Темір жол бойында тәртіп қатаң

ІІМ Көліктегі Ішкі істер департаментіне қарасты Ақтөбе стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімі – Мәртөк ауданына қарасты Жайсаң стансасынан Алға ауданындағы Ақкемер стансасына дейінгі, ұзындығы 194 шақырымды алып жатқан жол теліміне қызмет етеді.
Қызмет көрсету аумағында 12 станса, 8 разъезд орналасқан, соның ішінде 3 вокзал және 1 халықаралық әуежай бар. Ішкі істер органдары жүйесінде жедел қызмет саласы негізгі басымдыққа ие. Кез келген бөлініс жұмысының нәтижелілігі осы қызметтің нәтижесіне қарай бағаланады. Қызмет көрсету аумағында орын алған қылмыстар мен қылмыстық әрекеттердің ашылуы жетекшілік ететін басшының кәсіби біліктілігіне және қарамағындағы ұжыммен ынтымақтастықта жұмыс істеу нәтижесінде жүзеге асатыны сөзсіз. Қылмыстық іздестіру саласында көпке үлгі боп жүрген тәртіп сақшыларының бірі – Ақтөбе стансасындағы ІІЖБ криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Нұртас Сүндетов.
Нұртас Нәренұлы 1976 жылы 28 қыркүйекте Ақтөбе облысының Темір ауданы, Ақсай аулында дүниеге келген. Ол 1993 жылы Н. Байғанин атындағы орта мектепті аяқтаған соң, сол жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясына оқуға түседі. 1997 жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Қарулы күштер қатарында Тараз қаласындағы №5513 бөлімде әскери борышын өтейді.
Ол 2000 жылдан бастап бүгінге дейін Көліктегі ІІД-не бағынысты Ақтөбе стансасындағы ІІЖБ-де криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы лауазымында қызмет атқаруда. Үйленген, 3 бала тәрбиелеп өсіруде. 2006 жылдан бастап жедел-іздестіру қызметінде күндіз-түні талмай еңбек етіп келеді.
Нұртас Сүндетов өмір жолында қызметтің қыр-сырын үйреткен тәлімгер ұстаздарын ешқашан ұмытқан емес. Олар: отставкадағы подполковник А. Нетжанов, отставкадағы майор Б. Баймұратов, Қандыағаш стансасындағы ІІЖБ бастығы, полиция полковнигі С. Сәрсенов, Ақтөбе облыстық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі К. Ардемгенов және Ақтөбе стансасындағы ІІЖБ бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Е. Есалин сынды тәлімгерлерін жұмысқа шынайы берілген азаматтар ретінде әліге дейін құрмет тұтады, олардың өнегелерін бүгінге дейін үлгі ретінде үстанып келеді.
Қазақстан Республикасының экономикасының қарыштап дамуы темір жол көлігіндегі жүк тасымалымен байланысты, ал көлік полициясының негізгі міндеттерінің бірі – қозғалмалы құрамдағы жүктердің ұрлығына жол бермеу. Бұл бағытта жүк тасымалымен айналысатын тұлғаларды қылмыстық әрекеттерден қорғау мақсатында қызметкерлермен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Көлік полицейлері тыңғылықты жүргізген жедел-іздестіру шаралары мен тынымсыз атқарылған жемісті жұмыстардың нәтижесінде желілік бөліністің аумағында орын алған қылмыстар «ізі суымай» ашылып, қылмыскерлер дер кезінде тиісті жазаларын алуда.
Осының айқын айғағының бірі, өткен жылы мамыр айында Ақтөбе стансасындағы ІІЖБ қызмет көрсету аумағында қастандықпен өлтірілген ер адамның өлімі жүргізілген шаралардың нәтижесінде тез ашылып, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жұмыстары аяқталысымен қылмыстық іс сотқа жолданып, кінәлі адам тиісті жазасын алды.

Роза ТӨЛЕГЕН, Ақтөбе облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*