Ел болашағы – жастардың қолында

Жуырда Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен және Көкшетау техникалық институтының қолдауымен бейнеконференция байланысы режимінде жиналыс болып өтті. Бұл жиынның басқа жиындардан ерекшелігі – Көкшетау техникалық институтында оқитын ақтөбелік курсанттар мен олардың ата-аналары көгілдір экран арқылы қауышты.
Жиынды Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Ернұр Өтегенов пен Көкшетау техникалық институтының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Сырым Шәріпханов қатар өткізді.
Көкшетау техникалық институтының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Сырым Дүйсенғазыұлы жиынға қатысып отырған барлық курсанттарды жеке-жеке көрсетіп, олардың оқу деңгейлері мен тәртіптеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ, озат оқуларымен және спорт пен өнерден белсенділіктерімен көзге түсіп, институт мақтанышына айналған Д. Рахметқалиев, А. Туменов, Е. Марат, Б. Нурмуханов , В. Сильченко сияқты курсанттарды ерекше атап өтті. Ол: «Біздің институтты үздік дипломмен бітірген курсанттардың лейтенант погонын тікелей Елбасының қолынан алуы соңғы жылдары дәстүрге айналып келеді. Бұл – үлкен мәртебе! Сондықтан, осыған талпыну керек! Сондай-ақ, қазіргі қоғамдағы үлкен дерттердің бірі – діни экстремизм болып отыр. Ислам дінін жамылып, әртүрлі жаман әрекеттерге баратын теріс ағымдағы ортаға балаларымыздың шалыс басып, кіріп кетуінен сақтануымыз қажет», – деді өз сөзінде.
Ата-аналар КТИ басшылығының баяндамасынан курсанттардың 2017 жылғы көктемде болған су тасқыны кезінде құтқару жұмыстарына, сондай-ақ «ЭКСПО-2017» көрмесіне белсене қатысқандарының куәсі болды.
Мәнді де мағыналы өткен бұл кездесу Ақтөбе облысының ТЖД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бегіндік Таскентұлының болашақ құтқарушыларға арнаған толағай тілектері мен ақ батасымен аяқталды.

Ақтөбе облысы ТЖД кадр жұмыс бөлімі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*