Полиция қызметкері болу – үлкен мәртебе

Жуырда М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясында Ақтау қалалық Ішкі істер басқармасы биылғы жылы алдында кәсіп таңдау сияқты үлкен жауапты кезең күтіп тұрған жас өрендерге арнап қызықты да танымды үлкен іс-шара ұйымдастырды.
«Ашық есік күні» шарасын ұйымдастырудағы мақсат – Ішкі істер министрлігінің арнайы жоғары оқу орындарына 2018/2019 оқу жылдарына жас түлектердің қатарынан үмітерлер іріктеу, жастарға кәсіби бағыт-бағдар беру және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу болып табылады.
Облыстық филармонияның концерт залы Ақтау қаласының орта мектептерінің 10-11-сынып оқушылары мен колледж студенттеріне лық толды. Жасөспірімдер ІІО қызметкерлерін дайындайтын еліміздегі ведомстволық ЖОО-ның тыныс-тіршілігі, Ақтау қалалық ІІБ-да тәжірибеден өтіп жатқан ЖОО курсанттарының өз оқу ордалары туралы дайындаған бейнероликтерін қызыға тамашалады. Сонымен қатар, курсанттардың өз қызметтері туралы әсерлі әңгімесін зор қызығушылықпен тыңдады.
«Бүгінгі таңда мен Ақтау қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметінде учаскелік полиция инспекторының көмекшісі ретінде тәжірибеден өтудемін. Полиция қызметкері мамандығын таңдаған себебім – Отанымның, халқымның алдындағы өз борышымды өтеп, міндетімді адал атқарғым келеді. Жас түлектерді біздің қатарымызға шақырамын. Келіңіздер, бәріміз бір сапта тұрайық!», – деді ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының ІІ курс курсанты Ақылбек Ақмұрзаев. Ал Ақтау қаласының тұрғыны, болашақ тергеуші Алтынай Аманқұлқызы: «Мен №8 орта мектепті тәмамдаған соң, Қарағанды қаласындағы еліміздегі тергеуші мамандығына оқытатын жалғыз оқу орнының курсанты атану үшін өзімді алдын ала дайындадым. Осы кәсіпті таңдаған себебім әкем 15 жыл бойы тәртіп сақшысы болып, қоғамда заңдылықтың сақталуына өз үлесін қосты, өз перзенттеріне үлгі болды, маған әкем үлкен күш-жігер берді, менің таңдауымды қолдады. Мен осы мамандықты таңдағаныма ешбір өкінген емеспін», – деп, барлық жас түлектерді елімізде заңдылықтың сақталуына қызмет ететін тәртіп сақшысы болуға шақырды.
Қазіргі таңда Ақтау қалалық Ішкі істер басқармасында 75 жас қызметкер әр салада қызмет атқаруда. 2018 жылдың басынан жоғары оқу орындарының 9 курсанты диплом алдындағы тәжірибеден өтуде. Оларға еңбек тәжірибесі мол тәлімгерлер бекітілген.
«Ақтау қаласындағы орта мектеп, колледж, ЖОО-ның барлық түлектерін 2018 оқу жылында Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындарына шақырамыз. Бүгінгі таңда ІІМ-нің Алматы Академиясы (Алматы қаласы), Қарағанды Академиясы (Қарағанды қаласы), Қостанай Академиясы (Қостанай қаласы), Ақтөбе заң институты (Ақтөбе қаласы) тәртіп сақшыларын дайындайды. Оқу мерзімі – 4 жыл. Сонымен қатар, Ақтөбе заң институтында екі жылдық қысқартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқу қарастырылған. Оған 25 жасқа дейінгі жоғары білімі бар («Заңтану» мамандығынан басқа) азаматтар қабылданады. ІІМ оқу орындарының тыңдаушылары оқу кезінде казармалық жағдайда тұрады, республикалық бюджет есебінен тамақтанады және киінеді, шәкіртақы алады. Мұның барлығы ІІМ есебінен, яғни, тегін жүзеге асырылады», – деді Ақтау қалалық ІІБ Кадр жұмысы бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Талғат Бакибаев.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*