Әке жолын жалғастырған

«Ішкі істер органдарында бір отбасынан екі, үш және одан көп мүшесі қызмет ететін полицейлер отбасыларында патриотизм, ар, қызметтік борыш секілді түсініктер шынайы көрініс табады. Ұрпақ сабақтастығы жалғасқан әулеттерде антқа берік болу, мамандыққа адалдық бала кезден орнығады. Мұнда әкеден балаға жоғары адамгершілік құндылықтар беріледі», – дейді Есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мұрат Юлдазбаев.
Мұндай отбасыларда өскелең ұрпақ жас кезден-ақ болашағын әке жолымен, әке мамандығымен байланыстырады және Юлдазбаевтар династиясы – сөзіміздің айғағы.
Полиция қызметкері, Ақтөбе стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мұрат Юлдазбаев 1981 жылы дүниеге келген. Оның әкесі Батырғалей Кәрімұлы ішкі істер органдарына өмірінің 30-дан астам жылын арнаған. Ол 2003 жылы Көліктегі Батыс ІІД Кадр бөлімінің бастығы лауазымынан құрметті демалысқа шыққан болатын. Зейнеткерлікке шыққан соң да жас қызметкерге тәлімгер бола білді және кадр жұмысы қызметіне әдістемелік, практикалық көмек жасаған ардагер.
Полиция подполковнигі Мұрат Юлдазбаев ішкі істер органдарында 1998 жылдың қыркүйек айынан бастап қызмет атқаруда. Ақтөбе заң колледжін аяқтаған соң, алғашқы қадамын сол кездегі Көліктегі Батыс ІІБ-да Жедел-криминалистикалық бөлімде криминалист болып бастаған. 2001 жылы жас қызметкер Атырау стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасының Есірткі бизнесіне қарсы күрес бөліміне жедел уәкіл қызметіне тағайындалды. Ал 2002 жылы наурыз айында ол Ақтөбе стансасындағы Ішкі істер желілік бөліміне ауыстырылды. Нәтижелі жұмыстары үшін небәрі 23 жасында, яғни 2004 жылдың тамыз айында аталған бөлімнің Есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлінісінің басшысы лауазымына тағайындалды.
2005 жылдың қазан айында жас та болса өте білікті Мұрат Юлдазбаевтың жедел жобалауы бойынша резонансты қылмыстық топтың жолы кесілді. Атап айтқанда, ұзақ уақыт бойы Ақтөбе қаласында есірткі өнімдерін сатумен айналысқан сыған ұлтының В. есімді сол кездегі ең ірі «есірткі сатушының ісі» тоқтатылып, жабылады. Жедел-іздестіру шараларын өткізу барысында мөлшерленіп қапталған 300 грамм героин тәркіленеді, нәтижесінде қылмыскер 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сол кездегі басшы, қазіргі генерал Қайрат Тыныбековтің басшылық етуімен 2007 жылы қылмыстық топтың жолын кесу мақсатында жедел жобалау әзірленеді, нәтижесінде аталмыш қылмыстық топтан 3 кг жуық героин есірткі заты тәркіленіп алынады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2007 жылы полиция подполковнигі М. Юлдазбаев Көліктегі Батыс ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының жобалау бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалды.
Қазіргі таңда Мұрат өз қызметінде кәсіби шыныққан білікті маман, Юлдазбаевтар полицейлер династиясының жалғастырушы ұрпағы. Оның тікелей қатысуымен Ақтөбе облысы арқылы өтетін барлық бағыттағы жолаушылар пойыздарында ірі және аса ірі салмақта есірткі өнімдерінің тасымалдау арналары анықталып келеді. Өткен жылдың 5 айы ішінде 3 кг 665,11 грамм әртүрлі есірткі заты тәркіленсе, оның 3 кг 416,14 грамы «гашиш» және 248,97 грамы «марихуана» екені анықталғаны белгілі.
Саналы өмірінің бір бөлігін қызметке арнаған жан үшін балаларының әке жолын қуғаны да зор бақыт.

Ақтөбе стансасындағы ІІЖБ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*