Бизнеске кедергі болмауы тиіс

Жуырда Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында бизнесті мемлекеттік қолдау тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жұмыс кездесуіне Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мейрамбек Қайсанов, Астана қалалық ІІД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркетай Тұтқышев, Криминалдық полиция басқармасы бастығының м.а. Дмитрий Демидов, Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Елжан Чупеков және ҰКП өкілдері қатысты. Жиында елімізде бизнес жүргізу үшін жағдайларды жақсарту бойынша қолданылып жатқан іс-шаралар туралы, соның ішінде әкімшілік кедергілерді, бақылау-қадағалау қызметтерін азайту, азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды, соның ішінде кәсіпкерлік нысандарына қатысты жасалатын түрлерін ізін суытпай ашу мәселелері сөз болды.
«Жиын мақсаты – Елбасы Жолдауына сәйкес жаһандық бәсекеге қабілеттілік мақсатындағы қойған тапсырмаларын орындау. Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі» – халықаралық беделді рейтингтердің бірі болып табылады. Әлем мемлекеттерінің дамуын тәуелсіз бағалайтын бұл рейтингке ену үлкен бедел. Сондықтан Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі» индикаторларын жақсарту бойынша 2012-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында бүгінгі кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Әр елдің бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте кәсіпкерлік және бизнес саласында анықталатыны белгілі. Біздің мақсат – мемлекеттік ведомстволар тарапынан бизнеске ешқандай кедергі болмайтындығын түсіндіру», – дейді азаматтық қорғау полковнигі Мейрамбек Советұлы.
Төтенше жағдайлар комитеті тарапынан елімізде бизнеске қатысты 4 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Олар – аттестациялау, аккредитациялау, аудит және тіркеу-есепке алу. Оның екеуін орталықтандырылған түрде комитет деңгейінде, екеуі аумақтық деңгейде департаменттер көрсетеді. Бизнеске кедергі келтірмеу мақсатында бұл қызметтердің кейбірі Бас прокуратураның ұсынымымен ішінара тоқтатылған. Сонымен бірге, бұл қызметтер құзіреттіліктерді бөлу себептері бойынша ажыратылып, ішінара қысқартылуы мүмкін. Әзірге мұндай заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр.
«Бүгінгі дөңгелек үстелде айтылған мәселелердің барлығы тек қана ұсыныстық сипатқа ие болады. Мәселен, бүгін біз қоғамдық мониторингті күшейту, тәуекел дәрежесін бағалау, мемлекеттік қызметтерді электронды түрде автоматтандыру, бір-бірін қайталайтын қызметтерді қысқарту сынды жайттарды сөз еттік. Одан бөлек көші-қон, криминалистік әкімшілік полиция өкілдері де өз пікір-ұсыныстарын берді. Мұның барлығы палата деңгейінде өз көрінісін табады деп сенеміз», – дейді Мейрамбек Қайсанов.
Жиын соңы сұрақ-жауапқа ұласып, дөңгелек үстел қорытындысында әдістемелік ұсыныстар қабылданды.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*