Теңдесі жоқ миграциялық орталық

Бірінші рет елімізде шетелдіктерге ешбір кедергісіз қызмет көрсететін миграциялық ХҚО ашылды. Өткен аптада оның ресми ашылу салтанатына Астанада Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев және ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов қатысты.
Бұл миграциялық ХҚКО – елімізде теңдесі жоқ алғашқы орталық. Бұдан былай шетелдіктер Астанада жұмыс істеуге рұқсат алу үшін бұрынғыдай бес күн жүрмей «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін осы миграциялық ХҚО-да бірер сағаттың ішінде құжаттарын рәсімдей алады. Мысалы, бұрын шетелдіктер елімізде жұмыс істеуге рұқсат қағазын алу үшін бас-аяғы бес күнін жоғалтатын. Ол аз десеңіз, бұл құжаттар бір жерден берілмейтін, оларға бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыруға тура келген-тін. Ал бұдан былай, елімізге келген шетелдіктерге барлық қызмет бір жерде көрсетіледі, оның үстіне талап етілетін құжат саны да қысқартылып отыр, бұл рәсімдер мейлінше ашық және электронды түрде жүргізіледі. Миграциялық ХҚО-ның ресми ашылу салтанатында осы жайлы айтқан Дәурен Абаев:
«Осы күнге дейін көптеген мигранттар еңбекке рұқсат алу рәсімі кезіндегі кедергілерден қашып, еңбекке заңсыз жалданып келгендері жалған емес. Енді олар үшін бұл рәсімдер мейлінше жеңілдетіліп отыр. Бұл тұрғыда еңбек мигранттарына бар жағдайдың жасалуы – жұмыс істеуге заң жүзінде рұқсат алатындардың санын арттырып, заңсыз еңбек мигранттарын азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай миграциялық ХҚО-ны еліміздің әр өңірінде, бірінші кезекте халық саны жағынан алда келе жатқан Алматы қаласында ашуды жоспарлап отырмыз», – деді.
Бұл миграциялық ХҚО-ның бірінші қабатында «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» орналасқан. Мұнда шетелдіктерге мемлекеттік қызметтің 10 түрі көрсетіледі, атап айтқанда шетелдіктерді тіркеу, виза беру, ұзарту, азаматтық беру және т.б.
«Шетелдіктер еңбекке рұқсат қағазын алу үшін алдымен мұндағы «Азаматтарға арналған үкімет корпорациясына» құжаттарын тапсырады, содан барып осында криминалистер кабинетінде дактиласкопиядан, медициналық тексеруден өтіп, сақтандыру полисін рәсімдеп, сәйкестендіру нөмірін алады. Мұның бәріне олар әрі кетсе бір-екі сағат жоғалтады. Бұрын жұмыс істеуге келген шетелдіктер алдымен тіркеліп, сосын барып еңбекке рұқсат алу сұрақтарын шешу керек болса, қазір әуежайдан тікелей осында келіп, барлық мәселесін бір жерде шеше алады. Бұл біріншіден, еңбек мигранттарының өздері үшін қолайлы болып отыр, сондай-ақ жұмыс берушіге де бұл жүйе тиімді», – деді Астана қалалық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Еркетай Тұтқышев.
Басқарма басшысының айтуынша, былтыр 2017 жылы 160 мыңнан астам шетел азаматы уақытша тіркеуден өткен, сондай-ақ, заңсыз жүрген 11 мың шетелдік жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 1800-і елімізден шығарылыпты. Миграциялық ХҚО ашылғаннан кейін мұндай фактілер азаяды деген сенімде. Астана қаласы Сейфуллин көшесіндегі Көші-қон басқармасы толығымен осында көшірілген. Көші-қон полициясы қызметкерлері бұдан былай жаңадан ашылған ХҚО-да бұрынғыдай ығы-жығы халық, ұзын-сонар кезек болмайды деп отыр. Себебі, барлық қызметтер электронды кезекпен көрсетіледі, оған қоса бұл ғимараттың арнайы кезек күтуге арналған кең залы да бар. 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап пилоттық тәртіпте іске қосылған миграциялық ХҚО-да күніне шамамен алғанда қысқы мезгілде 100-120 шетелдікке қызмет көрсетілсе, жаз айларында бұл сан 500-ге жетеді деп күтілуде. Айта кетсек, Иманов көшесінде орналасқан миграциялық ХҚО таңғы 9-дан кешкі 18:30-ға үзіліссіз жұмыс істейді.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ
Суреттер Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*