Запастағы полиция полковнигі Дәулет ТЕМІРХАНОВ: «Динамо» – даңқты спортшылар ордасы

«Динамо» денешынықтыру және спорт қоғамы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, запастағы полиция полковнигі, Бүкілқазақстандық жекпе-жек сайыс және бүкілқазақстандық джиу-джитсу қауымдастығының вице-президенті Дәулет Темірхановтың саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнағаны өз алдына, Олимпиада саңлақтарын додаға дайындап, талай спортшының бағын жаққан спорт қоғамына сіңірген еңбегі де бір төбе. Еңбек жолын қарапайым милиционер болып бастаған ол қызмет жолында талай жетістікке жеткен, бүгінде ол тәлімі мол басшы. Орайы келгенде айтары мол арда азаматпен сұхбаттасқан едік.

Дәулет Әмірханұлы, қылмыстың алдын алуда алдынғы сапта тұратын «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшенің негізін қалаушысыз. Бұл бөлімшенің құрылғанына да биыл 20 жыл болады. Алғашқы құрылған жылдары «Арлан» қандай болды және бүгінгі қандай?
– Мен ішкі істер органдарында 1974 жылдан бастап істедім. Қызметті Алматы қаласында бастадым. Жалпы ішкі істер органдарында 37 жыл еңбек етіппін. Алғашқыда 1988 жылы арнайы мақсаттағы милиция жасағын (ОМОН) құрдық. Содан халықтың әлеуметтік жағдайы, қылмыстық ахуалға байланысты қажеттілік туындаған соң, Алматыда тағы арнайы мақсаттағы бөлім құрылды. Мен соған командир болып сайландым. Қазақстан бойынша «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімнің негізін қалаушысы да өзіммін. Содан кейін 1998 жылдары елоордамыз Астанаға көшірілгенде мен де шақыртумен осында келдім. Сол жылы елордамыз Астанада арнайы мақсаттағы «Арлан» бөлімін құрған болатынмын.
Ол кезде мемлекетіміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайы мәз емес, елдің астанасын құруға еңбектеніп жатқан кез. Соған қарамастан, елордамыз бой көтеріп келе жатқан жылдары есірткі бизнесіне, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жүргізетін, аса қауіпті қылмыскерлерге қарсы тұратын «Арлан» арнайы мақсаттағы жасағын осы жерде құрып, негізін қаладық. Құрылу тарихына келсек, елордамызбен қатар «Арлан» да биыл жиырма жылдығын тойлайды. «Арлан» Астананың құрылуымен тұспа-тұс келгесін де сол жылдары түрлі қиындықтарға тап болдық. Арнайы мақсаттағы аты дардай бөлімшенің ғимараты болған жоқ. Бұл бөлімшенің жұмысын ұйымдастыру үшін, яғни жасақ қызметкерлерін заман талабына сай қару, мылтық, қызметтік киіммен қамтамасыз ету үшін қаражат жеткіліксіз болды. Қаражат тапшылығынан, жасақ құрамын толық қызметтік құрал-сайманмен жабдықтай алмай біраз қиналдық.
Айталық, бар-жоғы 7-8 бронды кеудешені елу шақты қызметкер кезекпен киген кездер де болды. Сөйте тұра, ұрлық-қарлық өршіп, бұзақылар бет бақтырмай тұрған кезде жасақ құрамы есірткі контрабандасына қарсы күресу, ұйымдасқан қылмыстық топтарға тосқауыл болу сияқты маңызды міндеттерді атқара білді. Бастапқы жылдары бұл жасаққа жігіттерді өзім жүріп қатаң іріктейтінмін. Қаладағы спорт залдарды аралап, сол жерлерден екі иығына екі кісі мінгендей бойы ұзын, дене бітімі батыр тұлғалы, спортты серік еткен жігіттерді іздеп жүріп, жасақ құрамына қабылдадым. Олардың көбі спортпен шұғылданғанымен, қару асынып, мылтық атуға дағдыланбаған. Білектің күшінен бөлек, оларды бұл жұмысқа психологиялық-моральдық тұрғыда дайындау керек болды. Бір қызметкерге мұның бәрін үйретіп, тісқаққан маман етіп шығару үшін бес жылдай уақыт кетеді.
Бүгінгі «Арланды» кешегісімен салыстыруға келмейді, осы жиырма жылда арнайы жасақ қалыптасудың кезең-кезеңдерінен өтіп, өз алдына құрылым болды.
«Динамо» тақырыбына ойыссақ, «Динамо» спорт қоғамының Астана қаласындағы филиалының спорттық базасы заман талабына сай ма?
– Күн өткен сайын Динамода спортпен шұғылданатын тәртіп сақшыларының қатары артып келеді. Бүгінде «Динамо» ДШСҚ-ның спорттық базасында әйелдер мен ерлерге арналған жаттығу залдары, қоян-қолтық айқас залы, бассейні бар. Сонымен қоса, бұл жерде жас өрендерге арналған дзюдо, каратэ, таеквандо, бокс, жекпе-жек сайысы, жүзу және су добы спортынан 7 үйірме жұмыс істейді. Қала бойынша бұл спорт қоғамына 12 денешынықтыру ұжымы кіреді. Олардың ішінде ІІД, ТЖД сияқты маңызды құрылымдар бар.
Жақында Астана қалалық ІІД-не жаңа басшы Марат Қожаевтың келгенін білесіздер, ол спорттық базаны аралап, күрделі жөндеу жүргізу қажет деп тапты. Ол мұнда тек құқық қорғау органдары мен динамошылар ғана емес, осы ауданның тұрғындары да спортпен шұғылдана алатындай қоғамдық мәдени спорт орталығы қылуда ұсынып отыр. Сөзінің жаны бар, себебі расымен бұл ауданда спорт кешендері атымен жоқ. Мұндай шешімге келуімізге негізгі себеп болып отырған да осы фактор. «Динамо» денешынықтыру спорт қоғамының төрағасы ретінде Марат Шәдетханұлы спорт қоғамының жандануына мейлінше атсалысып жатыр.
Былтырғы жыл «Динамо» үшін несімен табысты болды?
– Бұрындары «Қайрат», «Трудовой резерв», «ЦСК», тағы да көптеген спорт қоғамдары болған, солардың ішінде «Динамо» ДШСҚ ғана өміршең мекеме болып отыр. Тәуелсіздік жылдарында динамолықтар қоржынымызға 62 медаль (алтын, күміс, қола) салған. Өткен жыл елімізде елеулі оқиғалармен есте қалды. ЭКСПО-2017 көрмесінен бөлек, Алматыда қысқы Универсиада ойындары өтті. Бұл ойындарда қанжығамыз майлы болды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан екінші орын алды.
Сонымен қатар, былтыр Жапонияның Саппоро қаласында өткен қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы төртінші орынға табан тіреді. Бұл халықаралық дәрежедегі спорттық ойындарда олжалы болуымызға үлестерін қосып жүргендердің дені динамолық спортшылар. Қазақстанның көптеген спорт түрі бойынша құрама командаларының басым бөлігін, нақты айтқанда 80 пайызын динамолықтар құрайды. Бүгінде «Динамо» даңқты спортшылар ордасына айналды.
Құқық қорғау қызметкерлері де «Динамомен» тығыз байланыста. Мұнда сақшылардың қандай дағдылары жетілдіріледі?
– Ел қорғаны – полиция қызметкерлері қызмет бабында түрлі жағдайларға тап болып, қандықол қылмыскерлермен бетпе-бет келіп жататыны рас. Осындай сын сағаттарда тәртіп сақшысы өз бас амандығын қаперге ала отырып, бұзақылардан өзгелерді қорғай білу керек. Қылмыскерге қарсы іс-қимыл, айла-тәсілдерді білмесе, бұл полицияға сын. Біз мұнда оларға осының бәрін үйретеміз. Ішкі істер органдарының әр құрылымдық бөлімдері үшін дәріс жүргіземіз. Жалпы сақшылар спорттан алыс емес қой, десек те кәсібилікті шыңдау үшін үнемі дайындақта болу керек.
Менің түсінігімше, полиция қызметкері ең алдымен спортшы болуы тиіс. Негізінен бұл салаға жігіттерді спорттан іріктеп алу керек сияқты. Мысалы, Бразилия, Қытай, Жапония елдерінде қарулы күштер қатарына, құқық қорғау органдарына белгілі бір спорт түрінен қара белбеуі бар спортшыларды ғана алады. Бұл елдерде қара белбеу құқық қорғау органдарына жолдама тәрізді. Негізі бізде де солай болу керек деп ойлаймын. Неге десеңіздер, олар дайын мамандар. Өйткені, спорт саңлақтары спортқа баулуды, яғни бастапқы даярлықты қажет етпейді.
Былтырғы жыл «Динамода» балалар және жасөспірімдер спорты жылы болып жарияланды. Биылғы жыл спорт қоғамында қандай ұранмен өтпек?
– «Динамо» денешынықтыру спорт қоғамы үшін биылғы жыл Астананың жиырма жылдық мерейтойына арналмақ. Барлық спорттық жарыстар, чемпионаттар осы айтулы датаға орайластырылған. Айталық, «Динамо» ДШСҚ-ның 7-салалық Спартакиадасы және барлық жасөспірімдер мен балалар спорттық жарыстары да жиырма жылдыққа орай өтеді.
Таяу күндері Оңтүстік Кореяда жалауы желбірейтін Олимпиада ойындарында кімдерге үміт артып отырсыздар?
– «Динамо» өз алдына биылғы мерейлі жылы да еліміз үшін маңызды мақсаттар қойып отыр. Оңтүстік Кореда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына кем дегенде 40 жолдама жеңіп алуды жоспарлап отыр. Бүгінде қолда 35 жолдама бар.
Біз бұл тартыста шаңғышы Алексей Полторанин, фристайл-могул шеберлері Юлия Галышева, Дмитрий Рейхард және Павел Колмаковтан медаль күтеміз. Сонымен қатар, биатлоншы Галина Вишневская, фристайлшы Жанбота Алдабергенова, шорт-тректен Нұрберген Жұмағазиев, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаеваның жүлделі орындарды қанжығаларына байлауға мүмкіндіктері бар. Әлемдік ареналарда көк туымызды желбіретіп, ел намысын қорғайтын спортшыларымызды дайындауға «Динамо» ДШСҚ филиалдарының қосқан үлестері зор екенін орайы келгенде айта кетейін.
Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жадыра МЫРЗАХМЕТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*