Су тасқынына тас-түйін дайындық

Таяуда Қызылорда облысы өңірлік коммуникациялық орталығында «Су тасқыны жағдайы мен су басу қаупінің алдын алу және жою мақсатында жүргізілген іс-шаралар» тақырыбында баспасөз-мәслихаты өтті.
Баспасөз-мәслихатына Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары А. Шаменов, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі О. Бержанов, Қызылорда облысы Жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы С. Сермағамбетов, «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалының басшысы Ж.Нұрымбетов, «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда облыстық филиалы басшысының орынбасары Ж.Ерназаров қатысты. Олар брифинг барысында облыс аумағындағы қалыптасқан су тасқыны жағдайы туралы мағлұмат берді.
Қызылорда облысындағы Сырдария өзенінің бойында ерекше бақылауға алынған 56 қауіпті учаске бар. Су тасқынын болдырмау мақсатында алдын алу шаралары жүргізілді. Азаматтық қорғаудың күш-құралдарының есебі дайындалды. 8 қаңтарда командалық-штабтық оқу-жаттығулар басталды. Оқу-жаттығу барысында облыс әкімінің орынбасары С. Сүлейменов Қызылорда облысындағы жедел әрекет ету қызметі мен азаматтық қорғау күш-құралдарының дайындығын тексерді. Оқу-жаттығу шарты бойынша «Болашақ» саяжайының маңында бөгет жарылды. Оның салдарынан саяжай тұрғындарының суда қалу қаупі туындады. Эвакуациялық іс-шаралар барысында медициналық және психологиялық көмектер көрсетілді. Көпшілік қаладағы эвакуациялық қабылдау пункті жасақталған №264 орта мектеп ғимаратына орналастырылды. Осы жұмыстармен қатар бөгеттерді нығайту жұмыстары да жасалды. Тұрғындарды көшіру үшін 83 эвакуациялық жинақтау пункті мен 104 эвакуациялық қабылдау пункті дайындалды.
Жергілікті атқарушы органдары Сырдария өзені арнасына жақын маңда және саяжайлық учаске аумағынының тұрғындарына ескерту, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Азаматтық қорғау қызметкерлері тұрғындарды су басу жағдайы орын алған кезде қалай әрекет ету керектігін түсіндіріп, оларға жадынамалар таратты.
Күн сайын Сырдария өзені арнасына және қорғаныс бөгеттеріне мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Жалпы бүгінгі күні облыс бойынша су тасқыны жағдайы тұрақты, дегенмен барлық күш-құралдар жоғары дайындықта екенін айта кетейік.

Қызылорда облысы ТЖД

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*