Арасанда ашылмаған қылмыс жоқ

Алматы облысы Ақсу ауданына қарасты Арасан ауылы дегенде ең алдымен еске түсетіні – кезінде күллі он бес одақтас республикаға танымал болған «Қапал-Арасан» шипажайы. Кеңес Одағы кезінде осы бір шипажай бүкіл ауыл адамдарының жартысына жуығын жұмыспен қамтып отырды. Өкінішке орай шипалы суымен аты аңызға айналған сол санаторий нарықтың қатал сынына шыдас бере алмады. Кезінде бес қабатты еңселі ғимаратқа сыймай ауыл адамдарының үйін жалға алып жататын емделушілердің саны күрт кеміп, тоқсаныншы жылдары ақыры жабылып тынды. Кейін жекешелендірудің есті алған дүрбелеңі басылып, адамдар «өкімет өлтірмейді» деген санадан арыла бастаған кезде аумағы ат шаптыруға молынан жететін санаторийдің бір бөлігі ашылған болатын. Бірақ содан бері біресе жабылып, біресе ашылып келе жатқан демалыс орнының мәртебесі бір көтерілмей қойғаны болмаса табиғаты тамылжыған мекеннің адамдары малын өсіріп, бақшасын баптап тірлік етіп келеді. Жуырда жолымыз түсіп Арасан ауылдық округінің әкімі Р.Ғалымжановамен әңгімелесіп, ауыл тыныштығы жолында атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, жер жәннаты Жетісудың көрікті мекенінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен де танысқан едік.

– Роза Айтжанқызы, ең алдымен өзіңіз басқарып отырған ауылдың өткені мен бүгіні жайлы айта кетсеңіз. Өйткені, қылмыстық ахуалдың көрсеткіші тұрғындардың тұрмыс деңгейіне, ауылдың әлеуметтік жағдайына байланысты екені белгілі ғой.
– Арасан ауылы Қапал өңіріндегі ең бір сұлу, жазы қоңырсалқын, қысы жайлы елді мекен. Шілденің шіліңгірінде де басынан қар-шәлісін тастамайтын Жоңғар Алатауының етегіндегі ауыл туралы айтқанда ең алдымен табиғаттың шеберлігіне тоқтамай кете алмаймын. Қазақ жерінің қай бұрышы болмасын өзінің тылсым сырының тамырын бағзы тарихтан тартатыны шындық. Біздің өлкеміздің де өзіндік тарихы мол. «Әркімнің туған жері өзіне Мысыр шаһары» дегенмен де біздің өлкенің әр тасы мен талы тарих. Сөзімнің дәлелі үшін бірер ғана мысал келтірейін. Көкқия тауындағы «Аждаһаның демі» деп аталатын тас саңылауы бар, сол саңылаудан үнемі ыстық жел соғып тұрады. Ол жердің тасы да ып-ыстық болғандықтан қандай аяз болмасын қар тұрмайды, қыста ол жерді ордалы жыландар мекендейді.
Алыстан қарағанда кәдімгі жүректен аумайтын Баянжүрек тауы мен оған қарап қалың ұйқыға кеткен «Ұйқыдағы ару», небір бейнелерге енген тастар ашық даладағы көрме іспетті. Айта берсе бізде табиғаттың тылсым күшін паш ететін жерлер баршылық. Сондықтан да Арасанды – Жер жәннаты Жетісудың жауһары десе де болады. Жеріміздің осындай табиғатына тебіренген ақын-жазушылардың қаламынан туған дүниелер де жетерлік. Соның бірі – айтулы ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың:
Домбырамда күй тұнған,
Жанымнан толқып жыр туған.
Бір әуен айтып берейін,
Ояншы сәулем ұйқыңнан,– деп, «Ұйқыдағы аруға» арнаған өлеңі. Сонымен қатар, арада қанша жыл өтсе де көрермен көзайымына айналып келе жатқан «Гауһартас» фильмі де біздің ауыл маңында түсірілген. Арасан аумағында түсірілген бұдан басқа да біраз фильмдер бар. Мысалы, «Күзет бастығы» киносының кейіпкерлері біздің ауылдың адамдары. Беріде түсірілгендерге тоқталсам – «Жаужүрек мың бала» киносының да біраз бөлігі біздің жерімізде түсірілді.
Ал, шипалы суы туралы айтар әңгіме тым тереңде. Жер жүзіндегі небір жерлерде кездесетін шипалы сулардан кем түспейтін суы аңызға бергісіз.
Ұлы Отан соғысына Арасан ауылынан 160 азамат аттанып, соның 100-і қайтпай қалды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ауылымызда соғыста қайтыс болғандар мен соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш ашылды. Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де Отанын жаудан қорғауда жанын аямай, ұрыс даласында қалған жерлестеріміз бен соғыстан аман оралып, өмірлерінің соңына дейін туған ауылының игілігі үшін еңбек еткен ардагерлеріміздің ұрпақтарының аталарына арнап еңселі ескерткіш орнатқаны ауыл үшін үлкен қуаныш болды.
Бүгінде Арасан ауылында 2 мыңнан астам тұрғын бар. Округ бойынша тіркелген 220 шаруа қожалықтарының 148-і мал шаруашылығы және егін шаруашылығымен айналысады. Ауыл маңы гранит тасқа бай болғандықтан Гранит тас өңдеу зауытын салу да жоспарлануда. «Жетісу Гранит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл бүкіл әлем көз тіккен «ЭКСПО-2017» көрмесіне өз өнімдерін жіберді. Бұл да біз үшін ерекше оқиға болды.
– Роза Айтжанқызы, ауылдарыңызда бүгінгі күн талабынан туындаған қандай да бір жаңалық бар ма?
– Біздегі бір жаңалық – өткен жылдан бастап ауыл имамы, қоғамдық ұйымдар, әйелдер кеңесі және ақсақалдар кеңесі, округ әкімдігі бірігіп, ауыл адамы қайтыс болғанда жайылатын дастархан мәзірін бекітті және сый, жыртыс беру тоқтатылсын деген шешім қабылдады. Оның да өзіндік сыры бар. Мысалы, біздің қонақжай халық екеніміз әлемге танымал. Бір өкініштісі – біз осы бір жақсы қасиетімізді қаза үстінде де дәріптеуге құмармыз. Адам қайтыс болса, ас та төк дастархан жасап, қазаға қайырлы болсын айтуға келгендерді той дастарханында отырғандай сезімге бөлейміз. Әрине, баршылық пен кең дастархан деген жақсы, бірақ оның да өз орны бар. Тіптен біздің бабаларымыз қаралы шаңыраққа қазан астыртпаған, түтін шығартпаған ғой. «Елу жылда ел жаңа» дегендей бүгінгі заман өзгерісіне қарай ол салтымыздан айырылып қалдық. Біз шығарған шешім қазіргі нарық заманында қайғы жұтып отырған отбасыларына үлкен көмек болды.
Біздің негізгі бағытымыз – мал шаруашылығына баса мән беріп, мал басын көбейту. Бұл орайда атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде ірі қара мен ұсақ мал басы жыл санап көбейіп келеді. Ауыл адамдары да бүгінгі күннің ағымынан қалыспай жеке кәсіппен айналысуда. Мысалы, жеке кәсіпкер Әсел Ақашева «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында несие алып, шаштараз және тігін цехын ашса, Торғын Жақсылықова шағын наубайхана ашып, халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Жеке кәсіпкер Құралай Құлбекованың дүкені мен наубайханасы жұмыс істеуде, ол наубайхана тәулігіне 500 бөлке нан пісіріп, көрші ауылдық округтерді де қамтамасыз етіп отыр. «Сұлтан» шаруа қожалығының басшысы Е.Көлдейбаев сыйымдылығы бір жылда 400 басқа арналған мал бордақылау орнын салды. Осы кәсіппен айналысып жатқан басқа да адамдар бар. Бұл деген ауыл тұрғындары үшін жұмыс көздері ашылады деген сөз. Ауылға 1млн доллар инвестиция тартылып, Үкіметтің халықты жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалары орындалуда.
– Ауылдарыңызда атқарылып жатқан осындай игі істердің ауыл тыныштығын сақтап, құқық бұзушылықтардың алдын алуға да тигізген ықпалы зор шығар. Енді осы тақырып жайлы да ақпарат бере кетсеңіз.
– Ауыл тыныштығы үшін атқарылған ең қуанышты шараның бірі – жақында учаскелік пункттің тұрғын үйімен бірге салынған жаңа ғимараты ашылды. Бұл аудан үшін үлкен жаңалық болды десе де болады. Облыс бойынша учаскелік полиция инспекторларының жұмысын жандандыру, материалдық-техникалық жабдықтауды арттыру бағытында атқарылып жатқан игі істердің бір парасы біздің ауылға да бұйырды. Бұл ауылдағы учаскелік полиция инспекторының үнемі бекітілген әкімшілік аймақта болып, қылмыс пен құқық бұзушылықтарға уақытында ден қоюын қамтамасыз ететіні даусыз. Арасан ауылы бойынша өткен жылы 17 қылмыс тіркеліп, оның барлығы ашылды. Тіркелген қылмыстардың ішіндегі 10 факт бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша болса, оның алтауы мал ұрлығы.
Сонымен қатар, жуырда аудандық прокуратура өкілдері ауыл адамдарымен арнайы жиын өткізді. Жиын барысында олар тұрғындарға заңдарға енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіріп, «Ұрлыққа жол жоқ!» және «Мал ұрлығына қарсы іс-әрекет жөніндегі жол картасы» жобасының аясында аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Аталған жобада жекеменшік малды кезекпен бағу немесе келісімшарт бойынша арнайы бақташы жалдау қарастырылған. Прокуратура қызметкерлері шаруа қожалықтарының басшыларына аймақта мал ұрлығының алдын алу үшін тұрғындар есебінен ерікті жасақ ұйымдастыруды ұсынды.
– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*