Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Тағылымы мол тақырыптық экскурсия

Тағылымы мол тақырыптық экскурсия

Жыл басынан бері ІІМ Кадр жұмысы департаменті пен мұражай қызметкерлері рухани жаңғыру аясында бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Оның ішінде түрлі тақырыптық кештер мен кездесулер тұрақты ұйымдастырылды.
Бұл жолы еліміздің тарихи және мәдени мұрасын насихаттау және ішкі істер органдары қызметкерлерін аға ұрпақтың жауынгерлік дәстүрлерінде тәрбиелеу мақсатында ІІМ мұражайында 22-25 қаңтар аралығында аты аңызға айналған генерал-майор Иван Панфиловтың 125 жылдығына арналған «Жеңіс жолдарымен» тақырыптық экскурсия өз жұмысын бастады.
ІІМ Кадр жұмысы департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Құрымбаев мұндай игі бастаманың құқық қорғау қызметкерлері үшін берері мол екенін айтады. «Панфиловшы жауынгерлердің ерлігін көрген ұрпақтың бойында Отанға деген шексіз махаббаттың ұлт таңдамайтынын көрсетеді. Ұлы Отан соғысы жылдары дивизия құрамында отыздан аса ұлт өкілдері соғысты, олардың ішінде қазақтар, орыстар, украиндар, қырғыздар, еврейлер, беларустар және басқа ұлт өкілдері болды. Сондықтан тарихты түсіндіре отырып, қазақстандық патриоттық рухты тәрбиелеуге болады», – дейді департамент башысының орынбасары.
ІІМ Арнайы даярлық департаментінің қызметкерлері алғашқылардың бірі болып мұражайға бас сұқты. Ұлттық мұражайдың ғылыми қызметкері, запастағы майор Алмагүл Сәтмағанбетова келушілерге мұражай құрылымына қысқаша тоқталып, Отан үшін отқа түскен бабаларымыздың ерлігінен сыр шертті. «Жыл сайын Кеңес одағының милиция қатары жастармен толықты. Сауатты, жігерлі жастар жылдар өте сенімі мол, болашаққа жарқын көзбен қарайтын құрметке лайықты ардагер болды. Себебі, жас қызметкер – Кеңес үкіметінің уәкілетті қызметкері саналды. Өкінішке қарай, қылмыспен күресу жолында заң мен тәртіп бұзғандарға қасқайып қарсы тұрған талай жас милиция қызметкерлерінің өмірі қиылды. Қазақстандық милиция тарихында сақшылардың ерлігі мен батырлығы жайлы мысалдар аз емес. Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқандар көп. Кешегі тарихтың парақтарынан бөлек, бүгінгі бейбіт заманда басын қатерге тіккен құқық қорғау қызметкерлерінің батырлығын көріп жүрміз. Ащы суға сылқия тойып тізгінде отырған жүргізушіге тосқауыл болып, өзгелердің өмірін сақтау үшін кеудесін оққа тосқан, пышақтың жүзін қайтарамын деп қыршын кеткендер қаншама. Оның дәлелі, міне, мұражайдың сөрелерінде сақтаулы тұр.
Әрине, мұражай тек өткеннің жәдігерлерін сақтайтын орынға айналмауы тиіс. Сақшылардың қызметтегі сара жолдары, ерлігі мен батырлығы Отанға адал қызмет етудің, ел тыныштығын қорғау жолында өз бастарын қатерге тіге білетін өн бойы ерлікке толы жас қызметкерлердің шығуына өмірлік мектеп болуы қажет. Сондықтан осындай тақырыптық кездесулер мен экскурсиялардың мән-маңызы орасан», – дейді Алмагүл Сәтмағанбетова.
Бұдан кейін келушілер өткен ғасырдың 40-жылдарынан сыр шертетін залға кірді. Мұнда бүтін бір қабырғада генерал-майор Иван Панфилов басқарған дивизияның ерліктері мен әйгілі «Барбаросса» жоспарының сызбасы да сөреден орын алған. Тақырыптық экскурсия барысында мұражайдың ғылыми қызметкері келушілерге Панфиловтың адамгершілік және жоғары қолбасшылық қасиеті, аты аңызға айналған батырдың Отанды қорғау жолында көрсеткен ерлігі жайлы дәріс оқыды. Бұдан кейін мұражайға келген құқық қорғау қызметкерлері генералдың басшылық еткен дивизиясының қалай құрылғаны, соғысқа дайындықтың қалай жүргізілгені, панфиловшылардың түрлі ұлт пен ұлысқа қарамастан жауға қарсы тізе қосып, Отан үшін отқа түскені жайында түсірілген деректі фильмді тамашалады.
«Ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде мұндай шараның өткізілгені құптарлық іс. Бабаларымыздың ерлік істерін көріп, естіп, оқу арқылы біздің бойымызда да Отанды қорғау, өз қызметімізге бар жан-тәнімізбен беріліп, тәртіп бұзушыларға қарсы күресте табандылық танытуға деген ерекше сезім пайда болары сөзсіз. Кадр жұмысы департаменті мен мұражай қызметкерлерін осындай өнегелі істің өтуіне мұрындық болып жатқаны үшін рахметімді айтамын.
Шыны керек, бүгінгі тақырыптық экскурсиядан алған әсерім мол. Деректі фильмде аты аңызға айналған батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының өз командирі туралы естелігін тыңдадық. Осының өзі генерал Панфиловтың есімі тарихта үлкен әріптермен жазылғандығының дәлелін көрсетіп тұр. «Батыр болып тумайды, қалыптасады» деген қанатты сөз әріптестеріме қарата айтылып тұрғандай әсер қалдырды», – дейді кездесуден кейінгі әсерімен бөліскен ІІМ Арнайы даярлық департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Шоқан Жүзенов.

Жадыра МҮСІЛІМ, фото Бек ИМЕКЕШОВТІКІ

Сондай-ақ, оқыңыз

Интернационал-жауынгерлерге құрмет

Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінде Ауған соғысының ардагерлері мен Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыстардың қатысушыларына …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған