Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жолдау жолдарынан / Жас сақшыларды тәрбиелеу – ардагерлеріміздің адамгершілік парызы

Жас сақшыларды тәрбиелеу – ардагерлеріміздің адамгершілік парызы

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақстандықтарды тарихқа үңіліп, ұлттық сананы көтеріп, еліміздің өркениетті мемлекеттер қатарында болуына атсалысуға шақырған. Ішкі істер органдарында жас сақшыларды жұмыстың қыр-сырын меңгеруге ақыл-кеңесін беретін ардагерлеріміздің алар орны айрықша. Осыған орай Мойынқұм аудандық ІІБ Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция майоры Темірхан Есбергеновке жолығып, сұхбаттасқан едік.

Темірхан Жайлауұлы, әр жылдары полиция қатарында уақытпен санаспай қызмет атқарған біраз әріптестеріңіз бүгінгі күні зейнет демалысына шыққаны белгілі. Олар бүгінде Ардагерлер кеңесі қатарында. Бүгінде ауданда қанша сақшы ардагеріміз бар?
– Жалпы Жамбыл облысы бойынша зейнетке шыққан полиция қызметкерлері 3360 адам. Біздің Мойынқұм ауданында 62 зейнеткер бар.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген даналық сөзі бар. Қайтыс болған әріптестеріңізді жиі еске алып тұрасыздар ма?
– Жамбыл облыстық ІІД Ардагерлер кеңесінің төрағасы, полиция полковнигі Өрнекбай Смайлов, оның орынбасары, полиция полковнигі Сейдахан Мұстафин көпті көрген, іс-тәжірибесі мол азаматтар. Қайтыс болған қызметкерлердің үйіне өздері бастап барып, туған-туыстарына көңіл айтып, материалдық көмектерін беріп тұрады.
2017 жылы Жамбыл облыстық ІІД Ардагерлер кеңесінің шешімімен әр жылдың 12 қарашасы «Ішкі істер органында қызмет атқарған уақытында жарақат алған және қайтыс болған азаматтарды еске алу күні» болып белгіленді.
2015 жылы Мойынқұм аудандық Ішкі істер бөлімінің құрылғанына 50 жыл толуына байланысты қылмыскерлердің қолынан ерлікпен қаза тапқан Бекберген Амантаевқа арнап аудандық ІІБ кеңсесінің алдына ескерткіш тақта орнатылды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері О. Ағыбаев, М. Нұрғожаев, марқұм әріптестеріміз Б. Күзембаев, С. Уманов, М. Жогиев, Ғ. Имақов, Саденов, Б. Іңкәрбеков, т.б. отбасымен дастарқан басында бас қосып, қасиетті Рамазан айында Құран оқытып, рұхтарына бағыштадық. Әріптестерімізді еске алып отыру – азаматтық парызымыз.
Өткен жылы атқарған жұмыстарыңызға тоқталсаңыз? Соның ішінде, жас мамандарды тәрбиелеуге қандай үлес қосып келесіздер?
– Қазақстан полициясының 25 жыл толуына байланысты Ардагерлер кеңесінің 10 отырысы өтіп, әртүрлі мәселе талқыланды. 13 ардагеріміз арнайы медальмен, 12-сі Құрмет грамотасымен марапатталса, 75 жасқа толған Аманов Мадиярдың үйіне арнайы барып, иығына шапан жауып, 50 мың теңге көлемінде сый-сияпат жасалды.
ІІМ-нің 2009 жылғы 11 шілдедегі бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының ішкі істер органындағы тәлімгерлік туралы» ережесіне, сондай-ақ, Жамбыл облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Т.С. Маткеновтің арнайы нұсқауы бойынша әр қала, ауданда тәлімгерлік кеңестері құрылған.
Мойынқұм аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі М. Жаманқұлов, оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Д. Садуов бізбен тығыз байланыста жұмыс атқарып келеді. Жаңадан қатарға қосылған полиция қызметкерлерінің ант қабылдау рәсімі үнемі біздің қатысуымызбен өтіп келеді.
Ардагерлеріміз Б. Бекболтаев, Ш. Бегалиев, Ж. Шубаев, Т. Қуанышбаев, Е. Кемалов, Т. Рахимов, А. Көшербаев, А. Райымбеков, Б. Көшенов, М. Мұқашев, Р. Мұқаева, т.б. алтын уақыттарын бөліп кейінгі буын әріптестеріне іс-тәжірибесін, жұмыстың қыр-сырын үйретіп, ақыл-кеңестерін айтудан жалыққан емес. Бұл ардагерлерімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жас буын полицейлерді тәрбиелеу – ардагерлеріміздің адамгершілік парызы.
Әңгімеміздің аяғында бүгінде қоғамда кеңінен талқыланып жатқан Елбасымыздың биылғы Жолдауына қатысты ойыңызды білсек.
– Бұл Жолдаудың ел ертеңі үшін бағасы жоғары. Мен Елбасымыздың барлық бастамасын қолдаймын. Өйткені, ол кісі тәуелсіздік алған жылдардан бері қандай істі бастаса да, елімізді тек жеңістерге бастап келеді.
Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қияқбай ТӨРТБАЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Жаңа дәуірге қадам

Таяуда Президент Н. Назарбаевтің Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған