Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Отаншылдықтың тамыры – отбасында

Отаншылдықтың тамыры – отбасында

Тәшкенбаевтар отбасын нағыз әскери династия деп атауға болады. Тәшкенбаевтар – Ұлттық ұланда көпшілікке танымал азаматтар. Бір әулеттің барлық азаматы Ұлттық ұланда абыройлы қызмет атқарып жатқан жайы бар. Үйдің үлкені Қайрат – әулеттегі алғашқы әскери қызметші атанып, тыңға түрен салғаннан кейін оның артындағы туған іні-қарындастары: Бақыт, Зарина, Әлия, Мұрат та бойдағы бар қажыр-қайраттарын Отанды қорғау қызметіне арнап, ел айбыны – Ұлттық ұланда қызмет атқаруда.
Бақыт – Ұлттық ұланның Алматының іргесіндегі Қаракемердегі әскери бөлімде білікті офицерлердің бірі, майор. Ал қыздың тұңғышы Зарина – лейтенант, Ұлттық ұланның Қостанайдағы әскери бөлімінде тәрбие саласының қызметкері. Әлия болса – сержант, Қаракемерде әскери оркестрде музыкант, ал кенже ұл Мұрат осы 6554 әскери бөлім ұжымында ел мерейі жолында еселі қызмет етуде.

Ата ақылын алғанның абыройы биік
Атамыз қазақ «адам тегіне тартып туады» деп дүние философиясының тұңғиығына баяғы-бағзы заманда-ақ үңіліп қойған ғой. Тәшкенбаевтардың Отан қорғау жолындағы қызметте жүргендері де тегін емес сияқты, өйткені олардың аталары Жұма ақсақал да қан мен от кешіп, хром етікпен Берлинге дейін барған жауынгер еді. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан. Бірнеше рет жараланып, госпитальда жатса да «жауға оқ атпаған күнім құрсын» деп қайта-қайта алғы шепке сұранады екен жарықтық. Міне, сол қаһарман қазақтың ұрпағының Отан қорғау қызметін сүюі тегіннен-тегін емес.
«Мың күн қырғын болса да, ажалсыз өлмейді» дейді. Атқыштар батальоны командирінің орынбасары болған Жұма ақсақал да сол бір жантүршігерлік қанды қасаптан елге аман-есен оралып, омырауы орден мен медальға толып туғандарымен қауышқан екен. Кейін немерелеріне тауқыметті жылдардан үзік-үзік сыр шертіп, әңгімелейтін. Сонда абыз қария «Адамға ең қымбаты – Отаны. Тек опасызда ғана Отан болмайды. Отанды сүю – адам түйсігінің ең қастерлісі. Кешегі Отан соғысында да бізге бір мүдде – Отанды қорғау мақсаты қолымызға қару алдырды. Ысқырған ажал оғымен бетпе-бет жүрдік. Қанша адам жан берді. Барлығы да сол Отан үшін еді. Сондықтан да елің мен жеріңді сүйе білу, қастерлей білу, жат пиғылдылардан қорғай білу – ең ұлық парыз бен қастерлі борыш», – деп үлкені мен кішісіне аталы өнегесін айтып отыратын. Сол өнегенің жемісі – немерелерінің Отан үшін оққа кеуде тосып қызметте жүргендері.

Мақсатынан айнымаған марғасқа жігіт
Үйдің үлкені Қайрат 1975 жылы Ақмола облысы, Жамбыл ауданында өмірге келген болатын. Әкесі Жүніс те, анасы Айкүміс те облыстың ауылшаруашылық саласын өркендетуге бір кісідей атсалысқан еңбекқорлар еді. Ол қазір Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында әскер қызметі және қызмет қауіпсіздігі бастығы. Әскери шені – подполковник. Ол мектеп бітіріп, болашағына көз жүгірткенде атасының сөздерін есіне алып, әскер саласына баруды ұйғарған екен.
Иә, ол заман адамның тілек-арманы орындалар сәт емес, нарықтың «проблемалары» өткел бермей тұрған қиын кезең еді ғой. Әскери оқуға тапсырса да, оған қол жеткізе алмаған Қайрат тағдыр айдап Қазақ аграрлық университетіне оқуға түсті. Бірақ, жас жігіттің бойында әскери салаға деген жалындаған жігер сөнбеді. Кейін жоғары оқу орнын бітірген соң, қызметті басқа саладан емес, тура әскери ұжымдардан іздеді.
1997 жылы Ішкі әскердің Алматыдағы 5449 әскери бөліміне қызметке тұрды. Табанды жігіт өзінің жанына жақын қызметке кіргенін бақытқа балады. Қателеспепті де. Өзінің сүйікті ісінде өсіп, өркендеді. Жалын жігерлі жігіт взвод басқарып, әскери істі иіріп ала кетті. Кейін 7552, 5516, 6800, 6505 сынды әскери бөлімдерде рота, батальон басқарды, қызмет жетекшісі, штаб бастығының орынбасары болды. Ал Орталық Қазақстандағы 3517 әскери бөлім командирінің орынбасары сынды жоғары лауазымды абыройлы атқарды.
Қай жерде, қай ортада болмасын өзінің жұмысына асқан жауапкершілікпен қарап, басқарып отырған ұжымы тек үздіктер қатарынан көрінуі үшін жаны қалмай тырысып, еңбек ететін Қайраттың құрметке бөленуі заңды еді. Атқарған істері оның беделін асырып, абыройын асқақтатты. Ол басқарған әскери бөлімшелердің қызметі қашанда алдыңғы шептен көрінді.
«Бұйрық қайда болса, біз сонда» деген әскери азамат емес пе. Ойы ұшқыр, пікірі тұшымды, белсенді офицер 2015 жылдан бастап «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында, әскер қызметі және қызмет қауіпсіздігі бастығы. Оның лауазымы да штатқа енгізілгеніне де көп болған жоқ, бір жылдың жүзі шығар. Жеме-жемге келгенде, бұл лауазымның артқан жүгі, жауапкершілігі мен міндеттері ауқымды. Замана ұсынып отырған аса қауіпті зобалаң – лаңкестік шабуыл сынды қатерден, басқа да келеңсіздіктерде әскери бөлімшелердің қорғанысын үйлестіруге, басқаруға жауапты. Бүгінгі таңда Қайрат – Дамир және Дариға атты екі бүлдіршінін өнегелі тәрбиелеп отырған әке.

Әскери қызметтен бақыт тапқан
Қазақтың ақиық ақыны Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар жырын» білмейтіндер кемде-кем болар. Сол әннің қайырмасындағы «… Жүректе от жанып, тауларды бетке алып, бірге ұшып барамыз болашаққа» деген жолдар жүрегі бір, тілегі бір бақытты жандар, Тәшкенбаевтар әулетінің келесі бір кейіпкері, Қайраттың інісі – Бақыт пен оның жары Гүлденге арналғандай…
Бақыт пен Гүлден – осыдан он бес жыл бұрын шаңырақ көтерген жандар. Гүлденнің жүрегін жас офицер бірден баурап алады. Ақыры, екеуі бас қосып, кейінгі өмірге қадам басады. Осылайша бір үйдің гүлі әскери ортаға тап болады.
Әскери тәртіп. Әскери қызмет. Осының бәрін жолдасының жанында жүріп көзбен көреді. Ыстық-суығына бірдей төзеді. «Жас жұбай боп өмірге бір қадам басқанымыз әлі де есімде. Басында ортаға сіңу, ортаны білу, түсіну сәл қиын болды. Кейін үйрендім. Қазір біте-қайнасып кеттім десе болады», – дейді Гүлден Фазылқызы. «Қуанышы да, қиындығы да көп болды. Жас отбасы болғандықтан жатақханада шағын бөлмеде тұрған кездерімізді қазір сағына еске аламыз. Ол кезде енді кішкентайлы болған кезіміз. Сол сәбиіміздің күлкісімен, былдырлаған тілімен кейбір болмашы жайттарды ұмыттырып жіберетін», – дейді офицердің жұбайы.
Иә, әскери қызметтің аты – әскери қызмет. Қызмет бабына байланысты әскерилердің көшіп-қонып жүретіні бәрімізге аян. Сондай жағдайды Бақыт пен Гүлденнің отбасы да бастан өткерді. «Өзіңіз білесіз, әскери адам бір жерден екінші жерге қоныс аударып жүреді. Тек, жолдасымның жұмысы ғана ауыспайды, ондай кезде балалардың балабақшасы, мектебі де ауысады. Яғни, бәрімізге жаңа ортаға, жаңа жерге бейімделу керек болып жатады. Ондайға да бой үйреттік. Отанға қызмет еткен соң, жолдасымды біз қолдамағанда кім қолдайды?!», – дейді Гүлден. Иә, күні бүгінгі дейін бұл отбасының қоныс аудармаған жері жоқ. Көкшетау, Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында да тұрды. Қазір Бақыт Ұлттық ұланның Алматы облысы, Қаракемер кентіндегі әскери бөлімде ұйымдастыру және жинақтау бөлімшесінің бастығы.
«Осы жолы да биіктен көрінсін деген ниетпен азаматымды қолдап, жанынан табылдым. Қандай қиындық болса да бір кешіп, еш мойымай, төтеп беруге дайынбыз. Балалар кішкентай болса да, соны түйсінеді. Біз – біргеміз», – деді сөзінің соңында Гүлден Фазылқызы.
Гүлден өзі әскери болмаса да, әскери ортадағы шаралардан қалыс қалып көрген жоқ. Мәселен, «Әке мен ана» атты отбасылық байқауларға және мерекелік әрі патриоттық іс-шараларға белсене қатысады. Күні кеше әскери бөлімде ұйымдастырылған қайырымдылық кештің де бел ортасында жүрді. Сондай-ақ, ұлдары Мейрам, Диас, Әлиге Жұма аталарының тәлім-тәрбиесін беріп келеді. Басына бақ құсы боп бұйырған бұл арудың қадірін отағасы Бақыт та біледі. «Кешегі бір әкенің жұпар гүлі бүгінде менің «жангүліме» айналды», – дейді ол.
Иә, осылай бір-бірін сыйлап, қолдап, Тәшкенбаевтар отбасы әскери ортада ысылып, шыңдалып келеді. Болашаққа қадам басқан жарасымды жұптың ендігі мақсаты – ұл-қызын рухты, патриотты азамат етіп жетілдіру. Бүгінде Отан үшін қызмет еткен отағасы перзенттерін адал, шыншыл ғып тәрбиелейтіндеріне сенімді. Әрине, Тәшкенбаевтар әулетіндегі қыздардың жөні бір бөлек. Үйдегі ер балалармен үзеңгі қағысып, Отан қорғау жолында жүргендері зор құрметке лайық.
Қытайда «жасық темірден шеге жасалмайды, жасық жігіттен жауынгер шықпайды» деген нақыл сөз бар. Негізінен дұрыс айтылған сөз. Жасық адам қайралмаған қылыш сияқты. Баланың жасық болуы да, жасын болуы да ата-ананың тәрбиесінен. Демек, Тәшкенбаевтар әулетінде жасықтыққа жол берілмеген.

Арман ӘУБӘКІРОВ, Алматы қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Дауылбай ҚАРАШАЕВ: Кәсіподақтың атқарып отырған игі ісі көп

Адамдардың өмірі мен бостандығына қауіп төнгенде, қоғамда түрлі толқулар мен бүліктер орын алған кезде бірінші …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған