Қазақ халқына құрметі зор Юсуп

SAMSUNG CAMERA PICTURES

Бешлиоғлы Юсуп ағаны мен ең алғаш рет осыдан он жыл бұрын таудағы өрт оқиғасы кезінде көрдім. Әскери тәртіпті қатаң ұстанатын, әр ісіне ерекше жауапкершілікпен қарайтын, орта бойлы, келісті кісі болатын. Рациямен өрт сөндірушілерге тапсырма беруі де нақты әрі бөлімшені басқару қабілеті де өте сауатты еді. Сонда мен «өрттің дәл ортасында жүріп, басшылық ететін мұндай өз ісінің мамандарынан үйренеріміз көп екен ғой» деп ішімнен ой түйгенім бар.
Қарауылдағы жігіттер «Юсуп тексеріп келе жатыр» дегенді естігенде өре түрегелетін. Себебі, ол кісінің талап үдесінен шығу – тек екінің бірінің ғана қолынан келетін. Жүрген жерінде өрттегі шешуші бағыттан бастап Өрт сөндіру жарғысының қажетті пункттері бойынша тиісті сұрақтарға дейін қойып, керек десеңіз өрт сөндіру әрекеттерін тәжірибелік тұрғыдан жасатып, соңынан өзі бағалап, қарапайым тілмен мысалдар келтіре отырып, бүге-шігесіне дейін түсіндіруден еш жалықпайтын.
Жамбыл облысында Юсуп қатыспаған өрт кемде-кем шығар. Өйткені, табиғи және техногенді сипаттағы, тұрғын үйлердегі өрт оқиғалары мен түрлі деңгейдегі апаттық-құтқару жұмыстарының басы-қасынан осы бір азамат қылаң беретін. Міне, еліміздің болашағы үшін бойдағы барлық күшін сарп етіп, жемісті еңбек еткен Юсуптай ағамыз жайлы, азын-аулақ мақала жазбақ ниетімді білдіріп қоңырау шалғанымда ол еш қарсылық танытпастан келісімін беріп, ертеңінде-ақ Өрт сөндіру мекемесінде жолығыстық. Қақпадан кірген сәтте жан-жағына көз салған ол бұрын өзі қызмет еткен жылдары өртке шығып келген соң есік алдындағы гидранттан өрт сөндіру көліктеріне қалай су толтыратындарын еске алып, ал қазір ол жер керемет гүлзарға айналғанына таңданысын жасырмады. Ал өрт сөндіру саласын ұзақ жыл басқарып, бірнеше өрт сөндіру бөлімінің ашылуына тікелей ұйытқы болған Исабай Ахметбековтің ескерткіш тақтасына келгенінде ерекше тебіреніспен гүл шоқтарын қойып, бас иіп, тағзым етті. Өзімен бірге ере келген, әке жолын қуып өрт сөндіруші атанған ұлы Анзорға да ол Исабай Ахметбеков жайлы қысқаша әңгімелеп беруді естен шығармады.
Юсуптің әкесі Сапар Бешлиоғлы Грузия елінен, ал анасы Лиза Хаджиева Кавказдан қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстанның Шардара ауданы, Абай ауылына келгенінде бір-бірімен танысып, осылайша түрік азаматы мен балқар аруының некесі Қазақстанда қиылған. «Ол бір нәубет жылдар болса керек, баспана түгілі бас қайғы, бір үзім нанға зар болған сонау 1946 жылдардың қиын-қыстау кезеңінде өзі ашқұрсақ болып жүрсе де, аузындағысын өзгеге жырып бере білетін қасиетті қазақ еліне өле-өлгенше алғысын жаудырып кетіп еді марқұм әкем», – деп Юсуп бұл күнде асқар таудай әкесін сағынышпен еске алады. «Зобалаң уақытта қазақ азаматтары менің әке-шешемді бөгде деп бөтенсітпей, қайта іш тартып демеу бергенінің арқасында, міне, осындай дәрежеге жетіп отырмын. Айналайын, қазақ еліне мың да бір алғыс! Міне, мен сондықтан да «сыйға – сый, сыраға – бал» демекші, Қазақстан үшін абыройлы еңбек етуге тырыстым және қал-қадерімше еңбек ете де бермекпін» деп ағынан жарылады ол бүгінде. Түрлі ұлттар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда мамыражай, бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан Қазақстандай бейбітсүйгіш ел Юсуптің де сүйікті Отанына айналған.
Ол 1965 жылдың 28 шілдесінде Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысындағы Абай ауданында дүниеге келген. Сонда жүріп жоғарғы сыныптарда отбасымен Жамбыл облысына қоныс аударып, одан әрі облыс орталығы Жамбыл қаласындағы №33 училищені тәмамдайды. Ал 1984-86 жж. Ресейдегі Владимирская облысына қарасты Ковров қаласында әуе күштеріне қарсы қорғаныс әскерінің қатарында Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден оралған жас жігіт алғашқы еңбек жолын Жамбыл қаласындағы жылу гидро-электр бекетінде слесарь болып бастап, 1986 жылы әкесінің нұсқауымен осы қаладағы №61 Мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасады. Талапты жігіт бір жылдан кейін-ақ бөлімше командирі атанып, одан әрі осы саладағы білімін жетілдіре түсу ниетімен 1988 жылы Алматы қаласындағы Өрт-техникалық училищесіне оқуға түседі. Алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын, бойында тау халықтарына тән қызу қаны бар, өр мінезді қайсар жігіт дегеніне жетіп, 1993 жылы өзінің алғашқы офицерлік лейтенант атағын иеленіп, қарауыл бастығы лауазымына орналасады. Мұнан әрі қызмет бабында өзінің ерекше ынта-жігерімен көзге түскен Юсуп Кезекшілік өрт сөндіру қызметіне өрт сөндіру жетекшісінің орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, аталған лауазымда тапжылмай 11 жыл жемісті еңбек етіп, зейнетке шығады. Ол біздің өтінішіміз бойынша өзінің қызмет атқару барысында түрлі сипаттағы өрт оқиғаларымен бетпе-бет ұшырасқан отты жалдар оқиғаларынан сыр шертуге қарсы болмай, бір-екеуін баяндап та берді.
«Қайсыбірін айтайын» деп әңгімесін ұяң бастаған Юсуп ағамыз ең алғаш рет жұмысқа қабылдану үшін комиссия мүшесінің төрағасы болып отырған Исабай Ахметбекұлының алдынан әңгімелесуден өткенін еске алды. «Ол кісі сырттай сұсты болып көрінгенімен, тілдесе келе жан-дүниесі өте нәзік, адам жанын түсіне алатын ерекше қасиеті бар, қажет кезінде адуынды адамға да айнала алатын, кісіге сөзін өткізе алатын, жан-жақты азамат еді. Ол кісіден менің үйренгенім өте көп», – деп ол әңгімесін жалғай түсті. Еліміздің Тәуелсіздік алғанына да көп жыл өтпей-ақ, 1993 жылдар шамасында Жамбыл қаласы, Западная көшесіндегі бір үйдің ауласында тұрған газ тасымалдайтын автокөліктің газ баллоны жарылып, одан әрі ауладағы газ толтырылған 60 тонналық бөшкелер жарылысына ұласып, 5-6 үйді жалын жалмайды. Кісі шығыны да болса керек. Дегенмен, Юсуп бастаған өрт сөндіру жасағы оқиға орнына келген мезеттен іске кірісіп, өрттің өзге аймаққа таралуының алдын алады. Міне, осындай қауіп-қатерге толы өрт оқиғаларын басынан өткізген Юсуп әуежайдағы, мұнай базасындағы өрттерді де еске алды.
Соның барлығында өзімен бірге тізе қосып, ұрысқа бірге кіруден тайсалмайтын «сен тұр, мен атайын» дейтіндей мықты жігіттердің иық тірестіре қатар жүргендігін тілге тиек етті. 1995 жылы Тараз қаласының 1 шағын ауданы, 21 үйден өрт шығып, пәтерлер қалың көк түтінге оранғанда Юсуп бастаған өрт сөндірушілер әлгі оқиға орнынан 15 адамды құтқарып, қауіпсіз орынға шығарады. Өрт сәтті сөндіріледі. Ол өзінің айтуы бойынша, өрт сөндіру саласына алғаш қадам басқанда қызметтің қыр-сырын үйретіп, қанатының астына алған, тіпті өрт кезінде тосыннан құлаған құрылыс нысанының астынан арашалап қалған Қуаныш Шеңгелбаев, Шекербек Оразбаевты ешуақытта ұмытпақ емес. Сондай-ақ, Юсуп олардан өзге де тілсіз жаумен тізе қосып, айқаста қатар жүрген жандарды сағына еске алады. Олардың қатарында бөлімше командирлері Әбен Серікбаев, Юрий Ерфурд, Қанжар Тоқтоғұлов бар.
Юсуп бүгінде төтенше жағдайлар саласының құрметті ардагері атанған Жуаныш Күзембаев пен марқұм Вячеслав Дунидинді өзінің қызметтегі тәлімгері ретінде санайды. Ал Юсуптың өзінен тәрбие көрген шәкірттері бүгінде ел ағасы атанып, халықтың алғысын арқалап келеді. Олар Бекмұрат Сұрабалдиев, Берік Дүйсембеков және тағы басқалары.
Жалпы бұл салада 25 жылдан астам қызмет атқарған Юсуп Бешлиоғлының қанша өртке шығып, неше жанның өмірін арашалағанын өзге түгілі өзі де санап бере алмас, сірә. Тек бір ғана нәрсе айқын: ол осынау бір азаматтың артында салиқалы ұрпақ қалдырып, өзі туып-өскен еліне адал қызмет ету секілді асқақ арман болатын. Ал Юсуп сол арманына жетті десек, қателесе қоймасымыз анық. Ол 25 жылдан астам өрт сөндіру саласында жемісті еңбек атқарып, зейнетке шықса да, қол қусырып отыруды жөн санамай, бүгінде «Fire Sofety» ЖШС-де Қазмұнайгаз өнімдері мұнай базасын өрттен қорғау жөніндегі ұйымда басшылық қызмет атқарып келеді. Сондай-ақ, Юсуп ауылының белсенді де беделді ақсақалдарының қатарында. Салихат, Жұмагүл есімді екі қызын тұрмысқа берген ол Рукиядай сүкімді қызының қылығына тоймай күн кешуде. Ал жалғыз ұлы Анзор жоғарыда айтып өткеніміздей әкесінің жолымен қадам басып, өрт сөндіруші атанып, халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Ол да бүгінде отбасын құрып, өмірден өз жолын тапқан жандардың қатарында.
Жалпы төтенше жағдайлар саласында өзінің ізін қалдырып, өрт сөндірушілер әулетін жалғастыруға үлес қосып, өз ісінің майталманына айналған Юсуп секілді қырандай алғыр жігіттер қазаққа қашан да артықтық етпейді. Ендеше Юсупқа біз де өз тарапымыздан егемен еліміздің гүлденуі жолында аянбай төккен маңдай теріңіздің жемісін көріп, әдемі қартайыңыз дегіміз келеді.

Нұрболат ӨМІРЗАҚОВ, Жамбыл облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*