Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Ширек ғасыр қызметте

Ширек ғасыр қызметте

Тарих парақтарынан белгілі 1992 жылдың 23 маусымында Қазақстан Республикасының «Ішкі істер органдары туралы» заңы алғаш қабылданған болатын. Бұл ішкі істер органдарының қызметін реттейтін бірден-бір құжат болды. Ал 2007 жылдың 23 маусымын Елбасымыз ресми түрде Қазақстан полициясының күні деп жариялаған. Міне, содан бері бірнеше жылдың жүзі өтті. Қарағанды қаласы Ішкі істер басқармасы Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі бастығының қызмет жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Абай Жақанұлы Жүнісовпен әңгімелесудің реті келген сыңайлы.
Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың, – демекші, ішкі істер органдарының майданында әбден шыныққан, сонау 1992 жылдан бері Қазақстан полициясымен бірге жасасып, біте қайнасқан, суығында тоңып, ыстығында күйген полиция полковнигі Абай Жақанұлының өмірі мен қызметі өскелең ұрпаққа үлгі.

– Абай Жақанұлы, Сіздің ішкі істер органдарында қызмет атқарғаныңызға 25 жылдан аса уақыт өтіпті. Қандай қызметтерде жұмыс істедіңіз?
Шынымен, уақыт деген зымырап өтіп жатыр. Ең алғаш ішкі істер органдарына 1992 жылы Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі болып келген едім. Содан бертінгі уақытқа дейін жедел қызметте қызмет істедім. Алғашында Қарағанды облыстық ІІД есірткі бизнесімен күрес бөлімі бастығының орынбасары, кейін облыстың терроризм және экстремизммен күрес жөніндегі бөлімі бастығының орынбасары лауазымдарын атқардым. Одан облыстық ІІД көші-қон полициясы бастығының орынбасары болдым. Бүгінгі күні еңбек өтілімді бастаған жерге, яғни Оңтүстік-шығыс полиция бөліміне, бастықтың қызмет жөніндегі орынбасары болып тағайындалдым. Мен үшін Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің орны ерекше, сондай ыстық, сондай жақын, себебі алғашқы қызметім осы жерден басталған. Ол кездері, әрине, маған барлығы таңсық, барлығы жаңа. Қызмет бабымен танысып алған соң, біршама тәжірибе жинақтаған соң, бәрі де өз кезегімен өте береді екен. Ең бастысы үздіксіз еңбек ету керек деп есептеймін. «…Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап», – деп дана Абай атамыз айтқандай, ақылы мен еңбегіне арқа сүйеген адам көп жетістікке жететініне кәміл сенемін.

– Қызмет барысына келетін болсақ, бағынысты бөліністердің жұмыс ахуалы қалай?
– Мен жетекшілік ететін қызметтер: көші-қон полиция бөлімшесі, әкімшілік практика тобы мен азаматтық және қызметтік қарудың айналымын бақылау тобы. Бұл бөліністердің жұмыс көрсеткіштері жалпы алғанда жаман емес. Мәселен, есептік кезеңде, яғни өткен жылдың үш айында уақытша тіркеуге 1031 азамат тұрғызылса, олардың 170-не еңбекпен айналысу рұқсаты берілді. Жалпы есепте тұрғылықты тұратын шетел азаматтары 1928. Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға 6 өтініш қабылданды. Өндірісте 17 іздестіру ісі болса, оның 13-і анықталды. Барлығы 3230 Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлікпен және төлқұжатпен құжаттандырылды. Көші-қон заңнамасын бұзған 399 азамат әртүрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Міне, бұл көші-қон полиция бөлімшесінің көрсеткіштері. Тағы да қатаң бақылауға алынған бірден-бір мәселе – айыппұлдарды өндіру мәселесі. Көп азаматтар салынған айыппұлдарын уақытылы төлемей, кейде мәжбүрлеп өндіруге тура келеді. Бүгінгі таңда 3 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген екен. Бұл жалпы салынған айыппұлдардың 65 пайызын құрайды. Ал өндірілмеген айыппұлдар бойынша учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе отырып, ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Мәселен, борышкердің жұмыс орнына ескерту хаттары жолданады, сот тәртібінде өндіру үшін қажетті материалдар жиналады, т.б. Осы жерде азаматтық және қызметтік қарудың айналым бақылау тобының жұмысын айтып өтпеске болмас, учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе отырып, 287 қару иесі тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеріліп, қаруды сақтау және қолдану талаптарын бұзған 33 қару иесі анықталды. Бұл қару иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қолданыстан 27 қару алынып тасталса, оның 13 бірлігі өз еркімен тапсырылған болатын. Міне, атқарылып жатқан жұмыстар легі осындай.

– Ішкі істер органдарындағы 25 жылдық еңбегіңіз елеусіз қалмаған болуы керек. Қандай марапаттарыңыз, жетістіктеріңіз бар?

– Мен үшін ең үлкен марапат – сыйластық пен құрмет. Егер жақындарың мен әріптестеріңнің арасында сыйлы, құрметті болсаң, содан асқан марапат жоқ деп санаймын. Ал өзімнің жетістігім деп отбасым мен қызметімді айта аламын. Аллаға шүкір, жұбайым, балаларым мен Санжар мен Димаш атты немере жиендерім бар. Содан кейін сүйікті ісім – өмірімдегі барлық жетістігім осы деп білемін. Ал жалпы қызмет бабындағы марапаттарға келетін болсам, «ІІО мінсіз қызметі үшін» ІІІ, ІІ, І дәрежелі медальдары, Қарағанды облыстық ІІД бастығының, Қарағанды облысы әкімінің грамоталары және 1-санатты Тәлімгерлік сыныптық шенім бар.

– Осы сәтті пайдаланып, тәртіп сақшыларына бір ауыз тілегіңізді білдірсеңіз.

Ең бастысы, темірдей мықты денсаулық, бастарына және отбасыларына амандық, қызметтеріне табыс тілеймін! Еліміздің игілігі үшін жасалған барлық бастамалары оң болсын! Еліміз аман, халқымыз тыныш, бауырымыз бүтін болсын!

– Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін алғыс білдіремін.

Индира ЕРДАНҚЫЗЫ,
Оңтүстік-шығыс ПБ
МТАТ жетекші маманы

Сондай-ақ, оқыңыз

Полиция подполковнигі Талғат ҚОЖАБАЕВ: Спортшы полицейлерге қолдау көп

Спорт – тәртіп сақшыларының айнымас серігі. Бұған бүгінгі таңда талай ірі жарыстарда топ жарып жүрген …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған