Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Парыз бен парасат жолында

Парыз бен парасат жолында

Өткен жылы ел полициясының құрылғанына 25 жыл толды. Мемлекетіміздің басқару жүйесінде Елбасының бағдарымен қоғамдық-саяси, әлеуметтік қарым-қатынастарды реттеуде заң талаптарының орындалуын жүзеге асыру мақсатында тынбай қызмет атқарып келе жатқан полиция қызметінің тәуелсіздік алған жылдардан бергі қалыптасқан өзіндік тарихы бар.
Полиция қызметі – қоғам ішінде тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндеттеле отырып, олардың халық алдындағы абыройы, ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың күресі жолында өлшенетіні рас. Сондықтан да Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында «Полиция қызметкерлерінің іскерлік қабілеттері негізінде іріктеу жүйесін жақсарту, кәсіби дағдыларын және жеке тұлғалық қасиеттерін тексеру үшін іс басындағы полиция қызметкерлерін және қызметкерлікке қандидаттарды тестілеудің арнайы жүйесін енгізу» керектігін атап өткен болатын.
Осыған орай, Ішкі істер министрлігінің Б. Момышұлы атындағы оқу орталығы полиция қызметіне іріктеліп алынған кандидаттарды оқытуды ұйымдастыруда кадрлардың біліктілігін арттырып және қайта даярлау функциясын жүзеге асыруда аянбай еңбек етіп келеді.
Аталмыш оқу орталығы бүгінгі заман талабына сай озық техникалық жүйелерді меңгерген, халық арасында заң тұрғысында дұрыс әрі сауатты жұмыс жүргізе білетін, кәсіби біліктілігі жоғары ішкі істер органы қызметкерлерін даярлауға бар мүмкіндіктерін жұмсауда.
Елбасының былтырғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында еліміздің даму жолын жаһандық бәсекеге қабілеттілік деңгейіне жеткізу керектігін айтып өтті. Сол себепті, қай сала қызметкерлері болсын еліміздің өркендеуіне зор үлес қосуы керек деп ойлаймын.
Бұл ретте полиция қызметі – қоғамымызда құқықтық сананы қалыптастырып, халықтың сеніміне ие бола отырып, қылмыстың алдын алу, олардың жолын кесу жұмыстарын кәсіби тұрғыда атқарулары тиіс.
ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығы елімізде полиция қызметінің абыройы мен айбынын асқақ ұстайтын мамандарды даярлау барысында оқытуда әдістемелік және тәжірибелік процестерін тиімді пайдалана отырып, олардың дене тәрбиесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлініп, жауынгерлік күрес қабілеттерін де шыңдауда. Оқу орталығының бастығы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, полиция полковнигі Бекайдар Тойлыбаевтың басшылығымен оқытушылық шеберлігі жоғары, тәжірибесі мол, ғылыми атақ-дәрежелері бар оқытушылар ұжымы «Құқық қорғау қызметкерлері» мамандығын жан-жақты дайындау мақсатында дәрістер өткізеді. Оқу процесін жүргізуге барлық жағдай жасалған: аудиториялық қор, арнайы және жалпы кітапхана, спорттық база, әскери лагерь, асхана және медициналық қызмет көрсету пункттері, мәдени шаралар өткізетін орын, т.б.
Сонымен қатар, жас мамандардың қабілеттерін, өздері таңдаған мамандыққа деген қызығушылықтары мен ынта-жігерлерін арттыру мақсатында арнайы үйірмелер ұйымдастытылған. Мәселен, Криминалистика және арнайы техника циклы штаттық құрылымында криминалдық полиция желісінің «Кәсіби даярлық», «Криминалистика негіздері», «Арнайы техника», «Ішкі істер органдары қызметіндегі қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар», «Азаптауға қарсы іс-қимыл» пәндері бойынша заң ғылымдарының кандидаттары мен магистрлері дәрістер жүргізеді. Криминалистика циклының тәжірибе сабақтарын дамытатын үйірмелерінде жас мамандарды болашақ қызметке сақадай сай даярлау үшін 4 полигон және компьютерлік сыныптар жұмыс істеуде.
Халықпен тығыз қарым-қатынас жасай алатын, құқықтық-педагогикалық, құқықтық-психологиялық, құқықтық тәрбие мен мәдениетті қалыптастыратын кәсіби мамандар дайындауда оқу орталығы тек ішкі базамен ғана шектеліп қалмай, тыңдаушыларға толық деңгейде ақпарат беру мақсатында ІІД-нің арнайы мекемелерімен де бірлесіп жұмыс атқарады. Атап айтқанда, Жедел криминалистикалық басқармасы, Жедел басқару орталығы, тағы да басқа мекемелерге арнайы бару сабақтары болады. Сонымен қатар, Жылжымалы криминалистикалық зертхана арнайы оқу орталығына келіп, тәжірибелік сабақтар өткізеді. Мұндай тәжірибелік сабақтар қылмыс механизмін игеруге, яғни иіс, дауыс және саусақ іздері арқылы қылмыскерді анықтау, қылмысты ашу мен тергеу жұмыстарын тиімді жүргізу, оқиға орнында қалған заттай дәлелдемелерді іздеп табу, алу, бекіту, зерттеу үшін пайдаланылатын техникалық құралдар мен тактикалық тәсілдерді қолдануға үйретеді. Тыңдаушылар теорияны практикамен бекіту арқылы тергеудің нәтижелі және тиімді тәсілдерін жан-жақты пайдалануға дағдыланады.
Қоғамдағы тәртіп пен тыныштықты нығайтуда қылмыскерлермен күрес жүргізудің маңыздылығы орасан. Осы бағытта криминалистика саласының құқық қорғау қызметінде алатын орны ерекше. Себебі, бүгінгі таңда ауыр және аса ауыр қылмыстарды тез арада ашып, қылмыс жасаған адамдарға тиісті жаза тағайындау арқылы қылмысқа қарсы күрестің нәтижелігі артуда. Сол арқылы Қазақстан полициясы халық сенімін ақтап келеді.
Ақпараттар ағымындағы заманда жасөспірімдерді дұрыс жолға бағыттап, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауда қас қақпайтын маман дайындайтын Батыр Баукең аты берілген білім ордасы жоғары оқу орны болуға лайықты.
Мәдениеті мен өркениеті қарыштаған мемлекеттің құқықтық санасы, заңды құрметтеу руханияты жоғары болуы әрбір азаматқа байланысты. Ал, сол негізге апарар жолда аянбай еңбек етіп, абырой мен парыз деп жүктелген міндетті атқарудың бір парасы полиция қызметінің мойнында. Сол себепті, аталмыш оқу орталығы еліміздің елдігі үшін адал тер төгіп, жұмыс атқаруды міндет деп білгеннен бұрын «Бір мақсат – бір мүдде» аясында үлкен ел болудың мақсатын жүктегендігін парыз бен абырой деп біледі.

А. ҚАСЫМОВ, ІІМ Б. Момышұлы атындағы оқу орталығы

Сондай-ақ, оқыңыз

Өрт сөндірушілерде қонақта

Тараз қаласы №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде «Ашық есік күндерін» өткізу дәстүрге айналған. Өрт сөндірушілер …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған