Көпке үлгілі қызметкер

Ішкі істер органдарының қызметкері болуға шынайы шешім қабылдаған әрбір азамат бұл қызметтің өзіне тән қиындықтары мен темірдей қатаң талаптарына әрқашан дайын тұруға, Тәуелсіз Отанымыз бен оның Президентіне адал қызмет етуге ант қабылдайды, таңдаған мамандығының қыр-сырын терең ұғына жүріп, қоғамдық қауіпсіздікті қалтқысыз қамтамасыз етуге уәде етеді.
Павлодар стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімі Штаб бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Данияр Есімов те осындай қызметтік асулардан өткен. Бүгінде ол антына адал қызметкер ретінде өз айналасындағыларға үлгі болып келеді.
Данияр Есімов 1981 жылы Павлодар облысы, Краснокутск ауылында дүниеге келген. Ауылдың орта мектебін бітіріп, 1999-2001 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде әскери борышын өтеген. Отан алдындағы өзінің азаматтық парызын атқарып, еңбек жолын құқық қорғау органдарында жалғастыруды шешеді. Содан бері, міне, 16 жылдан астам Павлодар стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімінде қызмет атқарып келеді.
Бала кезінен полицей болуды армандаған ауыл балаларының бірі болған Данияр ішкі істер органдарындағы қызметін қатардағы полицейден бастады.
Жеті жылдан астам кіші басшы құрамда қызмет атқарып, Қазақ гуманитарлық заң академиясында жоғары білім алған соң, кадр қызметінің инспекторы болып тағайындалды.
Кадр жұмысында 8 жыл бойы полиция лейтенантынан майорға дейінгі жолды жүріп өткен оны кадрлық жұмысты өте қанық білетін тұлға ретінде тануымызға болады.
Ол көп жылын кадр қызметіне арнаған, өз кәсібінің қыр-сырын жақсы білетін қызметкер. Ішкі істер органдарының жұмысы қызметкерлерді іріктеу, жеке құрамның кәсіби даярлығын шыңдауға байланысты. Данияр өзінің қызметтегі алғашқы ұстазын ұмытқан емес, оның есімі – Елена Ермоленко. «Ішкі істер органдарына қызметке келгенде осындай асыл жанмен таныстым, полиция туралы алғашқы әсерлерімді де осы кісіден алдым. Ол өзінің мол кәсіптік тәжірибесімен үнемі бөлісе отырып, сегіз жыл кадр жұмысының қыр-сырына, жақсыны жаманнан ажыратуға үйретті, көптеген кадр қызметкерін тәрбиеледі», – деп ұстазына деген ыстық ықыласын көрсетті.
Сонымен қатар, патриоттық рухты қалыптастырып, оның одан әрі нәтижелі жұмыс істеуіне оң бағыт, талпыныс берген тәлімгерлері Абай Камалұлын, Серік Нәжмиденұлын, Александр Григорьевичті, Александр Ертаевичті, Қапар Қайроллаұлын және де бүгінгі аға буын өкілдері Ғалым Жұмашұлын, Әйтке Жылқайдарұлын атап өтті.
Кадр қызметінен кейін 2016 жылы Данияр Штаб бөлімшесіне есепке алу-тіркеу тәртібін бақылау жөніндегі қызметке ауысады, жеткілікті тәжірибесі арқасында мұнда да өзінің міндеттерін жақсы атқарып келеді.
Бөлімнің қоғамдық өміріне белсене араласады, бірде-бір салтанатты іс-шара оның қатысуынсыз өтпейді деп айтуға болады. Әріптестерінің көмегімен мемлекеттік мерекелерге қатысты мәдени, салтанатты іс-шараларды шебер ұйымдастыра біледі. Павлодар стансасындағы ІІЖБ командасы қатарында спорт жарыстарында бірнеше рет жүлделі орынға ие болған.
Өзінің қызметте көрсеткен жоғары нәтижелері үшін ІІМ, Көліктегі ІІД, ІІЖБ бірнеше рет марапаттаған. «ҚР ІІМ үздігі» төсбелгісімен, І және ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы адал қызметі үшін» медальдарымен наградталды.
Полиция майоры Данияр Есімов өзінің азаматтық борышын адал атқарып, тапжылмай қажырлы еңбек етуімен көп жандарға үлгі бола алатын қызметкер. Оны уақытында дұрыс шешім қабылдай алатын, табанды, өз ісінің білгір маманы деп нық сеніммен айтуға болады.
Алдағы қызметінде полиция майоры Данияр Қайыргелдіұлына жұлдызы жарқырап, биік белестерден көріне беруіне тілектеспіз.

Анаргүл НҰРБАНОВА, Павлодар қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*