Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Курсант тәрбиесінде куратор ролі ерекше

Курсант тәрбиесінде куратор ролі ерекше

Таяуда ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясында оқу топтарының жетекшілеріне арналған «Курсанттардың тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы оқу топтары кураторларының рөлі» тақырыбында оқу семинары ұйымдастырылды.
Семинарға Академия бастығының орынбасары, Кураторлар кеңесінің төрағасы, полиция полковнигі Ербол Қаппасов және оның орынбасары, полиция майоры Әсел Ақылбекова, барлық курстардың басшылары, оқу топтарының 40-тан астам кураторы қатысты.
Семинардың ашылуында Кураторлар кеңесінің төрағасы, полиция полковнигі Ербол Қаппасов кіріспе сөз сөйлеп, семинарға қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды. Ол жыл бойы кураторлық жұмыспен белсенді айналысқан кураторларға өз алғысын білдіріп, кейбір өз жұмыстарына сылбырлық танытқан кураторларға жұмыстарында шапшаңдық танытуға шақырды. Және де семинар барысында қарастырылатын кураторларға тән жаңа критерийлермен бағалауды таныстырып өтті. «Егер де осы ұсынған критерийлерді бекітетін болсақ, алдағы уақытта осы бағалау арқылы кураторлардың жұмысын есепке аламыз», – деді Ербол Қаппасов.
Төрағаның сөзінен кейін, кураторлық жұмыста мол тәжірибесі бар, Біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының бастығы, полиция полковнигі Гайда Жандарбекова семинарға қатысушы кураторлармен өзінің мол тәжірибесімен бөлісті.
«Бүгінгі ұйымдастырылып отырған семинар Сіздердей жас кураторларға тәжірибе жинақтау үшін өте қажет. Өйткені, көпшілікпен жұмыс жасау оңай емес. Мен сіздерге мынадай ұсыныс білдіргім келеді. Бүгінгі семинарда ұсынылып отырған критерийлер арқылы бағалаудағы баллды жинақтаудың бір ұтымды тәсілі – мен басқарып отырған институттағы жасанды полигонмен курсанттарды таныстырып, неге ақпарат жазбасқа? Сонан соң институтқа біліктілігін арттыруға келген тәжірибелі қызметкерлермен кездесу ұйымдастырсаңыздар, жұмыстарыңыз біршама алға жылжып, курсанттар да тәжірибе жинақтар еді. Кураторлық қызмет өте жауапкершілікті, еңбекқорлықты қажет етеді. Куратордың бойында ең бірінші ұйымдастырушылық қабілет жоғары болуы қажет. Сонда ғана еңбектеріңіз бағаланып, сый-құрметтеріңіз артады», – деді ол.
Гайда Байгурқызының ақыл-кеңесінен кейін, Академия кураторлары әртүрлі тақырып бойынша баяндама жасап, өз ойларын ортаға салып, тәжибелерімен бөлісті.
Семинар соңында Кураторлар кеңесінің төрағасы Ербол Төлегенұлы өзінің орынбасары, полиция майоры Әсел Ақылбекованың жұмысына оң бағасын беріп, алғысын білдіріп, жаңа орынбасарды сайлауға ұсыныс жасады. Жаңа лауазымға заң ғылымының магистрі, полиция аға лейтенанты Аманат Мұратты лайық деп бір ауыздан дауыс беріп сайлады.

Мейрам ОСПАНОВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Интернационал-жауынгерлерге құрмет

Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінде Ауған соғысының ардагерлері мен Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыстардың қатысушыларына …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған