжеткендер көп. Олардың көбі – махаббаттың буына малданып, ойнап жүріп от басқандар.
Қоғамда тастандылардың тағдырына әйелдерді ғана сөгіп, сөз етеміз. Алайда, «сүйдім» дегенді сөзбен айтқандардың іспен дәлелдейтін сәттері аз кездесіп жатқаны жалғызбасты аналардың артуына, әрі-беріден соң нәзік жандылардың жүрегін тас етуіне әкеліп соғып жатқаны рас. Былтыр Жезқазғанда баласын қоқысқа тастап кеткен әйелдің заңды күйеуі бар екені анықталды. Ерлі-зайыптылардың кезекті жанжалынан соң әйелі нәрестені қоқысқа тастай салған, ал әкесі баласының тағдырына бей-жай қараған. Осындай орны толмас өкініш орын алмау үшін қоғам қайраткері, белгілі журналист Сәуле Мешітбайқызы тасбауыр аналарды ғана емес, тасжүрек әкелерді де жазалау керектігін айтады. Шындығында, әйелдердің дені түсік тастауға амалы таусылғаннан, шарасы қалмаған соң тоғыз ай құрсағында көтерген туған баласын қоқысқа тастауға мәжбүр болады екен. Сондықтан тумай жатып тағдырынан таяқ жейтін балаларға қатысты қылмыстық іске тек әйел ғана емес, жалған сөйлеп, жауапкершіліктен жалтарып кететін әкелерді де тартқан абзал. Ал бес минуттық тән рахатына беріліп, болашақта ақ босағадан адал аттауды ойламайтын қыздардың әрекетіне алдымен ата-анасы жауап беруге міндетті дер едік.

Жадыра МҮСІЛІМ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*