Жаңа жылды өртсіз қарсы алайық

Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД баспасөз орталығында БАҚ журналистерінің қатысуымен жаңа жылдық мерекелер кезеңінде ТЖ алдын алу және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбы бойынша брифинг өткізілді.
Өрт қауіпсіздік саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Игорь Балеев мереке кезінде өрттің алдын алу үшін Төтенше жағдайлар департаменті қабылдаған шаралар туралы журналистерге егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. «Адамдардың жиналатын орындары ерекше бақылауға алынған, олардың өртке қарсы жағдайы жайында үнемі мониторинг жасалады. Бүгінгі таңда 686 нысан тіркеуге алынды (оның ішінде 536-сы оқу орындары), олардың іс-шараларды өткізу орындары тексеріліп, нұсқама жүргізілді. Үгіт-насихаттық материалдар таратылды», – деді ол өз сөзінде.
Сонымен бірге, Игорь Анатольевич жеке иеліктегі үйлердің қауіпсіздігі туралы да айтуды ұмытпады. Ол отты абайсыз пайдалану, пештерді орнату мен қолданудағы қауіпсіздік ережелері мен нормаларын бұзу себебінен өрттің жиі орын алатынына тоқталды. Сондай-ақ, басқарма бастығы пиротехникалық өнімдерді қолдану салдары бойынша өрт санының арту қауіптілігін, тек арнайы сертификатталған өнімдерді ғана пайдалану және оларды қолдануда ӨҚЕ сақтау керектігін де атап айтты.
Өз әріптесінің сөзін Петропавл қаласы ТЖБ бастығының уақытша міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Аслан Ахметжанов толықтырды. Ол жаңа жылдық мерекелер кезіңде өрт қаупі өсетінін атап өтті. «Өткен жылы Петропавлда жаңа жылдық мерекелер кезінде желтоқсанның 25-нен 7-қаңтарға дейін 16 өрт оқиғасы болды. Сондықтан жаңа жылдық корпоративтік кештер өткізілетін объектілерде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту қажет. Мерекелер өтетін нысандардың әкімшіліктерінің назарын осы мәселеге аударғым келеді», – деді Аслан Жасуланұлы.
Ол жаппай іс-шаралар өтетін орындарда ӨҚЕ талаптарын түсіндіріп, ТЖ пайда болғанда тәулік бойы жұмыс істейтін 101 және 112 телефон нөмірлерін еске салды.

Евгений ЖУРАВЛЕВ, Петропавл қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*