Басқы бет / «Сақшы» газеті / Әріптес келбеті / Алға жетелер тәлімгер

Алға жетелер тәлімгер

Қазақстан Республикасы жас әрі экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттер қатарында. Тәуелсіздігімізді алғаннан бастап сан түрлі қиындықтар мен кедергілерге толы өткелдерден абыройын түсірмей, еңсесін тік көтеріп өтіп келе жатыр. Елімізде кез келген азаматтың өзін дамытуына, сүйікті кәсібімен емін-еркін айналысуына, жалпы қоғамды өркендетуге толық мүмкіндік жасалған. Ең бастысы, еліміздің тыныштығын жан-жақтан қорғап тұрған қызметкерлер бар.
Ел тыныштығы десе көп адамның ойына шекара күзетіндегі немесе Отан алдында борышын өтеп жүрген жауынгерлер түседі. Әрине олардың қызметі өз алдына ауыз толтырып айтатын үлкен дүние. Алайда ішкі тыныштықты сақтау да жоғары бағалауға лайық әрекет. Соның бірі – Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы қылмыстық атқару жүйесі. Қоғамдық тәртіп пен адами қалыптасқан нормаларды бұзуға, қылмыс жасап, қоғам тыныштығына нұқсан келтірген адамдарды жаңа өмірге бейімдеуге, халыққа шат-шадыман күлкі мен тыныш өмір сыйлауға өз өмірін арнаған қызметкерлерді мақтанышпен айтуға тұрарлық. Себебі санаулы ғана ғұмырының бір бөлшегін сотталғандарға тәрбие беруге арнаған Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЛА-155/6 мекемесінде қаншама қызметкерлер бар. Соның бірі – мекеменің режим және күзет бөлімі тінту тобының жедел уәкілі, әділет капитаны Нұржан Бейсенқұлов. Нұржан Болатханұлы 1997-1999 жылдар аралығында Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін 2001 жылдың маусым айында жасөспірімдерді тәрбиелеу колониясында қызмет жолын бастаған. Содан бері 16 жылдан аса уақыттың ішінде бір мекемеде қызмет атқара жүріп, қатардағы құрамнан аға басшы құрам лауазымына дейін өрлеп, қызметін мінсіз атқарып келеді. Қызмет атқару барысында мекеме, департамент басшылығы тарапынан бірнеше рет марапаттауларға да ие болды. Таудай талабының арқасында қызмет атқарған жылдар ішінде қаншама жас қызметкерлерге тәлімгер болып, олардың сапалы офицерлер қатарына қосылуына да себепші болды. Әділет капитаны Н. Бейсенқұловтың тәлімгерлігінде болған қызметкерлер бүгінде өз алдында жас қызметкерлерге тәлімгер атануда. Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Біз осындай жандардың тағылымды істеріне сай сый-құрмет көрсете отырып, олардан өнеге алып өсетін жас ұрпақ Отанына адал қызмет етеді деп сенеміз.
Еңселі азамат, екі баланың нардай әкесі, қылмыстық атқару жүйесінің үздік қызметкері, әділет капитаны Нұржан Бейсенқұлов әлі талай жас қызметкердің қылмыстық атқару жүйесінің белді қызметкері атануына себепкер болатынына сенім мол.

 Д.АЛШЕРИЕВА, әділет майоры, Алматы

Сондай-ақ, оқыңыз

Полиция айбынын асқақтатқан азамат

Еліміздің көлік полициясында 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан білікті де білімді тергеушілердің …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған