Үш рет ерлік жасаған

Сержан Кәрімжанұлы 2010 жылы Шымкент қаласындағы №77 мектепті бітірген соң Көкшетаудағы техникалық институтына оқуға қабылданады. Мамандық алып, қаланың қайнаған тіршілігіне келген өрт сөндіруші жиі-жиі өрт дабылдарына шығады. Ол әрбір дабылда өзінің қағілез қимылымен ерекшеленеді. Соның бірі өткен жылдың ақпан айында Шымкент қаласындағы Тәуке хан даңғылы бойындағы көпқабатты үйде болған өрт оқиғасы еді.
15 ақпан күні кешқұрым 18 сағат 52 минутта №3 өрт сөндіру бөліміне көпқабатты үйдің екінші қабаты отқа оранып жатқаны туралы хабар келіп түседі. Тілсіз жауды ауыздықтауға қажетті құрал-сайманы толық қамтылған көліктермен дабыл қағып, оқиға орнына жедел жеткен жеке құрамның ішінде Сержан да бар еді. Көк түтінге оранған пәтер ішінен ешнәрсе көрінбейді. Оның үстіне жоғары температура мен жарылған жылу құбырының ыстық суынан бөлмелерге бас сұғу мүмкін емес. Алайда, қандай жағдай болмасын адам шығынын болдырмау, дер кезінде өрттің алдын алып, айналаны жалын шарпымауын қамтамасыз етуді кәсіби борышы санайтын өрт сөндірушілердің шешуші сәтте ойланып жататын уақыттары жоқ еді. Азаматтық қорғау аға лейтенанты С. Әбдіханов бастаған үш жігіт жуыну бөлмесінен ес-түссіз жатқан 27 жастағы азаматты алып шығып, жедел жәрдем көлігіне тапсырды.
Бұдан бөлек осы аумақтан 19 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, тілсіз жау дер кезінде ауыздықталды. «Өзімізге қандай қауіп төнсе де ең бірінші кезекте адамдарды құтқарып қалуымыз керек. Бұл мемлекетіміздің бізге жүктелген аманаты» дейді жас маман. Артынша адам өмірін арашалағаны үшін ҚР ІІМ ТЖК төрғасының Алғыс хатын алды. Ал, одан кейін өткен жылдың тамыз айында Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылындағы Алматы-Термез тасжолындағы мұнай базасында тағы бір өрт оқиғасы тіркелді. 22 техника мен 150 адам, коммуналдық қызметтен қосымша 9 су тасығыш техника және өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған бұл тілсіз жаудың қауіптілігі де жоғары болатын. Жедел жеткен өрт сөндірушілер «Мұнай БК» ЖШС базасындағы 60 тонналық 12 темір жол эстакадасының, 20х22 метр болатын насосты стансаның жанып жатқанының үстінен түсті. Ең қауіптісі, цистерналарға жақын орналасқан 15 резервуар паркінің де жанып кетуі мүмкін еді. Шешуші сәт туғанда Сержан Кәрімжанұлы тағы да ерлігімен көзге түседі. Өзіне жүктелген жауапкершілікті жете сезінген аға лейтенант аптап ыстықпен бірге шарпыған жалын, будақтаған қою қара түтінге қарамастан лаулағын отқа беттеп, жанып жатқан цистернаның аузына арнайы киізді сулап жауып, төнген қауіптің бетін қайтарды. Мұндайда жанкешті ерлік екінің бірінің қолынан келмесе керек. Жанталаса көрсеткен жанқиярлық әрекеті ерлікке пара-пар еді. Себебі, кез келген уақытта қайнаған жанармайдан шыққан оттан жарылыс болуы әбден мүмкін. Осы ерліктің арқасында жақын орналасқан «Стратус Ойл», «Аргос», «Заңғар Ойл» ЖШС-лерінің жанармай толтырылған резервуар парктері, «Алматы» жанар-жағармай бекеті де өрттен аман қалды. Мамандар мұндай алапат өртті ауыздықтау екі тәулікке созылатынын айтады. Жігіттердің жанкешті қимылдарының арқасында өрт небәрі 6 сағатта сөндірілген. Ерекше ерлік үлгісін көрсеткен Сержан Әбдіхановтың кеудесіне бұл жолы ҚР Ішкі істер министрі Қ. Қасымовтың бұйрығымен медаль тағылды.
Сержанның биыл 23 маусым күні «Шымкент мұнай өнімдері» АҚ базасындағы жанар-жағармай сақтайтын резервуардан шыққан жойқын жарылыс кезінде үшінші ерлігін жасады. 36 техника мен 360 адам жұмылдырылған алапат өрт кезінде ерекше көзге түскен азаматтық қорғау аға лейтенанты С. Әбдіханов тағы да марапатталды.

Айша КАТЧАНОВА,
Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖД

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*