Басқы бет / «Сақшы» газеті / Спорт / Полиция подполковнигі Талғат ҚОЖАБАЕВ: Спортшы полицейлерге қолдау көп

Полиция подполковнигі Талғат ҚОЖАБАЕВ: Спортшы полицейлерге қолдау көп

Спорт – тәртіп сақшыларының айнымас серігі. Бұған бүгінгі таңда талай ірі жарыстарда топ жарып жүрген полиция қызметкерлерінің жетістіктері дәлел. Солардың бірі – Көліктегі ІІД Арнайы даярлық басқармасының бастығы, полиция подполковнигі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Талғат Қожабаев.
Оның әлемдік, құрлықтық, ел ішінде өткен жарыстарда жеткен жетістіктерін санамалап шығудың өзі бірсыпыра уақыт алады. Сол атақтарының кейбірін атап айтар болсақ, ол қазақ елінің Түйе балуаны атанған; 2008 жылы Того елінің Ломэ қаласында өткен белбеу күресінен әлем чемпионатының жеңімпазы; 2008 жылғы самбодан полицейлер арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы және Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, 2010 жылы дзюдодан Андоррада өткен полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілер арасындағы Еуропа чемпионатының алтын жүлдегері, Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында өткен полицейлер мен өрт сөндірушілердің XV дүниежүзілік ойындарында алтын және күміс медальдар жеңіп алған.
– Талғат Нұржанұлы, 2017 жыл ел тыныштығы жолында еңбек етіп жүрген сақшыларымыз үшін ерекше жыл болды. Қазақстан полициясына 25 жыл толды. Бұл мереке сіздердің басқармада қандай деңгейде аталып өтті? Қандай спорттық жарыстар болды?
– 2017 жылы Қазақстан полициясының 25 жылдығына байланысты 11 желтоқсан күні Көліктегі Ішкі істер департаменті басшысының кубогі үшін қазақша күрестен жарыс өткіздік. Бұл сайысқа ІІМ Ұлттық ұланы, Астана қалалық Ішкі істер департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, Қылмыстық атқару жүйесі департаменті, Астана қаласынан үш күзет басқармасы қатысты. Бұл жарыс екінші рет өтіп отыр. Осы жолы ауыспалы кубокті біз жеңіп алдық.
– Өзіңіз спортқа қалай келіп едіңіз?
– Спортқа мені 6 жасымда Самат деген ағам алып келді. Ол кісі самбодан спорт шебері болатын. Бүгінде самбо, дзюдо, қазақша күрес және белбеу күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Қазақстанда полицейлер арасында күресіп, жарыстарға қатысып жүрмін.
2001-2005 жылдары Алматыдағы Спорт және туризм академиясы, 2005-2006 жылдары Орталық әскери спорт клубында оқыдым. Ол жерде тек спортшылар болды. 2006 жылдан бері полиция қатарында еңбек етудемін. Астана қалалық Жол-патрульдік полициясы басқармасында 9 жыл қызмет еттім. 2013 жылы Көліктегі Ішкі істер департаментіне ауысып келдім.
Біздің басқармамыз 2016 жылы 24 тамызда құрылды. Сол жылы Алматы және Ақтөбе қалаларында теракт болғаны баршамызға мәлім. Содан кейін министрлік тарапынан қызметкерлерді даярлайтын басқарма болып құрылды. Ашылған кезде басқарма бастығы болып тағайындалдым.
– Спортшы болуды армандадыңыз ба, әлде полиция қызметкері болуды ма?
– Спортшы болуды армандадым. Үлкен жетістіке жетсек, биік белестерден көрінсек деген арманмен өстік. Бүгінде ол арманым орындалды. Жарыстарда күресіп жүріп, президенттік күзет қызметіне жұмысқа орналасу туралы ұсыныс келген болатын. Ойланып жүрген кезде, Павлодарда Ішкі істер министрлігінің самбодан жарысы өтті. Сонда күрескеннен кейін полицияға жұмысқа кіруге ұсыныс түсті. Үйдегілермен ақылдасып, полиция қатарына қызметке келдім. Міне, содан бері 12 жыл бойы осы саланың қызығы мен шыжығын көріп келеміз.
– Өзіңіз қай өңірдің тумасысыз?
– Мен 1982 жылы 16 сәуірде Қызылорда облысының Тасбөгет деген ауданында дүниеге келдім. Әкем менің кішкентай кезімде қайтыс болған. Анам қазір өз қолымда. 70 жаста, 6 баланың анасы, күміс алқа иегері, зейнеттік демалыста. Бүгінде Астана қаласында Елбасы берген үйде анаммен, әйелім және үш баламмен тұрып жатырмыз.
Туған өлкемде өсіп, сол жерде спортқа бардым. Түрлі жарыстарға қатыстым. 7-сыныпта оқып жүргенде, Алматы қаласына көшіп, спорт мектеп интернатында оқыдым.
Екі қызым теннистен республикалық турнирді ұтты. Бірі – 6, бірі – 8 жаста. Былтыр желтоқсан айында Өскемен қаласында өткен жарыста бірінші орын алды. Кішкентай ұлым 3 жаста. Оны да спортқа баулу ойымда бар. Спорт адамды тәрбиелейді әрі күн тәртібіне де көп әсерін тигізеді.
– Тәрбиелеп жүрген шәкірттеріңіз бар ма?
– Әрине, шәкірт тәрбиелейміз. Жігер Сәкенұлы деген самбодан Қазақстанның спорт шебері бар. Кеше ғана Астана қаласының чемпионаты өтті. Сонда 1-орын алды. Енді ақпан айында өтетін Қазақстан чемпионатына дайындалу үстінде.
– Жас мамандарды тәрбиелеудегі негізгі қағидаларыңыз қандай?
– Барлығы жас қызметкердің өзіне және тәлімгеріне байланысты болады. Сол нұсқаушысы қалай жұмыс істеу, хаттама толтыру, темір жол вокзалы мен әуежайда қалай қызмет атқару қажеттігін үйретеді. Жұмасына бір рет өзіміз жаңа заңдарға байланысты сабақ өткіземіз. Жалпы полицияға салмақты, Отанына адал қызмет ететін, жауапкершілігі мол жігіттер қызметке келуі керек деп ойлаймын.
– Арнайы даярлық курстары туралы айта кетсеңіз?
– Біздің басқарма қызметкерлерді моральдық-психологиялық тұрғыда шыңдау жолында жұмыс атқарады. Былтыр 1230 қызметкерді 6 күндік казармалық курстардан өткіздік. Биыл да дайындалып жатырмыз.
Арнайы даярлық казармалық түрде өтеді. Далада, палаткада жатады. Таңғы 6-да оянады, содан кешкі сағат 11-ге дейін дайындықта болады. Дайындықтардың ішінде неше түрлі курстар мен оқулар бар. Әрқайсысының арнайы тәлімгерлері жұмыс істейді. Аптасына 1 рет сабақ өткіземіз. Кадр жұмысы басқармасы тоқсан сайын тексеріп отырады.
– Жастардың сіздердің мамандықтарыңызға деген қызығушылықтары қандай деңгейде деп ойлайсыз?
– Біреулер полиция қызметкері болсам деп бала кезінен армандап келеді, біреулер династиялық жолмен келіп жатады. Бізге сынақтан өткен қызметкерлер қабылданады. Біз оларды 3 ай оқытуға жібереміз. Ішкі істер министрлігінің оқу орталықтарында оқып келіп, жұмысқа кіріседі. Былтырғы жылға қарағанда, биыл көп қызметкер келеді деп ойлаймын. Себебі, интернет желісінен де қызметке орналысу туралы көп ұсыныстар келіп түсіп жатыр.
– Полиция қызметкерлеріне деген халықтың көзқарасы қандай, оны қалай бағалайсыздар?
– Полицияның ең басты міндеті – халыққа қызмет ету, қоғамдық тәртіпті қадағалау, сол үшін полицейлер қандай да жағдайға дайын болуы керек.
Халықтың көзқарасы жылдан-жылға жақсарып келеді деп ойлаймын. Оны Президентіміз де алдымызға мақсат етіп қойды. Елбасымыздың Жолдауында айтылғандай, департаменттің бастықтары халыққа есеп беріп отыруы керек. Бұл өте орынды. Сол кезде халық тарапынан да сұрақтар қойылады, атқарылған жұмыстардың нәтежиесін көруге болады.
– Алдағы уақытта қандай әлемдік жарыстарға қатысу жоспарыңызда бар?
– Алда біз қатысатын төрт жарыс бар. Қоян-қолтық ұрыстан турнир Көкшетау қаласында маусым айында өтеді. Атудан Тараз қаласында Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың атындағы үлкен полигонымыз бар. Ол жарыс шілде айында өтеді деп жоспарланып отыр. Самбо күресінен тамыз айында Маңғыстау облысында жарыстың жалауы желбіремек. Сосын қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысында, Петропавл қаласында президенттік көпсайыс өтеді.
Оның арасында департаментте іріктеу жарыстары болады. 18 ақпанда Көліктегі Ішкі істер департаментінің құрылған күніне орай спорттық жарыстар мен ойындар өткізіп, жеңіске жеткен қызметкерлерді іріктеп алсақ деген жоспар бар. Сол жарыстардан жеңіске жеткен спортшылар әлемдік деңгейдегі жарыстарға жолдама алады.
– Спортшыларға министрлік, департамент тарапынан қолдау көрсетіле ме?
– Спортшыларымыз үлкен жеңістерге жетіп жатса, көп көмек көрсетіледі. Елбасының атынан 2009 жылы Әлем чемпионатын ұтып келген кезде маған сол кездегі Астана қалалық Ішкі істер департаментінің бастығы Марат Ғанұлы әкімдікке ұсыныс жазып, Елбасы 7 мамыр күні Астана қаласынан 2 бөлмелі пәтер берді. Подполковник шенін де мерзімінен бұрын 2016 жылы Тәуелсіздік күніне орай министр берді. Спорттың арқасында жеткен осындай жетістіктеріміз бар. Министріміз әрбір жетістігімізді елеусіз қалдырмайды. Ол кісі өзі де жақсы спортшы. Волейболды жақсы ойнайды. Көліктегі Ішкі істер департаментінің бастығы да қоян-қолтық ұрыстан КСРО-ның спорт шебері.
Бүгінде полиция қатарында еліміздің танымал спортшылары да еңбек етіп келеді. Мәселен, Қазақстан қыздары арасынан тұңғыш рет бокстан Олимпиада жүлдегері атанған Марина Вольнова бүгінде Астана қалалық ІІД-де жұмыс істейді. Александр Винокуров та полиция полковнигі. Лондон олимпиадасын ұтып келгенде министріміз шен берген болатын.
– Жалынды жастарымыз бен спортшыларымызға қандай тілегіңіз бар?
– Әр адам өзі тұрып жатқан еліне, мемлекетінің өсуіне, жаңғыруына өз үлесін қосуы керек. Дамыған 30 мемлекеттің құрамына кіреміз деп жатырмыз. Сондықтан әр саланың қызметкері, әр адам өзін көрсетіп, дәлелдесе, еліміз дамиды деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ақжан ИБРАГИМОВА,
суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Шекара күзеткен сарбаз

Ақтөбелік тәртіп сақшысы Серік Қолғанатов тәжік-ауған шекарасына қазақстандық бітімгерлік батальонының кіргеніне 25 жыл толуына орай …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған