Депатуттар – Қостанай Академиясында

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында он бағыт атап көрсетілген. Әр тармақ ел экономикасының дамуына серпін бермек. Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттің дамуы – жалпы ішкі өнім дамуының индексі болмақ. Бұл қазіргі таңдағы дүниежүзілік тенденцияға сәйкес келеді және қоғам мен мемлекеттің даму дәрежесін дәл көрсетеді.
Осы басым бағыттарды түсіндіру бойынша Мәжіліс депутаттары ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясына ат басын бұрды. Атап айтқанда, Парламент Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Василий Олейник пен Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Александр Суслов оқу ордасына арнайы келді. Олар Академияның жеке және ауыспалы құрамымен кездесіп, өздерінің жұмыс қорытындылары туралы есеп берді. Кездесу барысында ел экономикасының дамуы және биылғы жылы жарияланған Жолдау туралы сөз болды.
Келелі кездесуді Қостанай Академиясының бастығы, полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов жүргізіп, білім ордасына келген қонақтарды жиналған көпшілікпен таныстырды. Одан кейін Академияның тыныс-тіршілігі, қазір атқарып жатқан жұмыс барысы, Академияның жылдық бюджеті жайын сөз етті. Академия бастығының кіріспе сөзінен кейін депутат Василий Иванович өзінің жұмыс сапары, атқарған жұмыстары, Елбасының Жолдауы туралы айтып өтті.
Қазақстанда басқа елдердегідей мемлекеттің әл-ауқатын арттыру мақсатында жасалған әдіснама бар. Бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жалпы ішкі өнімнің өсуі мен ауыл шаруашылығын дамыту, халықтың әлеуметтік жағдайына өзара статистика жүргізу қарастырылған. Сондықтан осындай маңызды мақсаттарға жету үшін мемлекеттің ішкі жағдайына мән бере отырып, қоғам мен азаматтар дамуының айрықша индекаторын енгізген абзал деген пікір білдірді депутаттар. Жолдауда жүктелген міндеттерді Академия қызметкерлері де терең түйсінеді.
Елбасы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеруге баса назар аудару қажеттігін айтты. Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында да агроөнеркәсіп кешені басты бағыттардың бірі болып көрсетілген. Халқымыздың 44 пайызы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан жаңа технологияларды ең алдымен жергілікті елді мекендерге енгізу қажет. Бұл – адами капиталды арттырудың басты тетіктерінің бірі.
Кездесуден кейін депутаттар Академияның мұражайын аралап, оқу орнының тыныс-тіршілігімен етене танысты.

Мейрам ОСПАНОВ, Қостанай қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*