Жарқын болашаққа сенімді бағыт

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауы еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық тыныс-тіршілігіндегі күрделі және өзекті мәселелерді көтеруімен аса құнды. Онда Қазақстанның жаңа кезеңдегі дамуының 10 басым бағыты айқын көрсетілген.
Алдымен, индустрияландыру – жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс, бұл елімізге ауадай өте қажет. Иә, уақыт қандай ұшқыр десеңші! Күні кеше компьютерге, ұялы телефонға елең етіп, таңданып едік, енді заманауи құрал-жабдықтардың нағыз «көкесімен» танысып, білудеміз. Қоғамды, өндірісті, тұрмысымызды жаңартудағы жаһандық тренд – цифрландыруды да игермекпіз. Әлемдік дамудан тысқары қалмай, 2050 жылға қарай бәсекеге қабілетті ең мықты 30 елдің қатарына қосылу бағытын Елбасымыз өте сенімді түрде межелеп беріп отыр.
Тағы бір ерекше тоқталар тұс – Жолдау Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесінің толайым табыстарын да қаперге салып отыр. Баламалы, «таза» энергия саласындағы дамудың қаншалықты қарқынды екенін сезіне келе еліміздегі баламалы энергия үлесін барынша арттыру міндетін қозғады.
Демек, еліміз серпіліп, түлей түседі. Агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық сатыға көтеру, ада¬ми капиталдың жаңа сапасы, келешегіміздің бесігі – мектеп мұғалімінің беделін көтеру, біліктілігіне сай оның жалақысын арттыру, бәрі-бәрі де жаңа Жолдауда тайға таңба басқандай өрнектелген. Кең байтақ ортақ шаңырағымызда игі істер арнасы кеңи береді, жұртымыздың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтеріледі, міне, жарқын тағдырымыздың жарық жолы бұл.
Біз, ұландықтар, әрқашан да Елбасымен біргеміз. Ел үшін экономикалық және саяси әлеуметтік дамумен бірге рухани дамудың да маңызды екенін жақсы білеміз. Ең бастысы – «Қазақстан-2050» стратегиясы нұрлы болашақтың бағдаршамын айқындап бергені ақиқат. Мәңгілік ел болу – өз қолымызда. Тек бірлік, ынтымақ, Отанға деген патриотизм бізді биік шыңдарға жеткізеді. Елбасының халыққа арнаған Жолдауынан мақсатымыз анық, болашағымыз нұрлы, әл-ауқатымыз жақсы болатына сенімім кәміл.

Әлібек СЕРӘЛИЕВ,
Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік
қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*