Қылмысты азайтудағы жетістігіміз аз емес

Президент Н. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды», – деп атап көрсете отырып, Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру жолында не істеу қажеттігін нақтылап берді.
Біздің Алматы-1 стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасы қызмет көрсететін аумақтан өтетін жолаушылар пойыздарын айтпағанда, жүк тасымалдайтын пойыздардың да үлес салмағы басым. Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жалпы Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17 процентке өсіп, 17 миллион тоннаға жуықтады», – десе, бұл көрсеткіште біздің басқарманың тікелей үлесі болмаса да, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі бар деп ойлаймын. Оның себебі, біздің басқарма көрші мемлекеттерге жүк тасымалдауды және жолаушылар тасымалдауды жүзеге асыратын тоғыз жолдың торабындағы күрделі аумақ. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген жеке құрамның қол жеткізген жетістігі де аз емес. Атап айтқанда, өткен жылы қылмысқа қарсы күресте жедел-іздестіру іс-шараларын күшейтуге және темір жол мен әуе көліктерінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар қабылданып, кез келген құқық бұзушылыққа дер кезінде тосқауыл қоя білудің нәтижесінде Алматы-1 стансасындағы ІІЖБ-нің қызмет көрсету аумағында тонау, зорлау және адам өлімі фактілері мен пойыздардың қозғалысына қауіп төндіретін төтенше жағдайлар орын алған жоқ.
Жалпы ІІЖБ мен оған қарасты бөлімшелер бойынша жедел-іздестіру және алдын алу іс-шаралары кезінде 175 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл оның алдындағы жылдарда тіркелген фактілермен салыстырғанда едеуір төмен. Жыл бойына 2 аса ауыр қылмыс фактісі және 20 ауыр қылмыс тіркелді. Ал ауырлығы орташа қылмыс саны жылдан-жылға төмендеп келеді. Атап айтатын болсақ, 2016 жылы 116 осындай қылмыс санаты тіркелсе, 2017 жылы бұл факт 67-ні құрады. Сонымен қатар, бөтеннің мүлкін ұрлауды азайту жолында да жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Бұл көрсеткіш те алдыңғы жылғы 117 фактіден 66-ға дейін азайды.
Алматы қаласы еліміздегі ең үлкен мегополис болғандықтан, алып шаһарға күніне 40-қа жуық жұп пойыз келеді. Алматының есірткі тасымалдаудағы транзитті қала екені де жасырын емес. Өткен жылы басқармаға қарасты есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері есірткіге қатысты 33 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеді. Қызметтік иттердің көмегімен 9 есірткі қылмысы анықталып, заңсыз айналымнан 40 келіге жуық есірткі заты тәркіленді.
Бұдан бұрынғы жылдары жолаушылар пойыздарында ең жиі кездесетін ұрлық түрі – ұялы телефон ұрлау болатын. Осыған орай біз ұялы телефон ұрлау қылмысына қарсы арнайы операциялар ұйымдастырып, онда жолаушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жиі жүргіздік. Соның нәтижесінде өткен жылы ұялы телефон ұрлау фактісі едеуір азайды.
Біздің басқарма еліміздің біраз аумағындағы темір жолмен тасымалданатын жүктердің қауіпсіздігіне жауап беретін жауапты сала болғандықтан, бұл бағытта да атқарылып жатқан шаруа шаш етектен. Темір жол мен әуе көліктеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жедел-іздестіру жұмыстарын ерекше назарда ұстаудамыз. Дей тұрғанмен, өткен жылы 15 жүк ұрлау фактісі тіркелді. Бұл орайда атап өтер тағы бір мәселе – 2016 жылы 58 жүк ұрлығы тіркелген болатын, яғни жүк ұрлау фактісін азайтуда айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Жүк ұрлығына қарсы жұмыстардың қарқыны биыл да күшейтілетін болады.
Жолаушылар пойыздары адамдардың бағыт алған жерлеріне жетуінің ең сенімді көлігі екені аян. Өйткені, ұшақтар мен автомобиль көліктерімен салыстырғанда пойыздарға ауа райының қолайсыздығы мен жолдың ұзақтығы кедергі бола алмайды. Қазіргі уақыттағы Қазақстан Республикасының экономикалық тұрақтылығы мен дамуының арқасында жаңадан жинақталған жолаушылар вагондары халыққа қызмет көрсете бастады. Ресей мен Украинадан алып келген және Қазақстанның өзінде құрастырылатын вагондардың ыңғайлылығы барлық халықаралық талаптарға жауап береді. Алайда, осындай жетістіктерге көлеңке түсіретін жағдайлар да жоқ емес. Солардың бірі – вагон терезелеріне сырттан тас, темір жол балдақтарын және тағы басқа заттарды лақтыру оқиғалары. Пойызға лақтырылатын бөгде заттар темір жол саласына залал келтіріп қана қоймай, вагон ішінде кетіп бара жатқан жолаушылардың денсаулықтарына, тіпті өмірлеріне де қауіп төндіреді. Кей кездерде лақтырған заттың вагон теміріне соқтығып кері ұшатын жағдайлары да кездеседі. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында біздер «Әйнек» деп аталатын операцияны жиі өткіземіз. Өткен жылы 27 вагон әйнектерін сындыру фактісі тіркелді. Сонымен қатар, ойын балаларының қасақана немесе білместікпен темір жолдың жоғарғы қабатында орналасқан байланыс құралдарының, белгі беру бағдаршамдарының құрылғыларын бөлшектеп сындыратын жағдайлары да кездеседі. Бұл өз кезегінде пойыздардың жолдан шығып кетулеріне немесе бір-бірімен соқтығуларына алып келетін өте қауіпті факторлар, ал байланыс құралдарының зақымдануы уақытылы ақпарат алмасу, орын алған төтенше жағдай жөнінде дер кезінде ақпарат беру жұмыстарына кері әсерін тигізеді.
Осы жоғарыда аталған келеңсіздіктердің алдын алу үшін Қазақстан Республикасының заңнамаларына бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, мұндай әрекеттерге қатысты қолданылатын жазалар қатайтылды. Құқық бұзушы әрбір келтірілген залалдың орнын толтырады және әкімшілік жазаға тартылады. Ал, орын алған оқиғалар салдарынан адам өмірі мен денсаулығына зиян келген, сондай-ақ келтірілген материалдық залал сомасы шектен тыс көп болған жағдайларда қылмыстық іс қозғалып, кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.
Алматы-1 стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасының жеке құрамы және басқармаға қарасты бөлімдерде Елбасының биылғы Жолдауы да қызу талқыланып, жаңа дәуір қарсаңында тұрған Қазақстан азаматтарына тың серпін берген құжаттың маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді.

Е. АРШАБАЕВ,
Алматы-1 стансасындағы ІІЖБ бастығы,
полиция полковнигі  , Суретті түсірген Г. МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*