Арнайы даярлық кәсіби биікке бастайды

Елдегі қоғамдық тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тәртіп сақшыларынан асқан жауапкершілік талап етіледі. Сондықтан полиция қызметкерлерінің кәсіби білімі мен біліктілігі сақадай сай болғаны абзал. Осы орайда Ішкі істер департаментіндегі жаңа құрылым – арнайы даярлық басқармасының алар орны ерекше. Оңтүстік Қазақстан облысында Арнайы даярлық басқармасы 2016 жылдың 5 қыркүйегінде құрылған болатын. Басқарманың қызметі туралы толығырақ білу үшін ОҚО ІІД Арнайы даярлық басқармасының бастығы полиция полковнигі Бақтияр Есжановтан сұхбат алған едік.

– ОҚО ІІД Арнайы даярлық басқармасының қызметі туралы тоқталып өтсеңіз?
– Полиция қызметкерлеріне жасалған шабуылдар бүгінде тек құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтастай қоғамның жан жарасына айналып отыр. 2016 жылдың шілде айында Алматы қаласында болған қарулы шабуылдың зардабы қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып кетті. Соңғы 5 жылда Қазақстанда қызмет бабымен 144 құқық қорғау қызметкері қаза болған екен. «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары туралы» заңның 8-бөлімі толықтай құқық қорғау қызметкерлерінің атыс қарулары мен арнайы құралдарын қолдануына арналған. Сондықтан құқық қорғау қызметкерлерінің қызметінде атыс қаруларын қолдану шеберлігінің орны ерекше. Алайда, оны дер кезінде, орнымен пайдалана білу үшін қызметкерлерге айтарлықтай тәжірибемен қатар білім де керек. Тәжірибенің жоқтығынан құқық қорғау қызметкерлерінің өз міндеттерін орындау барысында оққа ұшып, мерт болып, жараланып жататыны жасырын емес. Тәжірибе жинақтау үшін ұдайы дайындықтан өтіп тұрудың маңызы зор. Өйткені, әскери атыс жаттығулары жүргізіліп тұрмаса, құралайды көзге атады деген сұрмергендердің өзі қарайып қалады. Мұндай босаңсудың кесірінен полиция қызметкерлері қылмыскердің оғына байлануы мүмкін. Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментініӊ Арнайы даярлық басқармасы қоғамдық тыныштық пен халықтыӊ қауіпсіздігініӊ күзетінде тұратын, алғашқы соққыны өздеріне қабылдайтын полиция қызметкерлерініӊ жауынгерлік дайындық деӊгейлерініӊ заман талабына сай болуын басты мақсат етеді. Қазіргі таӊда Арнайы даярлық басқармасында облыстыӊ әр аудандарынан полиция қызметкерлері келіп, жауынгерлік даярлықтарын жетілдіруде. Сабақ барысында білікті мамандар ату, қоян-қолтық айқас, арнайы қорғаныс құралдарымен жұмыс істеу секілді шеберліктерді үйретумен қатар, теориялық дәрістер өткізіп, біліктіліктерін шыӊдауда.
– Қызметкерлерді арнайы даярлықтан қалай өткізудесіздер?
– Курс казармалық жағдайда өтуде. Күн кестесінің әрбір сағаты жоспарланып қойылған. Курстық жаттығулар кезінде олар бұрыштардан өту, қылмыскерлерді ұстау, күдіктілерді тінту секілді көптеген кәсіби машықтарды үйренуде. Спорт бойынша қоян-қолтық күрестен жаттығулар өтеді. Ендігі бір бағыт – оқ атудан мергендікті шыңдау. Тирде екі адамнан нысана алаңына шығарылады да, олар әуелі ерсілі-қарсылы жүгіреді, жаттығу жасап, небір кедергілерді өтіп, жүгіріп келеді де, нұсқаушы таймерді басқан кезде нысанаға 9 рет оқ атады. Оқ атуға 15 секунд, тапаншаны шығаруға 2 секунд, барлығы 17 секунд беріледі. Бір сөзбен айтқанда, қару қолдану қажеттілігі туындаса да, әскери самбо әдістерін қолдану қажеттілігі туындаса да, полиция қызметкері қорғануға дайын болуы қажет. Басты мақсат – қызметкерлердің жауынгерлік дайындығын жетілдіруге бағытталған. Дәріс барысында білікті мамандар қарудан ату, қоян-қолтық ұрыс, арнайы қорғаныс құралдарымен жұмыс жасау шеберліктерін шыңдай алады. Оқу-жаттығу сабақтарынан бөлек, полиция қызметкерлерін психологиялық және медициналық көмек тұрғыда даярлау дәрістері де ұйымдастырылады. Бұл қызметкерлер арасында өзара қарым-қатынас орнатып, бірлесе әрекет етуге, түрлі кедергілерді жеңуге дағды қалыптастырады. Оқу-жаттығу кезінде тәртіп сақшыларының төтенше жағдайларға төтеп берулері үшін физикалық, тактикалық әзірліктері мен психологиялық даярлығы қатаң тексеріледі. ОҚО ІІД Арнайы даярлық басқармасы құрылғалы ОҚО Ішкі істер департаментінің 2000-нан астам қызметкері білім мен біліктілігін жетілдіруге мүмкіндік алған. Аталған сабақтарға департаменттіӊ басқарма, бөлім қызметкерлерімен қатар, сыртқы қызмет салалары, яғни жол-патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары, кезекші бөлім қызметкерлерін оқытып келеміз. Сонымен қатар, көліктегі ІІД қызметкерлері де қатыстырылуда.

– Ең басты мақсатымыз – қызметкерлердің физикалық дайындығы деп атап кеттіңіз, осы турасында кеңірек тоқталсаңыз.
– Ішкі істер органдарында соңғы кездері қызметі атыс қаруымен байланысты қызметкерлердің кәсіби дайындығын барынша арттыру жұмыстары мейлінше жандандырылуда. Бірақ не дегенде де нысана көздеу мен тірі адамға оқ атудың арасындағы айырмашылық көп. Сондай-ақ, бүгінде қызмет бабындағы полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсету фактілері жиілеп кетті. Сондықтан да полиция қызметкерлері мұндай жағдайларға кәсіби тұрғыдан дайын болулары керек. Атыс қаруы дайындығы жөніндегі сабақтар полиция қызметкерлерінің төтенше жағдай кезінде қаруды мақсатты қолдана алуға деген сенімін және тирлердегі атудың стандартты жағдайларында, сондай-ақ күші мен сипаты әртүрлі оқыс жағдайлар кезінде де атыс қаруын қолдану шеберлігін қалыптастыру принципінде өтуі керек. Сондай-ақ, полиция қызметкерлерін атыс қаруын қолдануға үйретудегі дене дайындығы, қару қолдануында жылдамдық пен ептіліктің орны ерекше. Жылдамдықты дамытуға қоян-қолтық күрес секілді спорттық ойын түрлерімен айналысу көп жетістікке жеткізеді. Жоғары деңгейдегі дене дайындығы тек жекпе-жекте, қоян-қолтық ұрыста қорғануы үшін ғана емес, атыс қаруын қолдануына да зор көмек береді. Сол үшін тек аталған жаттығулар ғана емес, кез келген спорт түрі бұл тәжірибеге өз ықпалын тигізеді. Мәселен, бір жаттығу – қауіп-қатер кезіндегі полиция қызметкерлерініӊ жұдырықтай жұмылып, ортақ тәртіппен, бірдей бұйрықпен ұйымдасып, іс-қимыл жасауын мақсат етсе, енді бір жаттығулар кез келген сәтте атылатын оқ пен төнген қатерге дайын болуын, рефлекторлық әрекетін дамытуды көздейді. Белгіленген сабақ кестесіне сәйкес аппарат жеке құрамына және жол-патрульдік полиция батальоныныӊ қызметкерлеріне арнайы-тактикалық даярлық сабақтары әртүрлі бағыттағы әдістемелік құралдарын пайдалана отырып жүргізілуде. Ал қалған күндері барлық қалалық және аудандық ішкі істер бөлімдерініӊ кезекші бөліністері қызметкерлерініӊ біліктілігін арттыру мақсатында атыс, арнайы даярлық және денешынықтыру даярлықтарынан қосымша сабақтар ұйымдастырылуда.
– Аудандық бөлімдерде жұмыс қалай жүріп жатыр?
– Аудандық құрылымдардың қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлеміз. Басқармамыздың құрылғанына көп болмаса да бірқатар жұмыстар атқарып келеміз, спорт залдары, ататын тирлері, атыс қаруын қолданатын арнайы полигондарының болуы секілді базаның бар-жоқтығын тексеріп келеміз. Өкінішке орай, бұндай база барлық аймақтық құрылымдарда бар деп айта алмаймыз. Алайда, жоқ екен деп қол қусырып отырып жатқанымыз жоқ. Біздің мақсатымыз да сол, облыстағы барлық полиция қызметкерін арнайы даярлықтан өткізу. Осы мақсатта қарқынды жұмыс жасап келеміз. Апта сайын 60 қызметкерге сабақ өтіп, арнайы «Ақтастағы» полигонда оқу-жаттығу курстарын өткізіп жатырмыз. Басқарма құрылғалы бері 12 ай ішінде 44 лектен 2000 қызметкер білім алып шықты. Алдағы уақытта барлық қызметкерді оқытып шығамыз деген жоспарымыз бар. Арнайы даярлық басқармасында 25 қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде аудандық, қалалық құрылымдық бөлімдерде арнайы инспекторларымыз бар. Алайда, аудандарда арнайы ататын тирі мен спортпен шұғылданатын даярлық базасы жоқ екенін атап өту керек. Бұл алдағы уақыттың еншісінде.

P.S. Бүгінгі халықаралық, аймақтық ахуалды, елімізде былтыр болған террорлық актілерді сабақ етіп көрсеткен полиция қызметкерлерінің арнайы дайындығын сапа жағынан жаңа деңгейге көтеру қажеттігі туындап отыр. Сол себептен де тәртіп сақшылары тәуліктің қай кезеңінде болмасын қарулы шабуылға дайын болуы тиіс. Осы орайда ОҚО ІІД Арнайы даярлық басқармасының атқарып жатқан жұмыстарын ерекше атап өту керек. Жаңадан ашылған басқарма болса да, жоқтан бар жасап, қолдан келгенше база ұйымдастырып, қызметкерлердің жан-жақты даярлығын шыңдап жатқанын атап кетпесек болмас. Алдағы уақытта да басқарманың жұмысына сәттілік тілеп, өркендей беретініне сенеміз!

Сұхбаттасқан Ақмаржан МЫРЗАХМЕТ,
ОҚО ІІД баспасөз қызметі.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*