Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Әділет полковнигі Әділбек ДОСМАҒАНБЕТОВ: «Қақпа алдында кездесу» – маңызды стратегиялық жоба

Әділет полковнигі Әділбек ДОСМАҒАНБЕТОВ: «Қақпа алдында кездесу» – маңызды стратегиялық жоба

Жаза орындарынан бостандыққа шыққандарды жұмыспен қамтуды мақсат тұтқан әлеуметтік жоба осылай аталады. Қоғам болғасын оның ішінде оңы да, терісі де болып жататыны рас. Адами ала жіптен аттаушылық, қаскөйлік, тіптен қанішерлік те саналы түрде осы адамдардан шығып жатады. Кәнігі қанішерлікті айтпағанда абайсызда жаза басушылықтар бүгінгі күннің айқын көрінісіне айналған. Ал, олар біліп істеді ме, білмей ұрынды ма, қылмыс жасағасын жазасын тартуы тиіс. Жазасын сот белгілесе, оның өтеуін қадағалайтын қылмыстық атқару жүйесі болып табылады.
Міне, біз бүгін тыңдар құлаққа жағымсыздау естілетін, бірақ мемлекеттік жүйеде аса қажет құрылым болып табылатын осы бір орган туралы әңгімелеу үшін Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі Әділбек Досмағанбетовпен сұхбат құруды жөн көрдік.

– Әділбек Сейтбекұлы, алдымен осы қылмыстық атқару жүйесі туралы аз-кем мағлұмат бере кетсеңіз.
– Бүгінде еліміз бойынша түзеу мекемелері орналаспаған аймақ жоқ. Соның бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы. Біздің департаментке қарайтын алты мекеме бар. Оны жіліктеп айтар болсақ, 1 қауіпсіздігі орташа мекеме (ИЧ-167/3), 3 қауіпсіздігі барынша жоғары мекеме (ИЧ-167/2, 4, 9), 1 қауіпсіздігі барынша төмен мекеме (ИЧ-167/10), 1 қауіпсіздігі аралас мекеме (ИЧ-167/11) және 18 пробация қызметі бөлімі жұмыс істейді. Бұлардың әрқайсының жарғы мен заң талаптары аясындағы көтерер өз жүгі бар. Көрсетілген міндеттерінен ауытқушылық деген болмайды. Олар жалпы бір мақсатқа жұмылдырылған.
Осы орайда Ұлт жоспарының 33-қадамын жүзеге асыруда Мемлекет басшысының 2016 жылғы 8 желтоқсандағы №387 Жарлығымен «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясы» бекітілді. Осы бағдарлама аясында 2016 жылғы Үкіметтің қаулысымен іс-шаралар жоспарына сәйкес «Қақпа алдында кездесу» әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Бұл стратегиялық жобалардың ішіндегі сүбелісі деп есептейміз.
– Бұл жобаның ерекшелігі неде?
– Қылмыстардың көбі жұмыссыздық, табыссыздықтан жасалып жатады ғой. Ал абақтыдан босап шыққан адамға жұмыс табу екі есе қиын. Кейбіреуі нәпақа табамын деп жүріп қылмысқа қалай барып қойғанын өзі де білмей қалады. Біздің қарауымыздағы құқығы шектелгендермен әңгімелескенімізде оған көзіміз жете түседі. «Қақпа алдындағы кездесу» жобасының басты мақсаты – тар жерден босанып шыққандардың қоғамға сіңісіп кетуі үшін алғашқы күннен-ақ жағдай жасау болып табылады. Оны ресми түрде әлеуметтік бейімделу деп атайды. Мұның түйіні – жұмыссыз көп жүріп қалып, қылмысқа ұрынудың алдын алу болып табылады.
– Ал, бостандыққа шыққандар жұмыссыз жүрмеуі үшін оларды абақтыда оқыту жұмыстары жүргізіле ме?

– Тәуелсіздік алғалы қылмыстық атқару жүйесінде жүргізілген реформаларға байланысты сотталғандарды жазасын өтеу кезінде еңбекке тәрбиелеу қолға алынды. Оқып, кәсіп меңгереді. Оны тәжірибеде ұштастырады. Кейін бостандыққа шыққан соң кез келген жұмысқа кірісіп кетуіне жағдай жасалады. Бұл жаңағы айтқан кешенді стратегияның құрамдас бір бөлігі болып табылады. Сотталғандар мекеме келісімшартқа отырған өндіріс орындарында ағаш бұйымдары, темір бұйымдары, пластикалық терезелер мен есіктер, қыш құю, жиһаздар, нан өнімдері, жылыжайда қозықұйрық өсіру, тігін шеберханалары және құс бағу, қоян асыраумен айналысуда. Нәтижесінде облыс түзеу мекемелерінде жазасын өтейтін сотталғандар арасында тәртіп бұзушылықтардың саны жылдан-жылға төмендеп келеді, сондай-ақ, қайта жасалатын қылмыс саны азайған.
Қылмыстық атқару кодексінің 127-бабына сәйкес, түзеу мекемелерінде отыз жасқа толмаған сотталғандардың міндетті түрде бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiм алуы ұйымдастырылуы тиіс. Осы мақсатта ИЧ-167/2, 3, 4, 9 мекемелерінде орта білімі жоқ 229 сотталған білім алуда. Сондай-ақ, аталған мекемелерде 8 мамандық бойынша (тігінші әмбебап, газ-электрмен дәнекерлеуші, жиһаз жинақтаушы, ағаш ұстасы, өндіріс жабдықтарын жөндеу слесарі, электрмонтер, автомехник, токарь) жалпы 500 сотталған дәріс алып жатыр.
– Жақсы іс екен. Ал осыны қолдаушы мекеме, мемлекеттік ұйымдар бар ма?
– Осы мақсатта, Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты мекемелерден босатылған әлеуметтік көмекке мұқтаж сотталғандарды жұмысқа орналастыру және тұрмыстық жағдайын ұйымдастыру туралы «Қақпа алдында кездесу» әлеуметтік жобасы тиісті мемлекеттік мекемелермен (Жұмыспен қамту, Білім беру, Ішкі саясат, Денсаулық сақтау басқармалары) келісіліп, облыс әкімдігі бекітті. Яғни, қазіргі таңда бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған сотталғандардың қайта қылмыс жасауын болдырмау мақсатында, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға тиісті көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, «Колонияларда жұмыспен қамту-2017» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2017 жыл басынан бері жұмысқа 1045 (2016 ж. – 811) сотталған ақылы жұмысқа орналастырылды. Облыс түзеу мекемелерінде жазасын өтейтін сотталғандар үшін қосымша жұмыс орындарын ашу, кіші және орта бизнес субъектілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда түзеу мекемелерінде 31 жеке кәсіпкерлік жұмыс жасайды, онда барлығы 199 жазасын өтеуші жұмыспен қамтылған.
– Жазалау орындары мен еңбекпен түзеу мекемелері туралы әңгіме бола қалса, пробация қызметі туралы айтпау мүмкін емес. Өйткені, жаңағы сөз етіп отырған әлеуметтік бейімдеу, «Қақпа алдындағы кездесу» дегеніміздің бәрі осы бір ұғыммен тікелей байланысты ғой…
– Елбасымыздың «100 нақты қадам» саясатын жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласында 2017 жылдың 15 қарашасында «Пробация әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету орталығы» ресми түрде ашылды. Осы орталықты ашу үшін ОҚО әкімшілігі, прокуратура және жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, іс-шаралар жоспары бекітілді және әріптестік, өзара қарым-қатынасты дамыту жөнінде ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.
Бұл орталықтың мақсаты – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық, медициналық жәрдем, жұмысқа орналастыру, құжаттандыру, заң көмегін беру, зейнетақы және жәрдемақыларды рәсімдеуге көмек көрсету болып табылады. Сонымен қатар, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бойынша қызмет көрсетуді орталықтандыру, қызмет көрсетудің тәртібін және ретін «бір терезе» қағидасы бойынша жеңілдету, облыстағы пробация қызметі есебінде барлық тұлғаларды бақылау. Осы аталған көмектерді көрсету үшін тұрақты топ құрылған. Бұл жазасын өтеп шыққандарға жүйелі әлеуметтік көмек көрсетуге зор ықпал етеді.
Осы тектес пробация үйі бұған дейін облыстағы Шардара ауданында ашылды, бұл өз тиімділігін көрсетті. Пробация үйлерін алдағы уақытта Түркістан қаласында және Төлеби ауданында ашу көзделіп отыр. Түптеп келгенде алға қойған мақсат – сотталғандарды түзеу. Оларды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қатарға қосу. Елбасымыздың алға тартқан «100 нақты қадам» стратегиясының көздейтіні де осы. Адам құқықтарын барынша қорғай отырып, өркениетті елдер ұстанымына үн қосу.
– Сұхбат үшін алғыс білдіреміз.

Сұхбаттасқандар Айткен ШӘМШІ, Ақмаржан ЛЕСБЕКҚЫЗЫ

Сондай-ақ, оқыңыз

Өрт сөндірушілерде қонақта

Тараз қаласы №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде «Ашық есік күндерін» өткізу дәстүрге айналған. Өрт сөндірушілер …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған