Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Тәртіпке бас иген құл болмайды

Тәртіпке бас иген құл болмайды

Жиырма жылдан астам уақытын ішкі істер органдарына жұмсаған жан «Отан қорғау – міндетім» деп есептейді. Қазақстан полициясы құрылғалы басы-қасында бірге келе жатқан маман әскери қызметті мақтаныш тұтады. Ол үшін жауапкершілік пен уәде қасиетті тұмар секілді. Ақтөбе облыстық ІІД штаб басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Нұрбол Бектұрғановпен арадағы әңгіме төмендегіше өрбіді.
Нұрбол Мейрамбекұлы, әңгімемізді алдымен сіздің туған жеріңіз бен өскен, ер жеткен ортаңыздан бастасақ?
– Әрине, ер жігіттің туған жері – кіші Меккесі деп жатады ғой. Мен Ырғыз ауданының тумасымын. Әке-шешем, атам мұғалім болған. «Мұғалімдер династиясы» деп те атауға болатын отбасында өмірге келдім. Үйдің үлкенімін, соңымнан ерген бауырларым бар. Халықтың тыныштығын күзетіп жүрген басқа да жігіттер сияқты қарапайым ауылдан шыққан қазақтың ұлымын.
– Мұғалімдер династиясында өсіп, тәрбие алып, қалайша мүлдем басқа саланың маманына айналдыңыз? Әдетте, династия жалғасын табатын еді ғой…
– Негізі әкем мектеп бітірген жылы сол мұғалімдікке қарай баулыған. Бірақ, мен мұғалімдікті қаламадым. Дегенмен, осы салада жүрсем де, магистратураны тәмамдадым. Қазір заң ғылымдарының магистрімін. Амандық болса, зейнетке шыққаннан кейін ұстаздыққа бет бұруым мүмкін (күледі – ред.). Династияны әйтеуір бір жалғастырармын деген ойым бар.
Құдайға шүкір, атамнан бері жалғасып келе жатқан мұғалімдер династиясы үзіле қойған жоқ. Үлкен қызым қазір мұғалім боламын деп Алматыда оқып жатыр. Кішкентай кезінен мұғалім болуға, ұстаздыққа жақын. Сондай-ақ, жолдасым да мұғалім. Міне, көрдіңіз бе, өзім мұғалім болмасам да, әкемнің келіні мұғалім.
Ал енді тікелей сұрағыңызға келетін болсақ, сонау 1996 жылдың наурыз айынан бері осы ішкі істер органдарында қызметтемін. Өзі бір аумалы-төкпелі қиын замандар еді ғой. Кеңес үкіметі ыдырап, нарықтық қатынас дәуірі басталған. 1991 жылы әскерге шақырылған жігіттер қашып келіп жатты. 1992 жылы өзім сұранып, әскерге бардым. Ол кезде қаладағы индустриалды-педагогикалық училищеде оқып жүрген кезім. Қасымда бірге жүрген жігіттер әскерге барамыз деп талпынып жүрді. Солар түрткі болып, мен де әскерге өзім сұранып кеттім.
Әскери борышымды өтеу үшін халық арасында «Отар» атанып кеткен әскери гарнизонға түстім. Осы гарнизонда инженерлік-саперлық әскери бөлімде болдым. Сапер, радио-минер, саперлық бөлімшенің командирі болып әскери борышымды өтедім. Әскерден 1994 жылы келген соң, оқып жүріп 1996 жылы ішкі істер саласына қызметке келдім. Ол кезде өрт сөндіру қызметі ішкі істер саласына қарайтын еді. Ең алғаш өрт сөндіруші болып қызметке тұрдым. Кейін аға өрт сөндіруші болдым. Содан кейін полиция қатарына қарай қызметімді ауыстырдым. Содан бері қызметтің ыстығына да, суығына да төзіп келе жатырмын деп айта аламын.
– Қазір әскерге барғысы келмейтін жігіт көп. Тіпті күні кеше ғана жергілікті әскери бөлімнен бір сарбаз өз еркімен кетіп қалыпты. Әскери қызметін ойдағыдай атқарып, өмірінің жартысын ішкі істер саласына арнаған адам ретінде айтыңызшы, әскер жігітке не береді?
– Менің әскерден келгеніме 23 жылдан асты. Қиын-қыстау заман еді. Ол кезде әскери борышыңды өтеу оңай болған жоқ. Қазақстанның Қарулы күштері алғаш құрылып жатқан кезде алғашқы сапта әскерге кеттім. Көптеген офицерлер өз елдеріне қызмет етуге кетіп жатты. Қазақстанның офицерлері өте аз болды. Бірақ, әскерде адам шошырлықтай жағдайлар болған жоқ. Әскерге бару туралы халық арасында бір стереотип қалыптасып қалған сияқты. Әлі күнге сол ұғымды жоя алмай келеміз.
Менің ойымша, сақшы болу, сол жолда қызмет ету – еліміздің әрбір азаматының міндеті және абыройы. «Әрқашан әскери ар-намысыңды сақта, солдаттық борышыңа адал бол», «Сын ерді шыңдайды, қорқақты қинайды», «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлының қазақ азаматтарының жігерін шыңдайтын нақыл сөздері есте болу керек. «Ер – ел үшін туады, ел үшін өледі» демекші, қашанда халықтың ұлы болу – әрбір жігіттің биігі. Әсіресе, Отан алдындағы борышын өтеу – нағыз азаматтықтың белгісі. Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері анық. Әскери тәртіпті көзбен көріп, тіршілігін түйген жігіт біршама есейеді. Қуыс кеуде болып, қашып жүргеннен не пайда? Одан да әр жігіт Отан алдындағы парызын өтегені жөн. Бойында қазақтың қаны ойнаған, жүрегінің түгі бар жігіт бұл жауапкершіліктен жалтармайды. Күнде ана қапталдан бір, мына қапталдан бір шығып қарумен түйреп жатқан жау жоқ. Мамыражай заманда әскерге бару арқылы бұлшықетті жаттықтыруға, күш пен қайратты жинауға болады.
Біз жігіттерді әскерден безуге емес, соған ұмтылдыру жолында жаппай қызмет етуіміз керек. Керек кезде, досың үшін жан қию әскери заңдылықтардан бастау алатыны сөзсіз. Досын сатпаған адам Отанын да сатпайды. Жігіттерге бос белбеу болып жүрген жараспайды. Жігітті еркек қылып қалыптастыратын бірден-бір мектеп – ол әскер. Балаң бозбала болып әскерге келесің, есейген, жауапкершілігі бар, кәдімгі ер азамат боп шығасың.
– Ұлыңызды әскерге жіберер ме едіңіз?
– Үлкен ұлым қазір 10-сыныпта оқып жүр. Кіші ұлым бастауыш мектепте. Егер олар әскерге жарамды болып жатса, неге жібермеске? Жігіттің өміріндегі қызығы мен қиындығы қатар жүретін ерекше мектеп ол. Сондықтан балаларымның әскерге баруына қарсылық білдірмес едім.
– Қазір балаларыңызды әскери тәртіппен тәрбиелейсіз бе?
– Үш балам бар. Бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отырмын. Қыздың тәрбиесіне жұмсақпын. Қыз бала қашанда қонақ қой. Қазақ қыздың бетінен қақпай, еркелетіп өсірген. Мен де сол ата-бабамыздың жолымен қызымды алақаныма салып өсірдім.
Құдайға шүкір, қызым осы уақытқа дейін жерге қаратып көрген жоқ. Мектепті «алтын белгімен» бітірді. Қазір де өз ортасында беделді. Ал ұлдарға келгенде сәл қаттылаумын. Әскери тәртіппен тәрбиелемесем де, ұлдарымнан жауапкершілікті, сөзінде, уәдесінде тұруды міндеттеймін. Ешқашан біреудің ала жібін аттамай, уәдесіне берік болуын талап етіп, тәрбиелеп жатырмын.
– Полиция қызметкерінің жұбайы болу әйеліңізге қиын емес пе?
– Оны өзінен сұрау керек шығар. Дегенмен, әлі күнге дейін менің қызметімді қиынсынғанын көрмедім. Біз көбінесе түздің адамымыз. Кештетіп келеміз, таң ата кетеміз. Кейде екі-үш күн, тіпті апталап үйге қонбайтын кездеріміз болады. Жұбайым ешуақытта қабағын шытып, қызметімді ауырсынған емес.
– Ата-анаңыз туралы не айта аласыз?
– Әке-шешем немерелері үшін жанын беруге даяр десем, артық айтпаспын. Кейде тіпті шешемнен «Баяғыда мен осындай тентектік жасасам, таяқ жейтін едім, қазір немереңіздің бетін қақпайсыз», – деп әзілдеп сұраймын. «Ертең өз немерең болған кезде түсінесің», – дейді анам. Жалпы, адам мейлі қандай салада жүрсе де, қандай қызметте отырса да, алдымен адам қалпын сақтай білуі керек деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Индира КЕРЕЕВА, Ақтөбе облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Отпен күрескен он жеті жыл

Азаматтық қорғау майоры Леонид Муньконың өртке қарсы қызмет саласында еңбек етіп жүргеніне 17 жылдан асып …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған