Заманауи талапқа сай

Жамбыл аудандық Ішкі істер бөлімінде өткен Ішкі істер департаменті жанындағы Консультативтік-кеңесші орган мүшелерінің көшпелі отырысы барысында көші-қон қызметі мен тіркеу-емтихан алу бөлімдерінің жаңартылған қызметтік бөлмелері көрсетілді.
Дәл осы екі қызмет көмегіне аудан тұрғындары ең көп жүгінетін көрінеді. Мұнда 20 мыңға тарта тұрғынға мемлекеттік қызмет түрлерін көрсету үшін электронды тақта, ашық кабырғалар орнатылған. Мұның барлығы мемлекеттік қызмет көрсететін тәртіп сақшыларының немен айналысып жатқандығын анық көруге мүмкіндік береді. Аудан тұрғындары атынан милиция ардагері Дүкенбай Өсіпов осындай оң өзгерістер үшін Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләловке алғысын білдірді. «Енді мүгедектер пандусты пайдаланып, ал көру мүмкіндігі нашар адамдар арнайы жүру жолымен еш кедергісіз өте алады. Бәріне ыңғайлы етіп ойластырып жасалған», – деді ол.
Полиция ведомствосының бас полицейі облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қорытынды кездесуде алға қойған тапсырмаларының бірі – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру екендігін Консультативтік-кеңесші орган мүшелеріне жеткізді. Консультативтік-кеңесші орган мүшелерінің көшпелі отырысы Жамбыл ауданында өтуі бекер емес: бұл жерде аудан әкімі Иван Турковтың қолдауымен полиция ғимараты соңғы заманауи талаптарға сәйкес өзгертілген. «Енді мемлекеттік қызмет көрсетулерді заманауи талаптарға сәйкес қолжетімді және кедергісіз көрсету мақсатында полиция қызметкерлерінің барлық ғимараттарында жоспарлы түрде жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз», – деген облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов өзінің жоспарларымен бөлісті.
Ағымдағы жылы Консультативтік-кеңесші орган мүшелерінің алғашқы отырысы аудандық әкімдік ғимаратында барлық аумақтық ішкі істер органдарының бейнеселекторлық режимде өтті.
Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің индикаторын жақсарту мақсатында кәсіпкерлікті дамыту үшін қауіпсіз орта құру қажеттігі туралы Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Арыстан Сұлтанғазиев баяндады. Ішкі істер департаментінің мүдделі бөлімшелерінің басшыларына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағаларымен, бизнес-қоғамының өкілдерімен бірлесіп, өз кәсібін дөңгелеткен азаматтар арасында жұмыс кездесуін ұйымдастырып өткізуге ұсыныс жасалды.
Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұқатов пен Жамбыл аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Арман Құтұшев сотқа дейінгі тергеу барысында заңды және жеке тұлғалардың конституциялық құқықтарының бұзылмауы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс жайында баяндады. Сондай-ақ, олардың әрқайсысы азаматтарды қабылдауды қалай өткізетіндігі, келіп түсетін өтініштер мен шағымдардың қалай қаралатындығы жайлы хабардар етті. Қалалық бөліністе екі ашық тергеу кабинеті және кезекші прокурор бөлмесі аудио және бейнежазба жүргізу құрылғыларымен жабдықталған.
Ішкі істер департаменті жанындағы Консультативтік-кеңесші орган төрағасы Жасұлан Ахметов азаматтардың конституциялық құқықтарын сотқа дейінгі тергеу барысында ғана емес, ішкі істер органдарына кез келген жүгіну барысында сақтауды барлық деңгейдегі басшыларға тапсыруды ұсынды.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*