Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / 478 құтқарылған өмір – Жедел-құтқару жасағы жұмысының жемісі

478 құтқарылған өмір – Жедел-құтқару жасағы жұмысының жемісі

Өткен жылы Батыс Қазақстан облысының құтқарушылары төтенше жағдайлар кезінде 478 адамды, оның ішінде 150 баланың өмірін құтқарды. 273 адам эвакуацияланды, 197 зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетті, қиындыққа тап болған 156 адам шұғыл психологиялық көмек алды.
Мұндай сандар Жедел-құтқару жасағының 2017 жылғы қорытынды жиналысында мәлімделді.
2017 жылы жалпы саны 688 шақырту келіп түскен болатын. Соның ішінде тұрмыстық газдың шығуы бойынша – 327 рет, апаттық-құтқару жұмыстарының нәтижесінде 101 бала және қиын жағдайда қалған 106 науқас адамға көмек көрсетілді. 92 адам оқшауланған лифт ішінен шығарылды.
Құтқарушылар 60 рет іздестіру-құтқару жұмыстарын жүзеге асырды және 27 рет түрлі жол-көлік оқиғалары орын алған жерге барды. Өткен жылы құтқарушылар 3 рет өз-өзіне қол жұмсау фактісінің алдын алды.
Жедел-құтқару жасағының басшысы Асқар Килишев өз баяндамасында атап өткендей, былтыр 2016 жылға қарағанда тұрмыстық газдың шығуы секілді әртүрлі оқыс жағдайлар саны артқан. «Бұл жағдай қала тұрғындарының тұрмыстық жағдайдағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауы кесірінен», – деп атап кетті Асқар Орынбасарұлы.
Сондай-ақ, тұрғындармен жоспарлы профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Жыл ішінде құтқарушылар қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша 200-ге жуық білім және басқа да мекемеде 20 мыңнан астам адамның қатысуымен сабақтар өткізді.
2017 жылғы жаз айында жасақтың орталық базасында жүзуге үйрету жұмыстары бойынша оқу жағажайы ашылды. Шомылу маусымында жасақтың құтқарушылары, Білім басқармасы, Денешынықтыру және спорт басқармалары, Жасөспірімдер туризмі мен экология орталығы бірігіп атқарған жұмыс нәтижесінде 128 бала алғаш рет жүзіп үйренді.
Жазғы шомылу маусымы кезінде тұрғындар жаппай көп жиналатын су айдындарында күнделікті құтқару бекеттері орналастырылды. Адам қазасын болдырмау мақсатында бұл іске еріктілер де жұмылдырылды. Күнделікті нұсқаулықтан өткеннен кейін құтқарушы-еріктілер құтқару және байланыс құралдарын алып болған соң, қалалық су қоймаларындағы адамдар көп жиналатын орындарда кезекшілікке шығып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды бақылады.
Тиімді іс-қимылдар арқасында судағы адам қазасын болдырмау жұмыстары оң нәтиже берді. 2018 жылы бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табатын болады.
Қорытынды есепті жиналыста үздік құтқару бөлімшесі мен үздік жасақ құтқарушылары марапатталды. Жақсы атқарылған жұмыстарымен көзге түскен жасақтың құтқарушыларына алғыс айтылды.
2017 жылы 6 құтқару бөлімшесінің ішінен Марлен Беркалиев басшылық ететін №3 ҚБ ең үздік болып шықты.
М. Беркалиев І сыныпты құтқарушы, 2001 жылдан бері қызмет атқаруда, 2016 жылдан бері құтқару бөлімшесінің басшысы. Міне, екі жыл қатарынан оның бөлімшесі «Ең үздік құтқару бөлімшесі» атағына ие болып отыр. Бөлімше қызметкерлері ішінен Сергей Гохгальтер ІІІ дәрежелі «Құтқарушы» төсбелгісімен, Игорь Мурашкинцев, Ербол Хангереев, Шынболат Жаманқұлов, Сергей Гохгальтер, Марлен Беркалиев Батыс Қазақстан облысы ТЖД-нің Алғыс хатымен марапатталды.
Ал, бас құтқарушы Рустем Губашев «Жыл үздігі» облыстық жастар сыйлығының иегері атанды. «Жыл үздігі» жастар сыйлығы Батыс Қазақстан облысында жыл сайын өз қызмет етіп жатқан салаларында көзге түскен жас мамандарды қолдау мақсатында өткізілуде.
Рустем «Қайсарлығы мен батылдығы үшін» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды және де облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қолынан айтулы сыйлық алды.
2017 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік маман» иегері болып №1 ҚБ-нің І сыныпты құтқарушысы Рустам Рзыев танылды. «Егер Рустамды бір сөзбен сипаттайтын болсақ, ол адал, сенімді», – деп атап кетті жасақ басшысының орынбасары Рашид Нұрғалиев. Бүгінгі таңда ол ең тәжірибелі құтқарушы болып саналады. Жасақта 13 жыл қызмет атқару кезінде «жан-жақты сарбаз» деген ат алған, өйткені ол газ-түтіннен қорғау, парамедик, альпинист, сүңгуір, газкескіш, электр газымен дәнекерлеуші, стропальщик секілді 8 мамандықты игерген.
2017 жылғы жасақтың «Ең үздік маманы» І сыныпты құтқарушы, медициналық-психологиялық қызметінің басшысы Нұрмұхан Жұмағалиев атанды.
Нұрмұхан жасақтың тәжірибелі қызметкері, 15 жыл бойы әртүрлі қала және облыс аумағында орын алған төтенше жағдайларға қатысқан. Тәжірибелі және құрметті тәлімгер, жеке құраммен медициналық дайындық бойынша теориялық және практикалық сабақтар өткізіп келеді.
Батыс Қазақстан облысы ТЖД мен облыс әкімінің қолдау көрсетуі арқасында облыстық бюджеттен 2017 жылы жасаққа жалпы құны 79 млн теңгені құрайтын 29 атаулы қажетті жабдық алынды. Бұл 4 УАЗ автокөлігі, гидравликалық апаттық-құтқару құралдары, байланыс құралдары, әртүрлі үлгідегі шатырлар, қайық моторлары, гидрокостюмдер, мұз кескіш құрал, психологиялық бөлмеге керек-жарақтар және т.б.
«2017 жыл бізге көптеген нақты нәтижемен есте қалады. Біздің жұмысымыз кәсіби тұрғыдан қарағанда өте қиын болды. Бірақ, жасақ алға қойған міндеттерді орындады. Ал бұл жоспарлы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Біз әлеуетімізді арттырып, енді ең күрделі төтенше жағдайлардың, табиғи және техногендік қауіп-қатерлердің алдын алуға, адам өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға барымызды саламыз», – деп атап кетті ТЖД Жедел құтқару жасағының басшысы А. Килишев.

Л. АБДРАХМАНОВА, Батыс Қазақстан облысы

Сондай-ақ, оқыңыз

Борышкерлерге құрылған тұзақ

Елордалық Ішкі істер департаменті 11-30 сәуір аралығында сот орындаушылармен бірге «Борышкер-2018» жедел алдын алу іс-шарасы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған