Жауапкершілік жүгін жүктеген Жолдау

Жаңа жылды жаңа Жолдаумен қарсы алдық. Жылды қорытындылап, өткен жылды саралап, облыстағы қылмыстық ахуалдың едәуір жақсарғанын байқадық. Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 7,8 пайызға төмендеген.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін айтып қана қоймай, нақты 10 бағыт бойынша маңызды міндеттерді атап көрсетті. Соның бірі – жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі. Бұл – құқық қорғау органдарына жүктеліп отырған басты міндет. Жолдауда Нұрсұлтан Әбішұлы құқық қорғау жүйесінде болған өзгерістерге тоқтала келіп, олардың заңдылықты нығайту үшін маңызды екенін ескертті. Былтыр Президенттің бастамасымен құқық қорғау қызметін жаңғырту туралы заң қабылданды. Бұл Заңмен қылмыстық процеске бірқатар өзгерістер енгізілді. Кәмелетке толмағандарды, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдарды ұстау мерзімі едәуір қысқарды.
Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің негізгі міндеті – облыс аумағындағы қылмыстың алдын алу, болдырмау және орын алған қылмыстарды дер кезінде ашу. Сондай-ақ, ішкі істер органдарының қызметі өте ауқымды. Оның түрлі салалары қызметкерлерінің қоғамдық тәртіпті сақтауда өзіндік жеке-жеке міндеттері бар, қылмысты іздестіруші жедел уәкілдер, анықтаушы, тергеуші, жол-патрульдік, учаскелік, ювеналды полиция инспекторлары және тағысын тағылар, сайып келгенде тәртіп сақшыларының құқықтық тәртіпті қорғау бағытындағы қажырлы жұмыстары елдің біртұтас тыныштығын сақтап тұрғаны рас.
Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау – біздің басты міндетіміз. 2017 жылдың 12 айында облыс көлемінде жалпы саны 31 036 (2016 ж. – 33 679) құқық бұзушылық тіркелген. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 7,8%-ға төмендегенін байқауға болады. Облыс жолдарындағы апаттылық жағдайы тұрақтанып, жол-көлік оқиғаларының саны азайған. 2017 жылы 1961 жол-көлік оқиғасы орын алған (2016 ж. – 2320). Орта дәрежелі, онша ауыр емес және ауыр деңгейдегі қылмыстардың ашылу көрсеткіші біршама жақсарған. Қоғамдық орындарда, көшеде, жасөспірімдер жасайтын, мас күйінде және топтасып жасалатын қылмыстардың саны едәуір төмендеген.
2018 жыл Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен «Бақытты балалық шақ» жылы деп бекітілді. Осыған орай, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен түлектерін, сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалары бар аз қамсыздандырылған және жайсыз отбасыларды әлеуметтік бейімдеу және практикалық көмек көрсету жұмыстарына полиция қызметкерлерін тарту жоспарлануда. Полиция қызметкерлеріне деген жақсы көзқарасты қалыптастыру үшін балаларға арналған акциялар мен іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Елбасымыздың Жолдауда айтқан әрбір бағыты жан-жақты қамтылғанын байқауға болады. Тағы бір мәселеге назар аудару қажет. Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде құқық қорғау саласына цифрлы технологияларды енгізуді одан әрі жалғастырамыз. Онсыз біз құқық қорғау жүйесін дамыта алмаймыз. Сол себепті, қылмыстық процесс біртіндеп электронды форматқа көшіріледі. Цифрлау халықпен байланысты нығайтып, артық әкімшілік кедергілерді жояды. Біздің жұмыс сағаттап емес, минуттап саналатын жұмыс. Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің ресми сайтындағы «ІІД бастығының блогы» және «Сұрақтар-жауаптар» айдарларына азаматтардан күнделікті сұрақтар мен өтініштер келіп түседі. Барлық сұрақтарға жауаптар дер кезінде беріледі. ІІМ тарапынан республикалық «ІІД бастығының блогы» айдарына мониторинг жүргізу бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД-ге түскен сұрақтарға жауап беру тиімділігі жағынан 1-орында екенімізді атап өту керек. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердің мүмкіндігін барынша пайдаланудамыз. Полиция қызметінің ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз ету, тұрғындармен қолжетімді әрі тиімді байланыс орнату мақсатында ғаламтор желісінде Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің ресми веб-порталы, әлеуметтік желілерде департамент атынан ашылған ресми парақшалары (Facebook, ВКонтакте, Mail.ru, Twitter) қызмет етуде.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарына, ақпараттық сайттар мен әлеуметтік желілерге жүйелі түрде мониторинг жүргізеді. Полиция қызметкерлерінің заңға қайшы әрекеттері көрініс тапқан жарияланымдарға ден қойылып, қызметтік тексеру жұмыстарын жүргізу үшін тиісті салаға жолданып, жарияланым авторына жауабын беру жұмыстары ұйымдастырылған. Мысалы, жуырда Қазығұрт ауданының Ыхтиор Тәжібаев есімді тұрғыны полиция қызметкерлері тарапынан дөрекілік танытқаны туралы «Фейсбук» парақшасына бейнежазба салып, шара көруін сұранған. Осыған орай, облыстық ІІД ӨҚБ-ның қызметкерлері бейнежазбадағы полицейлердің кім екенін анықтап, тәртіптік комиссияның шешімімен кінәлілерді ІІО қатарынан шығарды.
«Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керек», – деп атап өтті Елбасымыз Жолдауда. Осы ретте біздің облысымызда Әкімшілік полиция басқармасы Процессингілік орталығы 2017 жылдың басынан бастап автоматтық режимде жұмыс істейтін арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдармен жол қозғалыс ережелерін бұзудың 100 мыңнан астам жайты тіркеді. Ол бойынша айыппұл төлеу қажеттілігі туралы 80 мыңнан астам ұйғарым тіркеліп, құқық бұзушылардың мекенжайына жіберіліп, 1 млрд теңгеге жуық айыппұл облыстық бюджетке өндірілді. Шымкент қаласында орнатылған автоматты түрде тіркейтін «Ред СПИД» базасына ҚР басқа облыстарының автокөліктері апта сайын жолдануда. Төтенше жағдайларға ұшырататын, оның ішінде кісі өліміне әкеліп соқтыратын жайттар мен жылдамдықты асыру жағдайларымен ұштасатын жол ережелерін бұзу жайттарын болдырмау мақсатында Шымкент қаласының көшелерінде орнатылған жылдамдық өлшеуіш құралдары: 21 «Ред Спид», қаламыздың 21 қиылысында автоматты түрде тіркейтін 212 интеллектуалды «Интегра» камерасы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, 2017 жылдың 21 маусымынан бастап, жол қозғалысын бақылайтын 6 «Крис П» жүйесі іске қосылды. Бұл цифрлы технологияларды пайдалану арқылы біз азаматтарға жол қозғалыс ережелерін сақтауды үйретеміз. Сондай-ақ, қылмыстың алдын-алу мақсатында жұмыс жасаймыз. Мысалы, 2017 жылы 479 бейнекамера 231 қылмысты ашуға септігін тигізді. Қосымша нөлдік төзімділік қағидасы және әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 57790 жайт анықталды.
Президент атап кеткен он негізгі басымдықтың түйіні, ол – цифрлық дәуірдің болатыны. Яғни, цифрлық теxнологиялар биліктің, қабылданып жатқан шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Халық пікірталасқа қатысып, өз ұсыныстарын жасай алады. Мемлекеттік шешімдер қабылданғанда xалықтың пікірі ескеріледі. Соның арқасында жұмыстың сапасы артады. Бұл Жолдау – біздің еліміздің одан ары қарай дамуына серпін беретін маңызы бар құжат деп есептеймін. Ендеше, Жолдауды жүзеге асыру полиция қызметкерлеріне үлкен жауапкершілікті жүктейді. Халықтың бізге деген сенімін арттыру, қызметіміздің басты өлшемі болып қала бермек.

Қайрат ДӘЛБЕКОВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығы,
полиция полковнигі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*