Қос қызметкер – құрмет демалысында

SAMSUNG CAMERA PICTURES

Таяуда Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру қызметінің мәжіліс залында Тараз қалалық №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Берік Дүйсембеков пен аталған өрт сөндіру бөлімінің аға нұсқаушысы Марат Тілеуқұловты Өрт сөндіру қызметінің басшылығы мен жеке құрамы салтанатты түрде зейнет демалысына шығарып салды.
Салтанатты жиналыс барысында Өрт сөндіру қызметінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Қосыбаев Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамына жоғарыда аталған қос офицердің азаматтық қорғау саласында жұмыс атқару барысында жеткен жетістіктері мен марапаттарына ерекше тоқталып өтті.
Азаматтық қорғау прапорщигі Марат Тілеуқұлов әрдайым бөлімшенің жай-күйін жақсы түсініп, жауынгерлік іс-әрекет кезінде және өрттен адамдарды құтқару оқиғалары барысында, сондай-ақ өзге де табиғи апаттар кезінде өзін жақсы қырынан көрсете білді. Ол өз кезегінде өрт сөндіру автокөліктерінің тактикалық-техникалық сипаттамасын жақсы меңгеріп қана қоймай, одан әрі әлгі техникалардың жауынгерлік дайындық механизмдері мен мүлтіксіз қызмет етуіне үлкен жауапкершілікпен мұқият қарай білді. Ол өрт сөндіру бөлімінің шығу ауданына тиісті аймақтағы өрт сөндіру гидранттарының орналасқан жерлерін жатқа біліп, өрт оқиғалары кезінде де өзін әрқашан еңбекқор әрі кәсіби білікті маман ретінде көрсете білді.
Осындай оқиғалардың біріне тоқталсақ, 2013 жылдың 12 маусымында 21 сағат 35 минутта Тараз қаласы, «Астана» шағын ауданы, 27 үй, 27 пәтерде өрт оқиғасы орын алған. Дабыл бойынша Тараз қаласы №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 2 бөлімшесі жолға шыққан. Өрт оқиғасы орын алған жерге жеткенде өрттің жақын орналасқан бөлмелер мен қабаттарға көшу қаупі төнген және бөлмелер мен қабаттарды қатты түтін басқан. Өртке қарсы қызмет прапорщигі М.Тілеуқұлов өрт сөндіру автосатысы АЛ-30 автокөлігімен, өзінің батыл іс-қимылы мен шапшаң қимымылдауының арқасында өрт орнынан қысқа уақытта 3 адамды құтқарып, 10 адамды өрт автосатысымен қауіпсіз жерге көшіруге белсенді атсалысты. Жұмыс атқару барысында Марат Тілеуқұлов Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» кеуде белгісімен және III және ІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған.
Ал аға өрт сөндіруші Берік Дүйсембеков өзгеше ерлікпен көзге түскен. Толығырақ айтар болсақ, 2013 жылдың 18 мамырында шамамен 17:30 сағатта Абай көшесі «Смарт» әмбебап дүкенінен ІІ топтағы мүгедек Павел Полкунов азық-түлік алып шығып келе жатқанда оған белгісіз үш ер адам тонау мақсатымен шабуыл жасайды. Сол уақытта ол жерде болған Жамбыл облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ Тараз қалалық №1 МӨСБ-нің қызметкері өртке қарсы қызмет сержанты Берік Дүйсембеков Павел Полкуновқа көмек беріп, өз өміріне қауіп төнгендігіне қарамастан қылмыскерлерден қорғап, қарсы тұра білді.Берік Дүсембеков – ҚР ТЖ министрінің 23.08.2013 ж №575 ж/қ бұйрығымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» кеуде белгісімен марапатталды.
Қос қызметкер де өздерінің алғашқы өмір жолдарын өрт жауынгері ретінде бастап, азаматтық қорғау саласында 20 жылға жуық қызмет атқарғандығын ерекше атап өткен жөн. Өз кезегінде Өрт сөндіру мекемесінің бөлім бастығы, азаматтық қорғау майоры Александр Гончаренко мен Тараз қалалық №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Асқар Базарбаев, сондай-ақ Тараз қалалық №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Ертай Раимбеков зейнеткерлерге төтенше жағдайлар жүйесінде атқарған адал қызметтері үшін алғыстарын білдіріп, олардың отбасына толайым табыстар тіледі. Шара соңында ұжым зейнеткерлерге өздерінің естелік сыйлықтарын табыстады.

Нұрболат ӨМІРЗАҚОВ,
Жамбыл облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*