Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Ән өнерінің шырағын жаққан

Ән өнерінің шырағын жаққан

Ән өнері – рухани мұраның ең бай қазынасы. Ғасырлар бойғы сынақтан өтіп, халық дарындылығы мен даналығын көрсете білген ән өнері үшінші мыңжылдықта көркемдік пен мәдени бағалылыққа ие болды.
Қостанай мен Торғайдың Шәмшісі атанып жүрген белгілі сазгер, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, жерлесіміз Қалибек Деріпсалдин ағамыз көптен бері Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының Тәрбие жұмысы бөлімінде мәдени ұйымдастырушы болып қызмет атқарады. Ол Қостанай облысы, Аманкелді ауданының Құрметті азаматы, әнші-сазгер. Ағамыздың жетекшілігімен бүгінгі күні Академия қабырғасында 20 курсанттан құралған домбырашылар ансамблі, 200 курсанттан тұратын «Шырақбек ата» хоры жұмыс істейді. Қалибек ағамыздың ерен еңбегінің арқасында осы домбырашылар хоры республикалық, облыстық, қалалық жарыстарда бәйгені бермей, қашанда жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұл, әрине, маңдай тердің және Академия басшылығының тікелей қолдауының арқасында іске асып отырған еңбектің нәтижесі.
Қалибек ағамыз Қостанай Академиясының әнұранын жазды. Ол әнұран бүгінгі күні облысымызда өтетін ірі мәдени іс-шараларда орындалып жүр. Тағы бір мақтанышпен айтатын жайт, былтыр Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Парасатты полиция» республикалық сайысында ағамыздың жазған әнінің арқасында Академия қызметкерлері алғаш рет жүлделі орынға ие болып қайтты. Мұның өзі ағамыздың Академияның дамуына қосқан зор үлесі.
Қалибек Деріпсалдыұлы биыл 65 жасқа толып отыр. Осы мерейлі тойдың бастамасы ретінде жақында облыстық Л. Толстой атындағы әмбебап кітапханасының «Өнер» бөлімінің ұйымдастыруымен шығармашылық кеші өтті. Кешке өзінің үзеңгілес достары және республикамызға белгілі ақын-жазушылар Серікбай Оспанов, Ғұмар Ахметчин, Нағашыбай Мұқатов, Ғанижамал Бердалина және басқа да құрметті қонақтар қатысты. Кешке келген қонақтар әнші-сазгерге иығына шапан жауып, астына ат мінгізіп, жүректерінен шыққан жылы тілектерін, үлкендер ақ батасын берді. Ал өзі қызмет ететін Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының ұжымы атынан Академия бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ербол Қаппасов құттықтау сөз сөйлеп, оқу орнының бастығы, полиция генерал-майоры Мирлан Қызыловтың Алғыс хатын табыстап, естелік сый-сияпат табыс етті.
Бүгінгі күні ағамыздың 150-ден аса әні, 4-5 күйі орындалып жүр. 30-дан аса әні ел арасында үлкен танымалдылыққа ие, мысалы, Серікбай Оспанов ағамыздың сөзіне жазылған «Айлы түнде» әні барша қазақтың жүрегінен орын алды десем, артық айтқандық болмас.
Қостанай облысының зиялы қауымы бас қосқан кездесу сұхбат түрінде өрбіді. Сазгер ағамыз өзінің бір сұхбатында алғашқы білімге, оның ішінде өнерге баулыған қазақтың біртуар сазгері Әсет Бейсеуов пен ақиық ақындары Мариям Хәкімжанованы және Ғафу Қайырбековті сағынышпен еске алды. Кешке келген шәкірттері әрі інілері қонақтарға арнап сазгердің көптеген әндерін нақышына келтіріп орындап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Алдағы сәуір айының ортасына қарай Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы және Қостанай қаласы әкімдігі Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Аманкелді ауданының құрметті азаматы, әнші-композитор Қалибек Деріпсалдиннің әндерін орындаушылардың республикалық «Көктем-қыздары» ән байқауын ұйымдастыратыны туралы жаңалық көпшілікті серпілтіп тастады. Байқаудың мақсаты – қазақ әндерінің дамуына үлес қосып жүрген Қалибек Деріпсалдин шығармашылығын келер ұрпаққа жалғастыру, ән өнерін дамыту және өнер әлемінде талантты орындаушылардың жаңа есімдерін ашу болып табылады.

Мейрам ОСПАНОВ,
Аманат МҰРАТ,
Қостанай қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Отпен күрескен он жеті жыл

Азаматтық қорғау майоры Леонид Муньконың өртке қарсы қызмет саласында еңбек етіп жүргеніне 17 жылдан асып …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған