Қоғамдық қауіпсіздік басты орында

Елбасы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл басын «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жаңа Жолдаумен ашты. Бұл – Елбасының адамзат қадам басқалы отырған дәуірдің сипатына сәйкес еліміздің даму бағдарын бекемдеуге бағытталған кезекті маңызды мәлімдемесі.
«…әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді» – деген тұжырымның астарында Президент жаһандық өлшемдегі өзгерістерге қазірден дайын болу шартын қойып отыр.
Жолдауда көрсетілгендей, Қазақстан өзі көздеген мақсатты межелерді сенімді бағындырып, өзіндік даму формасын қалыптастырған елге айналды. Сондықтан, өндірісті индустрияландыру, көлік-логистика саласын дамыту, құрылыс пен коммуналдық секторға көңіл бөлу мақсатымен қатар сапалы да саламатты қоғам құру, әлеуметтің әлеуетін арттыру, рухын жаңғырту секілді міндеттер де алға шығуда.
Президент адами капиталды жаңғырудың негізі ретінде айқындап, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын одан әрі дамытып, азаматтарға әлеуметтік қолдау мен көмек көрсетуді арттыруды міндеттеп отыр. Әсіресе, «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» – деген талап орынды. Қазіргі құбылмалы заманның райын байқасақ, адам кез келген іске икемді, жаңалыққа жақын, алғыр, сыни көзқарасы қалыптасқан болуы керек.
Ал осы қасиеттерді бала жастан ұштау мақсатында педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау, тіпті жалақыларын 30 пайызға дейін өсіру ұстанымы – құптарлық. Өз кезегінде олар Президент айтқан қоғамымыздың идеалына айналуға жарайтын өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар азаматтарды тәрбиелеп шығара алады.
Дағдарысқа қарамастан, әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындарды арттыру көзделгені де осы Жолдауда айтылған. Биылдың өзінде бұл бағытқа бөлінген шығын 12 пайызға өскен екен. Осының есебінен зейнетақы да, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін берілетін жәрдемақы да өспек. Осындай әлеуметтік қорғауды шын қажет ететін топтарға мемлекеттік дәрежеде қолдау мен жанашырлық көрсету – игілікті іс деп білемін.
Жолдауды түйіндеген тараулардың бірі – «жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» деп аталады. Мұнда көрсетілген міндеттер сот және құқық қорғау органдарының жұмысын жаңғырту бастамасымен сабақтас, сондай-ақ оның заңды жалғасы.
Елбасы Жолдауда бұл бағыттағы жұмыс нәтижелеріне аз-кем шолу жасап өткен. Сөз жоқ, қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге қол жеткіздік, қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісі күшейді.
Сонымен қатар, бәрімізге белгілі, жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылды. Полиция қызметкерлерін іскерлік қабілеттері негізінде іріктеу жүйесі жақсартылды. Мұның барлығы Елбасы белгілеп берген нақты даму қадамдарының жемісті жүзеге асып келе жатқанын көрсетеді. Президент соңғы Жолдауында осы жұмыстарды жалғастыру қажет екенін тағы жеткізді.
Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласы Елбасының жіті назарында. Сондықтан ол бұл саланың да өз қызметін жаңа технологиялармен, интеллектуалды жүйелермен етене байланыста дамытуды тапсырып отыр. Осының негізінде «көшелерде және адам көп жиналатын қоғамық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керек». Бұл ішкі істер органдарының қызметіне, оның ішінде құқық бұзушылықтардың алдын алу мен анықтау жұмыстарына тың серпін берері сөзсіз.
Елбасы Жолдауы әлем Төртінші өнеркәсіптік революция деп аталатын жаңа кезеңге аяқ басқан тұста жарияланып отыр. Президент Н.Назарбаев бұл үрдісті Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы тарихи мүмкіндік деп қарастырған. Қоғам өмірінің кез келген саласына құлашы кең, мүмкіндігі мол жаңа технологияларды кіріктіру арқылы еліміз таңдап алған даму жолын даңғыл ету ниетінен ешкім де қалыс қалмақ емес. Ішкі істер органдары да өз қызметінде Елбасының осы стратегиялық жоспарларын, нақты тапсырмаларын назарда ұстап, ілгері дами бермек.

Өмірзақ БОЛСАМБЕКОВ,
Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*