Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Дронмен бақылаудың мүмкіндігі мол

Дронмен бақылаудың мүмкіндігі мол

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында Сырдария өзенінің су тасу қарсаңындағы жай-күйін қадағалап отыру үшін дрон аппараты қолданылуда. Мұндай жаңашылдық аудан әкімі С. Мақашовтың тапсырмасына сәйкес қолға алынған.
Өзеннің ауданға қарасты 238 шақырымында мұз қату процесіне қадағалау жасау үшін 19 қаңтардан бері жүргізіліп келе жатқан мұндай мониторингтің көктемгі су тасу кезеңінде тиімділігі өте зор. Сол үшін де арнайы құрылған топ өзен бойының күніне 8-10 шақырымына жерден басқарылатын дрон арқылы бақылау жүргізіп отыр. Топ құрамына Қармақшы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Е. Назарқұлов, Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Ғ. Нагиев, Қармақшы аудан әкімі аппаратының терроризм профилактикасына жұмылдыру дайындығы, азаматтық және аумақтық қорғаныс жұмыстары бөлімінің басшысы Р. Ефенов, «Қармақшысушар» ӨУ басшысы Е. Бодыбаев, Жаңажол ауылдық округі әкімдігінің маманы Ә. Өтегенов кіреді. Мониторинг жүргізу тобы учаскелерді тек әуедан ғана бақылап қоймай, мұздың қалыңдығын, табиғи бөгендер мен дамбалардың жай-күйін, қауіпті телімдердің эвакуацияға дайындығын тексеру сынды шараларды да қатар атқарып келеді.
«Біздің аудан бойынша су шайып кету қаупі жоғары бес учаске бар. Олар – Дүр Оңғар, Иіркөл, Қармақшы ауылдары, Қызыл там стансасы, Жосалы кентінің оң жағалауы. Жыл сайынғы жұмыстарымыз болған соң, бұл жерлерді жақсы білеміз. Мониторинг басталмас бұрын Жаңажол ауылының маңайында су кішкене көтеріліп, қайтадан түскен болатын. Ал қазір жағдай тұрақты. Біздің ауданға қарасты 238 шақырымның 231-інде мұз тұтас ұстасып қатып тұр. Тек Жаңажол ауылының жанындағы Қарасиыр деген учаскеден көрші Жалағаш ауданының шекарасына дейінгі 7 шақырым жер ашық жатыр. Бұл тұс еңіс жер болғандықтан су ағысы тез, көбіне мұз қата қоймайтын жер. Көрші ауданға да солай жалғасып кетеді», – дейді Қармақшы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Еркін Есетұлы.
Оның айтуынша, өзен сағасына қорғаныс бөгеттерін салу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Әкімдіктен келген мәлімет бойынша, бүгінгі таңда 67,2 шақырым жерге топырақ үйіліп, қосымша арналардың ернеуі биіктетіліп, табандары тереңдетілген. Су ағысы әзірге баяу. Секундына 320 текше метрді құрайды. Оны Қараөзен арнасы-Әйтеке-Қызылорда су тораптарындағы судың жылдамдығы бойынша анықтап отыр екен. Сондықтан да күн күрт жылынып кетпесе, ақпан айының соңына дейін мұз бұзыла қоймауы мүмкін. Осыған дейінгі жауған қар көлемі де орташа – 3-4 см.
«Мониторинг мақсатында дронды пайдалану – әкімдіктің былтырғы жылдан бері қолға алған бастамасы. Оның тиімділігіне көзіміз әбден жетті. Сондықтан біздің қызметте де қажет-ақ дүние. Әсіресе, далалық жағдайдағы іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде. Қазір мұз қатып тұрған соң жағдай тұрақты ғой. Әуеден жасаған барлау жұмыстарының бейнежазбасы сақталып тұрады. Ертең су тасыған кезде бұл құрылғының қажеттігі арта түседі. Сол кезде қажет кезінде жазбаны қарай отырып, шешім қабылдайтын боламыз», – дейді Еркін Назарқұлов.
Күніне он шақырымға дейін аумақты шолып шығатын арнайы топ негізгі назарды қауіпті деген 5 учаскеге салып отыр. Күн күрт жылитын болса, мұз жару жұмыстарына да сақадай сай. Бірақ, негізгі мақсат – тек аудан көлемінде ғана емес, жалпы ағыстың төменгі бөлігіндегі аудандарға да зардап келмегені.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Шекара күзеткен сарбаз

Ақтөбелік тәртіп сақшысы Серік Қолғанатов тәжік-ауған шекарасына қазақстандық бітімгерлік батальонының кіргеніне 25 жыл толуына орай …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған