Осал нысандарға айрықша назар

Пәле қайдан дерің бар ма? Жан-жағың анталаған жау. Баяғыдай жоңғар немесе фашист келіп қалған жоқ. Ол жаудың аты – терроризм. Бетін аулақ қылсын, оның лаңы баяғыдай ондаған жылдарға созылып жатпайды. Бір сәтте-ақ апыр-топырын шығарады. Сондықтан кім болса да қамсыз қалмағаны жөн.
Қазір жер ғаламшарындағы барлық ел оған қарсы әрекет қылуда. Терроризм деген халық пен жер таңдамайтын көрінеді. Бірдеңеге қызықты дейін десең, оларға үлде мен бүлдеге бөлейтін байлығың да керегі жоқ. Сән-салтанатың да қажет емес. Ұстанымы тіптен бөлек. Ішті кернеген әйтеуір бір қыжыл.
Таяуда ғана жаңа жылдың қарсаңында Ресей президенті Сириядағы терроризммен күрестің аяқталғанын мәлім еткен. Және енді тағы бас көтеретін болса, оңдыртпаймыз дегенді білдірді. Олай дейтіні, қазір әртүрлі одақтарға біріккен барлық елдер осы бір «әпжыланға» қарсы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» отыр. Еуроодақ, Үлкен сегіздік болсын, тағы басқа да ірі ұйымдар қай кездесу-жиыны болмасын, әңгіменің біссімілләсін осы лаңкестіктен бастайтыны – соның дәлелі. Жиын төрінен орын алған мәртебелі басшылар өз елдерінде қауіпсіздік қарекеттерін жасауға міндеттенеді.
Біздің еліміз де сондай міндет алған. Ол негізінен күштік құрылымдарға жүктеледі. Оның басында ішкі істер органдарының тұратыны да белгілі. Таяуда нысандардың терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету туралы тексеріс жүрді. Дереккөз қуанта алмайды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген 300-ге жуық нысан анықталды. Оларға тиісінше айыппұл салынды.
Жалпы, терроризм тұрғысынан осал нысан деп адамдар көп жиналатын және жарып жіберуге ыңғайлы объектілерді айтады. Облыстық ІІД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі ҚР Заңына сәйкес және Үкіметтің 2015 жылғы 3 сәуірдегі «Террористік тұрғыда осал объектілердің терроризмнен қорғалуының типтік төлқұжатын бекіту туралы» Қаулысы негізінде өткен жылы 2 мыңнан астам объект тексерілгенін мәлім етті. Нәтижесінде, анықталған 300-ге жуық осал объектінің басшылары ӘҚБтК-нің 149-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол бап ресми құжат тілінде «Террористтiк тұрғыдан осал объектiнiң терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн сақтау жөнiндегi мiндеттерді орындамау немесе тиiсiнше орындамау» деп аталады. Жинақталған құжаттамалар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданған.
Қазіргі таңда соттың шешімімен 176 объектінің иелері мен басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Террористiк тұрғыдан осал объектiлердiң терроризмге қарсы қорғалуын, қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн сақтау жөнiндегi мiндеттердi орындамағандарға жалпы алғанда 22 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған.
Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД ЭҚІҚБ қызметкерлері террористік тұрғыдан осал объектілердің қорғалу жай-күйіне бақылау жасау және ұйымдастыру, заңнама талаптарын, нормативтік-құқықтық актілерді түсіндіру бойынша жұмыстар атқаруда.

Айткен ШӘМШІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*