Басқы бет / «Сақшы» газеті / Жолдау жолдарынан / Жаңғыруға шақырған Жолдау

Жаңғыруға шақырған Жолдау

10 қаңтарда Президенті Н. Назарбаев нақты міндеттер мен айқын мақсатқа толы Жолдауын жариялады. Бұл маңызды құжаттың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталуының өзі стратегиялық мәнге ие. Уақыт талап еткен даму мен жаңғырудың жаңа тетіктерін тауып, тың жолға түсу керектігін меңзейді. Шапшаң қимылдап, зияткерлікке шақырады.
Елбасы атап өткендей, 2017 жыл едәуір игі нәтижеге қол жеткізіп, әлемге төнген дағдарысты еңсеріп, сенімді өсу жолына қадам бастық. Ішкі жалпы өнім 4 пайызға өсіп, өнеркәсіп өндірісі 7 пайыздан асты. Ұзақ мерзімді мақсаттар өзгермей, өз жолымен жандана түспек. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60 қадамы орындалып, қалғаны жоспарлы түрде жалғаса береді. Елдегі алуан саланы цифрландыру бойынша «Цифрлы Қазақстан» кешендік бағдарламасы қабылданды. Өзгеремін, өсемін деген барлық саланың бойына қан жүгіртуге арналған шешімдер осы Жолдауда көрініс тапқан деуге толық негіз бар.
Көліктегі тәртіп сақшылары үшін де Елбасының халыққа Жолдауы бағыт ұстар темірқазық. Әсіресе, орындағанда жағдайымыз оңды болатын 10 міндеттің 9-шы міндеті құқық қорғау саласына тікелей қатысты. Яғни жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі қоғам үшін қажетті аспект.
Кемел келешекті кері тартып, құрдымға тірейтін жемқорлықпен күресу, алдын алу, оған қарсы мәдениет қалыптастыру күн тәртібінен түспейді. Керісінше екпін алары сөзсіз. Баршаға ортақ заң үстемдігінің толық мәнді орнығуы үшін 100 нақты қадамда тиісті қадамдар көрсетіліп, орындалды. Әлі оның жаңа модельдері мен озық үлгілері қолданысқа енеді деген сенім бар. Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды. «Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет», – деп Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Жолдау әуежайдағы және темір жол бекеттеріндегі тәртіп сақшыларына жауапкершілік жүктеп отыр. Ел мүддесі жолында жұмыс жасап, Елбасы артып отырған үмітті ақтауда аянбай еңбек етеміз деп сенеміз. Тоғызыншы міндеттегі адам көп жиналатын орындарда, әсіресе әуежай мен темір жол вокзалдарында азаматтарды анықтайтын және қозғалысты қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді енгізу көліктегі полиция қызметкерлеріне көмекші құрал болары анық. Уақытты үнемдеп, талап бойынша тәртіпті қадағалау жүйесіне сай жұмыс атқаруға ынталымыз.
Жаңаруға, жаңғыруға шақырған аталған Жолдау айқын мақсаттар мен салмақты міндеттерді тізіп, мерзімдерін көрсетті. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Баянды болашақ жолында баршамыз жұмыс жасап, озық елдердің қатарына кіруге күш жұмсауға тиіспіз. Саусақ бірікпей, ине кірікпейтінін естен шығармайық.

Мақсат ҚҰРМАНТАЙҰЛЫ,
Астана стансасындағы
Ішкі істер желілік басқармасының
бастығы, полиция подполковнигі

Сондай-ақ, оқыңыз

Жаңаруға жарқын жол

Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауының негізгі өзегі ретінде ел экономикасын, тұрақты даму мен жаңа заманға …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған