Егемен елдің ертеңіне сенемін

Бүгінгі таңда жастардың ТМД және шет елдерде білім жетілдіруі, жоғары оқу орындарына оқуға түсуі жолға қойылды. Елімізде жастарды қолдау аясында мемлекеттік бағдарламалар жасалып, қалың көпшілік «білімді ұрпақ – бақытты болашақ» деп білетін болды. Осындай мүмкіндікке сәйкес Аспандияр Сапарғалиев Ресей Федерациясының Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік өртке қарсы қызмет Академиясында оқыды.
Аспандияр Сапарғалиев 1993 жылы 22 наурызда Павлодар облысы, Май ауданы, Қызыл-құрама кеңшарында дүниеге келген. 2000 жылы Қызылорда облысы Байқоңыр қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы №5 қазақ орта мектебіне 1 сыныпқа барып, 2009 жылы мектепті жақсы бағамен бітірді. Одан соң оқуын Қарағанды Республикалық әскери мектеп-интернатында жалғастырды. Білімге құштар жас Аспандияр Нұрланұлы 2012 жылы Ресей Федерациясының Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік өртке қарсы қызмет Академиясына оқуға түсіп, оны 2017 жылы жақсы бағамен тәмамдады. Қазіргі таңда ол Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы Халыққа хабар беру және оқыту тобының бас маманы болып қызмет етуде.
Аспандияр ата-анасының мақтан тұтар ұлы, көп балалы отбасында тәрбиеленгендіктен, 4 інісі мен қарындасының қамқор ағасы. Сонымен бірге, спортты жаны сүйетіні бар. 2003-2009 жылдар аралығында таэквондо спортымен айналысты. Республикалық, халықаралық, облыстық және қалалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды қанжығасына байлаған көк белбеу иегері.
Аспандияр өз сөзінде: «Бізге деген мұғалімдердің, туыстардың, жалпы тәте-ағаларымыздың көзқарасының ерекше екенін мектеп кезінен-ақ байқадым. Олар бір ерекше сеніммен, үміт артып қарайтын. Көп нәрсені үйреткісі келіп, «Сендер – біздің болашағымызсыңдар», — деп айтатын. Осындай жауапкершілікті қазірге дейін сезініп, қай салада болмасын жетістікке жетуге тырысамын», – дейді.
«Өмір бойы тәуелсіз Қазақстанда өсудің артықшылықтарын көріп келемін. Мемлекеттік білім грантының иегерімін. Менің ойымша, әке-шешемнің, әпкемнің, туыстарымның, мұғалімдерімнің, жалпы елдің сенімін ақтау – қасиетті борышым. Әлемде апаттар, қайғылы оқиғалар және соғыс болып жатқанда, аспаны ашық, тәуелсіз елде туып-өскеніме Аллаға сансыз рахмет айтамын. Бізді тәуелсіздікке жеткізу үшін, жанын құрбан еткен ата-бабаларымызға, аға буын ұрпаққа алғысымыз шексіз. Арманым – тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосу, біздің елдің бетке ұстар азаматы болу. Елдің туын асқақтатар – біз, тәуелсіз Қазақстанның ұландары», – дейді ол.

Айгүл НҰРМАНОВА,
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*