Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Ізгі іс игілігін тапты

Ізгі іс игілігін тапты

Биылғы қаңтар айында қыс қаһарына мінді. Бет қарыған аязды күндер бір аптаға жуық Өскемен қаласының жұртшылығын әуреге салды. Бірінің қоғамдық көлікті күтіп, аялдамада дірдектеп тоңып жұмысқа қатынауы қиындаса, енді бірінің көлігі аязға сыр беріп ақауланып, көшеде қалып қойғаны қақаған суықтың жеңіл тимегенін айқындайды. Беті-қолдарын үсік шалып, қалалық ауруханалардың еміне жүгінгендер қаншама.
Гаухар есімді азаматша күнделікті уақытта үйінен шығып, кішкене қызын жетектеп аялдамаға бет алады. Жолшыбай баласын балалар бақшасына қалдырып, өзі жұмысына бармақшы. Далада аяз, шамамен -35-40 градусты көрсетіп тұр. Алтайдың таңғы ызғары бойды қарып барады. Қырсыққанда күнделікті жиі ағылып жататын автобус та көрінбейді. Сықырлаған аяздың салдарынан қоғамдық көліктердің жұмысқа шықпай қалғанынан Гаухар бейхабар еді. Бар ойы – қасындағы кішкентай Аружанды тоңдырып алмау. Осылай автобустан үмітін үзе бастаған сәтте олардың жанына полиция көлігі келіп тоқтай қалды. Қала көшелерін патрульдеп жүрген бұл экипаждың не себепті тоқтағанын аялдамадағы екеу түсінбей, бастапқыда абыржып қалды. Көліктен тәртіп сақшылары шығып, бұлардан қай жаққа бет алғандарын сұрастырды. Мән-жайға қаныққан полицейлер аязда көп тұрғанның қауіпті екенін ескертіп, баратын жерлеріне жеткізіп салатындарын айтқанда барып Гаухардың көңілі орнына түсті. Қоғам тыныштығымен қатар адам өміріне араша болып жүретін тәртіп сақшыларының қамқорлықтары арқасында Гаухар мен қызы Аружан аман-есен жылы орынға жетіп алды.
«Қыран-64» патрульдік экипажы әдеттегідей өз бағыттары бойынша қала көшелерін қадағалауға кірісті. Қаңтардың бет қаратпас сарышұнақ аязының қайтар түрі жоқ. Көшелерде адам аяғы сирек, көліктердің де қарасы бірен-саран. «Дем алысы үскірік аяз бен қар, кәрі құдаң қыс келіп әлек салды» деген Абай атамыздың өлең жолдары Өскеменнің дәл қазіргі ауа-райына арналған секілді. Жан-жағын жіті бақылап келе жатқан «қырандықтардың» назарына жол бойындағы дүкеннің қасында капоты ашық тұрған автокөлік ілінеді. Не де болса «кәрі құда» қыстың әлегі бұл көліктен де айналып өтпеген сыңайлы. Көмек көрсету мақсатында көліктің жанына келіп тоқтап, жүргізушісінен қуат беретін құрылғысының істен шыққанын біледі. Дереу іске кіріскен тәртіп сақшылары құрылғысын іске қосып, көлікті оталдырып берді.
Бұл жазылғандар тек бір-екі мысал ғана, ал бір апталық аязды күндері полиция қызметкерлері тарапынан қарапайым қала тұрғындарына қатысты қаншама игі іс атқарылды. Көмек қолын созған қоғам тыныштығының күзетшілеріне деген ризашылықтар мен алғыстар әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке жеткізіліп жатты.
Игі іс еленбей қалушы ма еді?! Ақпан айының 6-да Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев аязды күндері қайырымдылық танытқан қала тұрғындарын әкімдікке арнайы шақырып, салтанатты түрде алғыс хаттарын табыстады. Олардың арасында Өскемен қалалық Ішкі істер басқармасы Жол-патрульдік полициясы батальонының 6 бірдей экипаж құрамы, яғни 12 полиция қызметкері марапатқа ие болды. Атап айтсақ, полиция лейтенанттары Мейір Күдерин, Эльдар Ерланов, Ернар Есімханов, Арман Ахметжанов, Алмас Биекенов, Дидар Ғадылбеков, Дәурен Жанұзақов, Дәурен Жықбаев, Ерасыл Мендешов, Нұрлан Тұрабаев, Олжас Такиров халқы үшін аянбай қызмет етуге даяр жалындаған жас полиция қызметкерлері екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Өз сөзінде шаһар басшысы өскемендіктердің қауіпсіздіктері үшін барлық қолдан келер жағдай жасалатындығын айтып өтті. «Қазақ халқы ежелден қонақжай да қайырымды, қарапайым халық. Біз туған елдің төсінде ешкімді де жерде қалдырмаймыз, керісінше қамқор болуға тырысамыз. Өз басым өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ та осы үрдісті жалғастырады деген сенімдемін», – деген Қуат Тұмабаев жұртшылықтың полиция қызметіне де әрқашан мұқтаж екенін баса айтты.
– Мемлекетіміздің алдына қойылған басты міндеттерінің бірі – азаматтардың қалыпты тіршілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды төтенше жағдайлардан сақтау болып табылады. Конституцияның бірінші жолдарында адам, оның өмірі, құқығы мен тәуелсіздігі еліміздің ең басты байлығы делінген. Сол себепті біз де мемлекет қызметкері ретінде адам өмірін кез келген қауіптен сақтап қалуға міндеттіміз, – деді алғысқа бөленген жас лейтенанттардың атынан сөз алған Мейір Күдерин.
Адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі – қайырымдылықты әркім әрқалай көрсетеді. Бірі мінезімен, енді бірі игі ісімен, үшіншісі қомқорлығымен. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын көресің» деген ұлағатты сөзді құлаққа құйып өскен ұрпақпыз ғой. Қолынан келгенше көмегін жасап, қысылтаяң шақтарда шарапатын төгіп жүрген жандар аз емес. Сол жандардың бірі – полиция қызметкерлері. Ақиқатына жүгінсек, кейбір жандардың ұғымында полиция қызметкерлері, әсіресе, жол-патрульдік полицейлері тек айып салу мен жазаға тартуды ғана білетіндер деген жаңсақ пікір қалыптасқан десек, жалған айтпаған болар едік. Құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуда қаталдық танытатын құқық қорғау органдарының қызметкерлері қиын-қыстау уақытта қайырымдылық та көрсететінін қарапайым халықтың ұмытпағаны абзал.

Ербол ӘМІРХАСЕНОВ, Өскемен қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Кешегі тағылымдамашы – бүгінгі полицей

21 сәуірде ІІМ Оқу орталығының (Қостанай қаласы) саптық алаңында арнайы алғашқы оқыту курсын бітіруші тағылымдамашыларға …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған