Адами капитал – жаңғыру негізі

Маңғыстау облыстық Ішкі істер департаментінде Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті.
Департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бөкен Жұмағали жеке құрам алдында тәртіп сақшыларына Елбасы Жолдауындағы үлкен міндеттерді шешу жолында жауапты жұмыстар күтіп тұрғандығын атап көрсетті. Елбасы ел дамуы жолында іске асыруға тиісті 10 міндет қойды. Аталған міндеттерді іске асыру әлемдегі озық 30 елдің қатарына енуімізге нақты қадам болып табылады.
Бөкен Бегерұлы Жолдаудың барлық басымдықтарын айта келіп, ішкі істер органдарына қатысты міндеттеріне тоқталды: «Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдардың тиімділігін арттыру мақсатында облысымыздағы жолдарға қозғалыс қауіпсіздігіне қатысты тұрақты негізде қадағалау жасау қажет. Жергілікті атқарушы органдарға көлік қатынасын жақсарту бойынша ұсыныстар беріп, көлік инфрақұрылымы мен жол құрылысы аясында атқарылатын жұмыстардың сапасын бақылауды қамтамасыз ету керек. Жолдауда айтылғандай, біздің қызметке заманауи технологияны енгізу бойынша салынып жатқан және қазіргі бар инфрақұрылым объектілері интеллектуалды басқару жүйелерімен жарақтандырылуы тиіс. Бұл ретте интеллектуалды басқару жүйелерінің құрамдас бөлігі ретінде «Қауіпсіз аула» қағидаты бойынша қызмет жасайтын бейнебақылау камералары дамытылмақ. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін айтарлықтай арттырады. Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, жеке бас сипатын анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керек», – деді ол.
Полиция полковнигі, сонымен қатар, Жолдаудың «Адами капитал – жаңғырту негізі» атты басымдығына ерекше тоқталды. Оның айтуы бойынша, білім жүйесіндегі негізгі міндет – интеллектуалдық қабілеттерді арттыру, жаңа білімдерді игеру және жаңа жағдайларға бейімделу болуы тиіс. Бүгінде қылмыс әлемі заманға сай жетіліп келеді. Өздерінің қитұрқы мақсаттары үшін жаңа технологияларды пайдалануда. Осыған байланысты бүгінгі уақыт полицейлерден көп білімді, IT саласындағы жұмыс дағдыларын талап етеді. Бұдан бөлек, Елбасы өз Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес жалғаса беретінін атап көрсеткен болатын, осыған орай облыстың ішкі істер органдарында да жемқорлықпен күрес бойынша жұмыстар басшылық бақылауында тұрғандығы айтылды. Бүгінде полицейлер жаңа заңнама бойынша қызмет етуде. Ішкі істер органдары туралы заңға елеулі өзгерістер енгізілді. Аталған шаралардың барлығы да ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жиын соңында қатысушылар Елбасы Жолдауын қолдап, көрсетілген міндеттер бағытында жұмыс істей беретіндіктерін білдірді.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*