Мейірімді инспектор

Ақтөбе қалалық ІІБ Заречный полиция бөлімінің жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторы өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын Эльвира Тарғынова жасөспірімдермен тіл табысуды қызметінің басты міндеті деп есептейді.
Ішкі істер саласындағы еңбек жолын 2010 жылы Ақтөбе заң институтын бітіргесін Мұғалжар аудандық ішкі істер бөлімінде әйелдердің құқығын қорғау жөніндегі инспектор болып бастаған. Қазір жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор болып жемісті еңбек етіп жүр. Жасы 28-де, отбасын құрған. «Кішкентай кезімнен полиция болуды армандап өстім. Жұмысым өзіме өте ұнайды. Өз аумағымдағы балалар мен жасөспірімдер құқығының қорғалуына қолымнан келгенше үлес қосып жүрмін. «Бала тағдыры – ұлт тағдыры» деп халқымыз текке айтпаған. Балалардың тағдырына алаңдап, олардың түрлі қиын жағдайларға тап болмауларына ата-анамен қоса біз де жауаптымыз. Менің өз тәжірибемде екі рет ата-ана құқығынан айыру дерегі кездесті. Көбінесе ата-аналары өздерінің қиындықтарынан шыға алмай, ішімдікке салынып, балаларына дұрыс тәрбие бере алмай жататын жағдайлар жиі кездеседі.
Мәселен, бір жас ана жолдасынан ажырасқаннан кейін күйзеліске түсіп, ішімдікке салынып, балаларына қарауды қойды. Біз оны дереу анықтап, шара қолдандық. Тіпті маскүнем болып жүрген қызының үстінен анасы да полицияға шағымданды. Оны аналық құқығынан айырдық. Кейін бір жақсысы, осы ана дұрыс жолға түсіп, ішімдіктен мүлде бас тартып, емделіп, жаңа өмір бастап өз-өзін қолға ала білді. Қайтадан екінші рет тұрмыс құрды. Балалары әжесінің қамқорлығында.
Тағы бір мысал, ажырасқан ана екі баласына қарамай ішіп кетеді. Еш жерде жұмыс жасамайды. Балалардың әкесі дұрыс адам, еңбек етеді. Екі баласын бағып отыр. Сол ананы да аналық құқығынан айыруға тура келді. Мәселен, осы 2017 жылдың күзінде Заречный ауылы маңындағы көпірде қараусыз жүрген екі баланы тауып, «Үміт» балалар үйіне орналастырдық. Анасы ішімдікке салынып кеткені анықталды.
Мен қазір мектеп инспекторымен. Екі орта мектеппен тығыз жұмыс жасаймын. Мектепте психолог мамандармен және оқу тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп, «Тәуекел тобын» анықтап, сол топтағы балалармен жұмыс жасаймыз. Көбінесе әлеуметтік жағдайы төмен, қиын отбасынан шыққан балалар тәртіпті. Олар бұзақылық жасамайды. Бұзақылықты жағдайы жақсы отбасының балалары жасайды. Олар ұсақ бұзақылыққа жиі барады. Біз де уақыттың талабына сай жасөспірімдердің қызығушылығын ескеріп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Ең бастысы – жасөспірімдермен тіл табысып, тығыз қарым-қатынас орнату керек.
Қазірде «Түнгі қаладағы балалар» алдын алу шарасы өтуде. Кәмелетке толмаған балалар беймезгіл уақытта заңды өкілдерінсіз жүрсе, ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жасөспірімдердің әркез жанында болып, оларға түсіністік таныту, ата-аналарымен де әңгімелесу – біздің міндетіміз. Мен әр баланың тағдырына алаңдап, мейлінше олардың жақсы жағынан көрінулеріне қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Менің полиция қызметкері болуымның өз себебі бар. Оған бала кезімдегі бір оқиға түрткі болды», – деген инспектор бала кезде бастан кешкен оқиғаны баяндап берді.
«Жасым 9-10-дар шамасы. Бесінші сыныпта оқимын. Қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрамыз. Анам мен әкем маршрутты автобуста жұмыс жасайтын. Анам сол жылдары Ресейден өзіне сапалы дубленка сатып алған еді. Сабақтан келе жатсам, бір кісі менің анамдікіне ұқсайтын дубленканы алып кетіп бара жатыр. Көзіме оттай басылды, әрі ана жігітті кетіп бара жатқанда жүрісінен таныдым. Пәтерімізге келсем, ағаш есікті бұзып кірген, заттар шашылып жатыр. Далаға жүгіріп шықтым. Көрші үйде тұратын нашақор жігіт екенін білдім. Оның ротфейлер итін қыдыртып жүргенін сырттай көретінмін. Есте сақтау қабілетім жақсы. Сосын ағам екеуміз әкеме барып, мен көргенімді айттым. Кейін полицияға шағымдандық. Анама затты қайтарды. Осылайша үйге түскен ұрыны ұстауға аңғарымпаздығымның септігі тиді. Сол оқиға менің тәртіп сақшысы болуыма әсер етті деп айта аламын», – деп әңгімесін аяқтады Эльвира Тарғынова.
Эльвира Бисенғалиқызы тәртіп сақшысы болу, әсіресе, жасөспірімдермен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті, мейірімділікті, түсінісіп, тіл табысуды қажет етеді деген ұстанымда.

Нұргүл ҚОНАҚБАЕВА, Ақтөбе қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*