Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Полиция подполковнигі Есболат ШӘЙМЕРДЕНОВ: Елбасы Жолдауы – ел болашағының бағдары

Полиция подполковнигі Есболат ШӘЙМЕРДЕНОВ: Елбасы Жолдауы – ел болашағының бағдары

Елбасы жолдаулары – елімізде жүргізіліп отырған саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды тереңдету бойынша, халықаралық қауымдастықта Қазақстанның рөлі мен орнын бекіту, оның саяси беделін арттыруға бағытталған еліміздің жалпы дамуын айқындайтын басты стратегиялық құжат болып табылады. Елбасы Н. Назарбаевтың ағымдағы жылдың 10 қаңтарында Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына орай Көліктегі Ішкі істер департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция подполковнигі Есболат Шәймерденовтің пікірін білуді жөн көрдік.

Есболат Жұмағатұлы, жаңа әлемге, яғни төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайтын Жолдаудың біздің еліміз үшін қаншалықты маңызы бар?
– Бүкіл халық 10 қаңтардан бері Президентіміз жариялаған Жолдауға қатысты өз көзқарастарын айтып, қолдап, пікірлерін білдіріп жатыр. Біз де Көліктегі Ішкі істер департаменті Ардагерлер кеңесінің мүшелері бұл Жолдау халқымызға өте маңызды деп ойлаймыз. Адамның өмір сүру деңгейіне бұл Жолдаудың ықпалы зор. Бүкіл саладағы даму еліміздің индустрияландыру деңгейіне байланысты болып келеді. Сондықтан да барлығымыз жетістікке жету жолында еліміз үшін аянбай еңбек етуіміз қажет. Индустрияны жаңа деңгейге дамытуымыз керек.
Мысалы, IT-технология бұрыннан біздің елімізде дамып келе жатыр. Астанада IT университеттер мен өзге де оқу орындары бар. Елімізде 2018 жыл «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналмақ. Бұл мәселелердің күннен-күнге шешімін табатынына менің сенімім мол.
Неге десеңіз, бүгінгі таңда баланың туу туралы куәлігі перзентханадан электронды мекенжайы туралы хабар беру арқылы, куәлік дайындалып, жіберіледі. Осы орайда, Алматы қаласында бірінші цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Цифрлық дамуда күн сайын ілгерілеу байқалуда.
Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту мәселесі жайында айта кетсеңіз.
– Қазақстан жерінде мұнайдың арқасында өмір бойына өмір сүруге болмайды. Ол да бір күні таусылады. Біз жер астындағы қазба байлықтарымызды пайдаланып жүре алмаймыз, артымызда өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың жағдайын да ойлауымыз қажет. Ресурстарымызды сақтап, оны өндіріп дайын түрде сатсақ, ол он есе қымбат болар еді. Сондықтан әрбір қадамымызды баспас бұрын ойлануымыз қажет.
Осы жылы елімізде халықаралық ЭКСПО көрмесін өткіздік. Мұның өзі үлкен жетістік деп санаймын. Бұрынғы тәуелсіз мемлекеттер арасында біз бірінші рет өткіздік. Бұл Қазақстан секілді жас мемлекетке артылған үлкен сенім. ЭКСПО – ол жай ғана көрме емес. Біз осы халықаралық көрме арқылы энергия саласындағы дамудың қаншалықты қарқынды екендігіне куә болдық. Онда болашақтың баламалы энергиясының түрлерін тамашаладық. Оның ішінде, жел энергиясы, су энергиясы, күн энергиясы, тағы да өзге әртүрлі энергияларды ұсынды.
Тағы бір айта кететін мәселе – біз цифрлық дәуір деп қана қоймай, адамдарды да ойлауымыз қажет. Цифрлы дәуірде жұмыс орындарының саны азаяды, сондықтан оларды жұмыс орындарымен қамтамасыз етуіміз керек.
Бүгінде елімізде агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі қандай деңгейде жүзеге асуда?
– Елбасымыз жыл сайын еліміздің өнеркәсіппен шұғылданатын аймақтарына барып, арнайы іссапарлар жүргізген болатын. Онда елімізде осы саланы дамыту үшін қанша қаражат қажет екенін, өндірісті дамыту үшін қандай қажеттіліктер керектігін сұрады. Мысалы, қарапайым ғана қантты біз сырттан аламыз. Егер өз елімізде өндірсек, агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамитын еді. Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Бірақ, қазір ол жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз керек.
Жолдауда он басымдық бойынша әрбір саланы дамыту мүмкіндіктері жайлы айтылады. Соның ішінде көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру мәселесіне кеңінен тоқталып, көлік ағымын тиімді басқаруға және инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін, өңірлік қатынастарды жақсарту мәселесін атап өтеді. Осы орайда қандай пікір білдірер едіңіз?
– Бүгінде Қазақстан арқылы бірнеше трансконтиненталды дәліз өтеді. Жалпы біздің еліміз арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17 пайызға өсіп, 17 миллион тоннаға жуықтапты. Және де ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту мәселесін де атап өтті. Жол кеңейтілген, жол түзетілген. Көлік ағымын тиімді басқарсақ, ол бізге пайда әкеледі деп ойлаймын.
Құрылыс және коммуналдық секторға заманауи технологияны енгізу қандай деңгейде дамуда?
– Құрылыс жөніне келсек, қаншама құрылыс салынып жатыр, үйлер соғылуда. «Неліктен 18 миллион қазақтың көп бөлігінің баспанасы жоқ?» деген мәселеге келіп тоқталамыз. Құрылысты дамытуда Елбасымыз көбірек үй салу қажеттігін және қолжетімді тұрғын үйдің пайызын төмендетуіміз қажеттігі жөнінде тоқталып өтті. Әрине, ол дұрыс.
Ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыру жөнінде айтып жатыр. Ол мәселе бұрыннан бар. Кейбір кезде Астананың шет аймақтарынан арбамен су тасыған адамдарды көреміз. Сондықтан Елбасымыз осы мәселені қозғап отыр. Таза су – ол денсаулық кепілі болып табылады. Сондықтан ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі әрқашан да өзекті мәселе болып қалады.
Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігіне байланысты соңғы үш жылда жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қосып алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталыпты. Жемқорлықтың алдын алу үшін қандай шаралар қолдану қажет?
– Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді. Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең өзекті проблемалардың бірі. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз.
Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі – осы зұлымдықпен күресу болып табылады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу – бұл мемлекетте тұрақтылықты қамтамасыз етудің қажетті шарты», – деп айтқан екен кезінде Аристотель. «Кез келген мемлекеттік құрылыстағы басты нәрсе – бұл заңдар өзге де күн тәртібінің жәрдемімен істі лауазым иелері баю жолына түсіп кетпейтіндей етіп ұйымдастыру. Жалпы жұртқа ортақ пайда келуін ойластыратын мемлекеттік құрылыстар ғана әділ, дұрыс болмақ», – дейді ежелгі ойшыл ғалым. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны айқын. Әрбір қоғам дамуының күнгей жағымен қатар көлеңкелі тұсы да қатар жүретіндіктен, елдің әлеуметтік хал-ахуалын жақсарып, экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуді, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген шаралар жасалынып жатқан кезде, алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз болып табылады.
Біз құқықтық салада жұмыс істегеннен кейін бұл біз үшін басты қадам болып саналады.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Бүгінде оның 60 қадамы орындалып қойды. Қалғандары, негізінен, ұзақ мерзімге арналған және жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Оның бірнеше қадамы құқық қорғау саласына арналған. Бұрын жас жеткіншектерді жұмысқа алу үшін оны бірінші бастық, екінші бастық қарайтын еді. Солай қызметке қабылдайтын болған. Ал бүгінгі таңда жұмысқа орналасқысы келген азамат арнайы агенттікке барады. Сол жерде арнайы сынақтан өтеді. Олардың аты-жөні жазылмайды, құпия шифрмен енгізіледі. Тек жасырын түрде тест өткізіледі. Содан кейін ғана сертификат беріледі. Сынақ барысында физикалық, психологиялық, мотивациялық, ситуациялық сұрақтар беріледі. Мен қызметкерлерді қабылдау комиссиясының құрамында болғандықтан өзгерістер енгізілгенін айта аламын. Сонда барлығы Президент айтқандай жүзеге асырылуда. Бұл да жемқорлықтың алдын алудың бірден-бір жолы болып табылады.
Жемқорлықты жою үшін полицейлердің жалақысы 25 пайызға көтерілді. Және де қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету керек. Қаражаттың жеткіліксіздігі, тұрғын үйдің жоқтығы осы жемқорлыққа әкеліп соғады. Біз, Ардагерлер кеңесі, желілік ішкі істер бөліміне, жас мамандарға осы жемқорлықпен күрес мәселесіне қатысты үгіт-насихаттарды үнемі жүргізіп отырамыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ақжан ИБРАГИМОВА,
суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Өрт сөндірушілерде қонақта

Тараз қаласы №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде «Ашық есік күндерін» өткізу дәстүрге айналған. Өрт сөндірушілер …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған