Компьютер клубтарындағы түнгі жорық

Түнгі қаланың тіршілігі бір бөлек. Әсіресе, демалыс күндері қаланың түнгі тіршілігі ерекше тыныс ала түседі. Тыныштығымызды күзеткен тәртіп сақшыларымен қатар кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын Ювеналды полиция қызметкерлері да бұл күндері аяқтарынан тік тұрып, бас-көзсіз жүрген бала, түнгі «жорыққа» шыққан жасөспірімдердің соңына майшам алып түседі. Себебі, түнгі уақытта емін-еркін жүрген кәмелетке толмаған жеткіншектерді де жиі кездестіруге болады.
Алматы аудандық ІІБ Жергілікті полиция қызметі Ювеналды полиция инспекторлары «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу шарасын өткізді. Рейдтің мақсаты – компьютер клубтары иелеріне түнгі 22:00-ден кейін кәмелетке толмағандарды кіргізуге тыйым салынатынын ескерту. Клуб иелерін ескерту жасау арқылы түрлі келеңсіздіктердің алдын алу.
Біз де инспекторлармен бірге түнгі уақытта үйден тыс жерлерде жүрген жасөспірімдерді тексеруге шықтық. Бұл күні Алматы ауданы бойынша 5 жедел топ жұмылдырылды. Әр топ 3 адамнан тұрады. Топ құрамы Криминалдық полиция, Ювеналдық полиция және учаскелік полиция қызметкерлерінен жасақталды. Қосымша тағы бір топ ата-аналары не заңды өкілдерінсіз үй жайларынан тыс жерлерде жүрген жеткіншектерді анықтау үшін автобуспен шықты. Алматы аудандық Ішкі істер басқармасынан арнайы топтар сағат түнгі 10-да жорыққа аттанды. Он бес минут өткенде алғашқы факті анықталды.
Қоңырау түсе саласымен Шәкәрім Құдайбердіұлы және Ғабиден Мұстафин көшелерінің қиылысында орналасқан «Goodlike» компьютер клубына бет алдық. Полиция инспекторлары түнгі уақытта компьютер клубында ойынның қызығына кіріп кеткен 17 жастағы жеткіншектің үстінен түскен. Ювеналды полиция инспекторлары ішкі істер органдарының есебінде тұрған баланы жазбай тыныды. Бұл бала осы компьютер клубын тұрақты мекен еткен. Бұл оның түнгі уақытта дәл осы компьютер клубынан екінші рет ұсталуы екен. Ересектердің қарауынсыз жүрген жеткіншек мектепке баруды да қойған. «Бұл компьютер клубына күнде емес, күнара келіп тұрамын. Келмей кеткеніме бір-екі апта болған еді. Өзімді шектеп жүрдім. Бүгін мұнда сағат 22:20-да келдім, оның өзінде әкімшілік кіргізбеді. Мен осы жерде досымды күте тұратынымды айтып, 10-15 минутқа бөгелдім. Бар болғаны сол», – деді полиция қызметкерлерінің сұрағына жауап берген Саламат. Бұл баланың мектепке бармай кетуіне де осы компьютер клубтары себепші болып отыр. Клуб әкімшілігінің айтуынша әлгі бала мұнда келгенде түрлі сылтау айтатын көрінеді. «Анам үйден қуып шықты. Баратын жерім жоқ» деген желеумен осында сағаттап отыруды әдетке айналдырған. Осыдан кейін, күніне компьютер клубтарында қанша сағат уақытын сарп ететінін есептей беріңіз.
Келісіп алғандай «Goodlike»-тің әкімшілігі де оның есіктен кіргені сол екенін айтады. Басын бәледен алып қашпақ болған ол жасөспірімнің компьютер ойнамағанын алға тартты. Алайда, бір ескеретін дүние, кәмелет жасына толмаған жеткіншектерге түнгі 22:00-ден ары қарай компьютер клубтарынан табылуға болмайды. Яғни, бұл жерде оның компьютер ойнағаны, не ойнамағаны маңызды емес. Түнгі уақытта сол жерден табылғанының өзі заң бұзушылық саналады. Мұны компьютер клубының әкімшілігі білмейді десеңіз қателесесіз, «Goodlike» компьютер клубына кіре бергенде бірінші көзге түсетін де түнгі уақытта балаларға мұнда келуге тыйым салынғаны жазылған тақтайша. Жарқыратып іліп қойғандарына жол болсын. Алайда, клубтың мұндай заң бұзушылыққа жол берулері бірінші рет емес.
Алматы аудандық ІІБ Ювеналды полиция бөлімінің бастығы Ләззат Төкенқызының айтуынша, ата-ананың уысынан шығып кету үшін балалары түрлі айла-шарғыларға барады. «Мысалы, «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу шарасының алғашқы күні осындай бір оқиға орын алған. Анасы құжаттарын рәсімдеу үшін басқа қаладан Астанаға келген ұлын өзінің бауырымен ертіп моншаға жіберген. Олар болса, моншаға кеткен болып компьютер клубына барған. Біздің арнайы топ оларды компьютер клубында ойынның қызығына батқан жерлерінен анықтады. Мұны білгенде анасының төбе шашы тік тұрып, абдырап қалды. Ұлын сеніп тапсырған туған бауырынан мұндайды күтпеген болу керек», – дейді Ләззат Төкенқызы. Туған бауыры демекші, кәмелет жасына жетпеген балалар түнгі уақытта қоғамдық орындарды, ойын-сауық орталықтарында, үйден тыс жерде ата-аналарынан бөлек, заңды өкілдерімен жүре алады. Ал заңды өкіл деп отырғанымыз кім? Сіз оның туған бауыры заңды өкілі бола алады деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда, бұл олай емес. Заңды өкіл дегеніміз – бұл заң жүзінде ата-ана сенімхат арқылы баланы сеніп тапсырған тұлға.

«Алматының түндері-ай»
Жалпы Астана қаласының Алматы ауданында шамамен алғанда 40 шақты компьютер клубы бар. Жедел шараның алғашқы күні бір түнде Алматы ауданындағы 29 компьютер клубы тексерілді. Шараның бірінші күні аптаның ортасы бейсенбіге келгесін бір түнде небәрі 2-3 факт анықталған. Біз тәртіп сақшыларымен түнгі торуылға жұмадан сенбіге қараған түні, яғни шараның екінші күні шығып, түрлі қызықтың куәсі болдық. Ертесі күні демалыс болған соң жасөспірімдер де арқаны кеңге салып, түнгі өмірге тереңнен бойлауға ұмтылып тұрады. Мұны Ювеналды полиция қызметкерлері де жоққа шығармайды. Рейд кезінде Алматы ауданы бойынша компьютер клубтары, түнгі клубтар, ойын-сауық орындары, қала көшелерін тексеруге жұмылдырылған жедел топтар заң бұзушылықтарды анықтаған кезде лезде Ләззат Төкенқызына хабарлап, біз сол арада айтқан мекенжайға жетіп отырдық. Түнгі барлауға шыққанымызға бір сағаттай болғанда екінші факт анықталды.
Телефонның ар жағынан «Жұбанов-Тархан көшелерінің қиылысындағы компьютер клубы» дегенді естіп, бірден сонда беттедік. Полиция инспекторлары «PS4» компьютер клубында екі бірдей жеткіншекті ойыннан бас алмай отырған жерлерінен анықтаған. Жеткіншектер бет-жүздерін жасырып, түнгі жүрістері үшін ұялған кейіп танытты. Анықтай келе, Астанаға басқа қаладан оқуға келген Ануар мен Бақытбектің ата-анасы алыс шалғайдағы ауылдарда тұратыны белгілі болды. Заңды өкілдері болмағасын оларды сол арадан патрульдік көлікке отырғызып, Алматы аудандық ІІБ-ға алып кеттік. Көлікке мінгізіп алып кетіп бара жатқанымызда балалар бастарын салбыратып, осы жүгенсіздіктері үшін өкінгендей болып көрінді. Біразға дейін тынши алмай, көлікті тоқтатуымызды, соңымыздан ерген ағаларымен тілге келуімізді сұрап, біраз әуреге түсті. Көздері жәутеңдеген жеткіншектердің үрейлері қашып, енді үйлерін көрмейтіндей үрпиіп қалды. «Бізді алып кетіп бара жатыр», – деді телефонның арғы жағындағы адамға жылаңқы дауыспен.
Бауыржан мен Ануардың ағалары соңымыздан басқармаға қуып келіп, мән-жайға қанық болды. Заңды өкілдерсіз жүру себептерін түсіндіріп бақты. Айтуларынша, қаламыздағы ЖОО-ның бірінші курсында оқитын студенттердің заңды өкілі туған ағасы екен. Бірақ, оның қалада болмауына байланысты туысқан-бауырлары жауапкершілікті өз мойындарына алған. Алайда, заңды өкіл болмаған жағдайда жеткіншектер әкімшілік айыппұлмен жіберілмейді. Баланың ата-анасы немесе заңды өкілі келмейінше полиция қызметкерлері оны басқармада ұстайды. Түнгі уақытта бас-көзсіз жүрген балаларды әрі қарай Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырады. Сөйтіп, жасөспірімдер заңды өкілдері келгенше сол орталықта жатады. Жеткіншектердің бауырларының қолдарынан келер шара болмай, дәрменсіз күйге түсті. Заңды білместік олардың бастарына таяқ болып тиді. Олар үшін түнгі жүрістің түбі осылай аяқталады деп ойламаса керек.

Бақылаусыз жеткіншектер
Алматы аудандық Ішкі істер басқармасына келіп жеткенімізде бізді тағы бір қызық күтіп тұрды. Майлин көшесіндегі компьютер клубын тексеру кезінде кәмелетке толмаған екі бала анықталған. Сол арада үйден екі адым жердегі клубта ойнап жатқан балалардың ата-аналары жетіп келіп, балаларын қызғыштай қорғап шыққан. Балаларын үйге қалдырып, басқармаға өздері (екі ер адам) келген. Бауыр еті баласын жамандыққа кім қисын? Олардың екі сөздерінің бірі «мен баламның мұнда келгенін қаламаймын» болды.
Оқиға былай болған. Майлин көшесінде тұратын азамат басқа қаладан келген ағайынын қонаққа шақырады. Астана қаласы тұрғынының қолында туған інісі тұрып жатқан. Қонақтар келгенде ағайындылардың балаларының басы қосылған. 17 жастағы екі бала үйге сыймай зеріккесін, оларды ересектер компьютер клубына ойнауға жібереді. Өздері үйде қалып, арқа-жарқа болып жатқанда жасөспірімдер полиция қызметкерлерінің қолына түседі. Анықтай келе, екі баланың біреуінің заңды өкілі болмай шығады. Полиция қызметкерлерінің «бізбен басқармаға еріп жүріңіздер» дегендеріне балалардың әке-шешелерінің төбе шаштары тік тұрған. «Әй-шәй жоқ апарып жауып тастайды» деген ойларынан өздері шошып тұрғандарын аңғару қиын емес еді.
Ләззат Төкенқызы бір-бірін түсінбеген екі тараптың шиеленіскен оқиғасына өзі кірісті. Балаларды мұнда алып келуге түбегейлі бас тартқан ер азаматтарға хаттаманы үйлеріне барып толтыра алатындарын айтты. «Полицияға өз аяғыңызбен бармасаңыз, полиция үйіңізге өзі келеді» дегендей, түнгі бірде әлгі ер азаматтардың жол көрсетуімен солардың үйлеріне келдік. Балалардың және аналарының қатысуымен көпқабатты үйдің тоғызыншы қабатында Ювеналды полиция қызметкері хаттама толтырды. Ал ата-анасы жанында болмаған жеткіншектің ағасынан қолхат алынды. «Біз қазір Сізге баланы қолхатпен қалдырамыз. Ал сіз бір-екі күннің ішінде балаға ата-анасынан сенімхат аласыз. Сол сенімхат негізінде Сіздің атыңызға әкімшілік хаттама толтырылады», – деп түсіндірді Ләззат Төкенқызы.
Қазақ-түрік лицейін бітірген, бүгінде Назарбаев университетінде оқитын студент өзінің бұл ісін білместік деп түсіндірді. «Түнгі 10-нан кейін компьютер клубтарына баруға болмайтынын білген жоқпын. Мен сағат 11-ден кейін үйден аттап шығуға болмайды деп жүрдім. Бұл қылығым үшін Сіздерден кешірім сұраймын», – деді ол байсалды үнмен. Ал өз кезегінде полиция қызметкерлері түнгі сағат 10-нан кейін заңды өкілдерсіз дәмхана, компьютер клубтарында кәмелетке толмағандарға жүруге болмайды, ал 11-ден кейін үйден тыс жерде табылуға болмайтынын шегелеп айтты. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес рұқсат етілмеген уақытта жасөспірімнің компьютер клубында отырғаны анықталса, баланың әке-шешесіне 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал, түнделетіп көше кезіп жүргендердің ата-анасына ескерту жасалады.
P.S. Бір байқағанымыз, ата-аналар кәмелетке толмаған балаларының түнгі уақытта жүруін тәртіп бұзушылық санамайды. «Адам өлтіріп қойып па?» деп полиция инспекторларының өздеріне бас салады. Ал балаға бірдеңе болса, «полиция қайда қарап отыр» деп бар кінәні соларға артатындары да өтірік емес. Мұндай шара өзін-өзі қорғай алатындай жағдайға жете қоймаған жасөспірімдерді әртүрлі заң бұзушылықтан, арам ниетті адамдардың құрбаны болудан сақтайтынын естен шығармаған жөн.

Жадыра МЫРЗА-АХМЕТ

 

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*