Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Автобус апаты қайтсе азаяды?

Автобус апаты қайтсе азаяды?

Қоғамдық көліктердің қауіпсіздігі мәселесі соңғы уақыттары қоғамда жиі көтерілуде. Бұған техникалық талаптарға жауап бере алмайтын автобустардың кесірінен талай адам өмірінің қиылып жатуы себеп.
Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында орын алған қайғылы жағдай елдің есінен кете қойған жоқ. Елу екі адамның тірідей өртеніп кетуі адам нанғысыз, автобустан шыққан ақау осыншама адам өмірін жалмағаны жанға батады. Қазақ жерінде қаза болған Өзбекстан азаматтарының артында бүтіндей бір отбасылары, бала-шағалары, бауырлары аңырап қалды емес пе? Қарғыс атқыр автобустан туындаған жалын бірер секундта лап беріп, өзбек бауырларымызды тырп еткізбей, күлге айналдырғанына кімді кінәлаймыз? Бұл қаза күллі қазақтың қабырғасын қайыстырды. Сол кезде «Икарус» автобусында болған 57 адамның тек бесеуі жан сақтап, сыртқа шығып үлгерген. Аман қалған бесеудің үшеуі автобус жүргізушісі екен. Тірі қалған бесеудің сөзіне сенсек, салоннан шыққан өрт тұтанбас бұрын улы газ тараған. Автобус ішіне тараған иістен қалған жолаушылар есеңгіреп қалса керек, автобус өртке оранғанда сыртқа шығуға талпынуға шамалары келмеген. Шын-өтірігін кім білсін, әйтеуір әлгі бесеу бірауыздан осылай деген.
Көп ұзамай кезектесіп автобус тізгіндеген үш жүргізуші 24 қаңтар күні Ақтөбедегі тергеу изоляторына қамалды. Алдын ала тергеу кезінде автобус жүргізушілерінің салонды дәнекерлеуші лампамен жылытып, автокөлікті пайдалану және өрт қауіпсіздігі ережесін бұзғаны анықталған. Анық-қанығы әлі де белгілі бола жатар, бірақ елуден астам адамның өлімі үшін жүргізушіден ғана жауап алу қаншалықты дұрыс? Мәжілісмендер бұл мәселенің мән-жайына тереңнен үңілуді ұсынып, осы іске қатысы бар дегендердің барлығын жауапқа тарту керектігін айтқан еді. Автобус апаттарының жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірген халық қалаулыларының пайымынша, адам тасымалдаумен айналысатын мекемелерге қатысты жауапкершілікті арттырмаса, жағдай одан бетер ушығуы мүмкін. Мәжіліс депатуты Ержан Құдайбергеннің мәлімдеуінше, мұндай көлік компанияларының есебіндегі автобустардың сау-тамтығы қалмаған, әбден ескіріп, тозығы жеткен. Бақылау болмағасын білгендерін істеп жүрген бизнесмендер бұл ескі автобустарды жаңартпақ түгілі, оны жөндеуге де ақша қимайды. Олар тіпті жұмыскерлердің қауіпсіздігіне жауап беру керектігін естен шығарып алған сынайлы.
Расында, елімізде қатынап жүрген автобустардың дені Кеңес үкіметінің қалдығы екенін жоққа шығара алмаймыз. Жолаушылар тасымалдайтын көліктердің көк түтінге орануының басты себебі де осында болса керек. Естеріңізге салсақ, Ақтөбедегі жағдай артынша Жамбыл облысында қайталана жаздады. Осы оқиғадан кейін араға бірер күн салып 44 өзбек мигранты мінген автобус Жамбыл облысының Аспара ауылынан 15 шақырым жерде бұзылып қалған. Жамбыл облысы ТЖД-нің хабарлауынша, қақаған қыс ортасында олар автобуспен Шымкенттен Алматыға бағыт алған. Жедел жеткен көмектің нәтижесінде жолаушылар құтқарылған.

Қоғамдық көлікпен қатынау қауіпті
Қаңтар айындағы қаралы қазаның артынан Астана қаласындағы қоғамдық көліктерде екі бірдей адам көз жұмды. Бірінен соң бірі келген бұл жағдайлар да жұртшылықтың үрейін туғызғаны жасырын емес. Есте болса, 24 қаңтарда әйел адам орталық базардан №48 маршруттағы автобусқа отырады. Кенеттен жолаушы өзін жайсыз сезініп, автобуста отырған жерінен талып құлайды. Жанындағы адамдар дереу жедел жәрдем шақыртып, әйелдің өмірін құтқарып қалмақ болған. Алайда, дәрігер келіп жеткенше жолаушы әйел сол жерде жан тапсырып үлгерген. Анықталғандай, 1969 жылғы әйелдің жүрек талмасы ұстаған.
Елордадағы №307 автобуста болған екінші жағдайда да ер азамат жүрек талмасынан қаза тапқан. Егде жастағы ер адам автобусқа Қоянды ауылындағы соңғы аялдамадан отырған. Автобус орнынан қозғала бергенде жолаушылардың бірі ер адамның жағдайы нашарлап кеткенін айтып, дауыстап айғайлаған. Жолаушылардың бірі ер адамды дереу ауруханаға жеткізу керектігін айтады. Автобус жүргізушісі сол жерден тікелей ауруханаға жол тартады. Алайда, үш минутта тез жеткеніне қарамастан, сырқат жолаушы жолда қайтыс болады. Адамдардың басқа жерде емес, қоғамдық көлікке отырғанда жүрек талмасының ұстауы кездейсоқтық емес.
Шыны керек, аузы-мұрнына лық толы жүретін автобустарда адамның расымен ауа жетпей, жүрегі қысылып, өліп кетуі де ғажап емес. Амалсыздан, иін тірескен жұртшылықпен итерісіп, алқынып-жұлқынып автобусқа мінеді. Орын бұйырмақ тұрсын, автобус ішінде ине шаншыр жер болмайды. Әсіресе, қыста бұл жағдай қиындай түседі. Әрине, ажал айтып келмейді, бірақ қоғамдық көліктер сау адамды ауру қылады, ішек құрылысын ақтарып, бас миын шайқалтып, ессіз күйге түсіретіні өтірік емес. Діттеген жерге жеткен құрлы жолаушылардың жүйкесі жұқарып, діңкесі құриды. Ол аз десеңіз, автобустардың жолаушыларға таласып қалатындарын да талай көріп жүрміз. Жолаушыны адам құрлы көрмейтіндерге бұл жазатайым оқиғалар сабақ болса екен дейсің. Қайғылы жағдайлар жолаушыны дін-аман жеткізгеніне емес, қалтаға артық тиын түскеніне қуанатын жүргізушілерді жүгенге салатын кез жеткенін көрсетіп тұрғандай.

Бекеттегі қатаң бақылау
Ақтөбе облысындағы апатқа байланысты ел аумағында тұрақты негізде жолаушылар тасымалдайтын көлік құралдарының техникалық жағдайын тексеру және жолдағы жағдайды бақылауды күшейту тапсырылған-тын. Осыған орай ИДМ Көлік комитетінің инспекция қызметкерлері мен ІІМ қызметкерлері бірлесіп республика бойынша 22 қаңтар мен 18 ақпан аралығында «Автобус» жедел-профилактикалық шарасын өткізіп жатыр. Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері де жедел-профилактикалық шара аясында ауданаралық, қалааралық, облысаралық және халықаралық қатынаста жолаушыларды және багажды тасымалдайтын көліктер мен жүргізушілерді тексеруді қолға алды. Жедел алдын алу шарасы Астанаға кіреберістегі барлық қарау-бақылау бекеттерінде өтуде. Қарағанды тасжолындағы «Рубеж» қарау-бақылау бекетінде өткізілген рейдтік шара барысында әрлі-берлі өткен автобустар егжей-тегжейлі тексерілді.
Бұл бекет арқылы күніне мыңдаған жеңіл көлік, жүздеген автобус өтетінін көзімізбен көрдік. Қайнаған тіршілік ортасына түскендей әсерде қалдық десек, артық айтқандық емес. Себебі, көлік ағыны бір мезет те саябырсымайды. Бекетке келіп жеткенімізде қаламаңы маршруты бойынша қатынайтын №304 автобус тоқтатылды. Тәртіп сақшылары автобусты тінтіп шығып, жүргізушінің құжаттарын тексерді. Көліктің техникалық талаптарға жауап бермейтіні анықталды. Алдыңғы терезесі шытынаған, соған байланысты жолаушылар тасымалдауға тыйым салынған. Жүргізуші терезенің болмашы ғана жарылғанын айтып ақталмақ та болды. Әйтсе де, талап бәріне ортақ екенін түсіндірген тәртіп сақшылары жүргізушіні жауапкершіліктен босата қойған жоқ.
Бекеттен өте бергенде тоқтатылған әрбір үшінші автобустың не құжаттары түгел емес, не техникалық жағдайы талаптарға сай емес болып шықты. Мәселен, Қырғызстаннан Түменге бара жатқан тәжіктер мінген автобусты тексеру барысында бірнеше заң бұзушылық анықталды. Біріншіден, алыс жолға шыққан автобус техникалық талаптарға сай емес. Яғни, 42 адам мінген автобустың қосалқы есігі ашылмайтыны белгілі болды. Бетін әрі қылсын, бірақ көлік апаты болып немесе салоннан өрт шыққан жағдайда өткендегі жағдай қайталануы ғажап емес. Елордалық сақшылар дер уақытында бұл қауіптің бетін қайтарды. Қалай десеңіз, жүргізушіге автобустың қосалқы есігін сол арада жөндеу тапсырылды. Әйтпеген жағдайда, автобус айыппұл тұрағына қойылатыны ескертілді. Екіншіден, жүргізуші еңбек және демалыс режимін сақтамай, сегіз сағаттан артық уақыт көлік жүргізген. Жүргізушіге көлікті кезектесіп айдамағаны үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Екі жүргізушінің біреуі Қазақстан азаматы екен. Бұл халықаралық бағыттағы автобус болғасын, көлік бүге-шігесіне дейін тексеріліп, автобус бекетте біраз уақыт бөгелді.
«Айта кетсек, бұл бекет арқылы көбіне Ресейге қатынайтын халықаралық автобустар өтеді. Жалпы «Автобус» жедел алдын алу шарасы басталғаннан бері 400-ден астам жолаушыларды тасымалдайтын автобус жүргізушісінің ереже бұзғаны анықталды, оның көбі көлік тізгінінде отырып телефонмен сөйлескен. Сондай-ақ, 35 факті маневр ережелерінің бұзылуына қатысты, тағы 30 ереже бұзушылық автобустардың техникалық тексерістен өтпегеніне байланысты. Айта кетсем, «Автобус» жедел алдын алу шарасы басталғаннан бері автобус жүргізушілерінің кінәсінен 6 жол-көлік оқиғасы орын алды. Жапа шеккендер жоқ», – деді Астана қалалық ІІД ЖПҚ ЖППҚ бөлім бастығы, полиция подполковнигі Рүстем Өмірбеков.
Автобустардан бөлек, жедел алдын алу шарасы барысында халықаралық бағытты ұстанған жеңіл көліктер де қатаң тексерілді. Мысалы, Matiz маркалы көлікпен Ресейге бара жатқан жүргізуші тоқтатылып, одан жауап алынды. Полицейлер алыс жолға шығу үшін де көлік сенімді болу керектігін үнемі еске салады. Десе де, көрші Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты елдер арасында ескі автобустар, қауіпті көліктермен қатынайтындар азаймай отыр.

Жадыра МЫРЗА-АХМЕТ

Сондай-ақ, оқыңыз

Жемқорлықты жою жауапкершіліктен басталады

Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мүддесіне қарама-қайшы келетін құбылыс. Ең бастысы, сыбайлас жемқорлықтың қайшылық …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған