Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қызмет / Мекемедегі колледж 102 жазасын өтеушіге білім беруде

Мекемедегі колледж 102 жазасын өтеушіге білім беруде

Атбасар қаласындағы Ақмола облысы бойынша ҚАЖД-ге қарасты 60 жылдық тарихы бар ЕЦ-166/4 мекемесінде №1 Индустриалды-техникалық колледждің филиалы бар. Бұл оқу орнын жазасын өтеушілердің жүрегіне білім шырағын ғана емес, өмірге деген үміт сәулесін де жаққан білім ордасы деуге болады. Өйткені, мұнда мамандық алған студенттер бостандықтағы өміріне де кәсіби жолдама алып шығады. Ал оған дейінгі шеберлігін олар Кеңес уақытында еңбек шежіресімен даңқы шыққан мекеменің өндірістік алаңында шыңдайды.
Филиал меңгерушісі Сергей Ивановичтің айтуынша, бұл оқу орны 2004 жылы сотталғандарға жалпы орта білім беретін кешкі мектеп болып ашылған. Кейіннен оның жұмысын жүргізуді ҚАЖ департаменті Атбасар қаласында орналасқан Кәсіби лицейге тапсыруды ұйғарған. Осылайша 2005 жылдан бастап бұрынғы қарапайым ғана кешкі мектеп Кәсіби лицейдің филиалына айналады. Ал жылдан-жылға материалдық-техникалық базасы артып, білім беру ауқымы кеңейіп келе жатқан бұл оқу ордасы қазір №1 Атбасар индустриалды-техникалық колледжі болып аталады. Мекемедегі оның тек филиалы ғана.
«Дәл қазіргі уақытта ИТК-1 филиалында 102 жазасын өтеуші білім алып жатыр. Бұл жерде олар 5 мамандық бойынша оқиды. Олар мекеме ішінде де, жалпы нарықта да өте қажет мамандықтар. Мәселен, тігін өндірісі және модельдеу, газ-электр дәнекерлеуші, электромонтер, токарь ісі және металл өңдеу, автошаруашылық мамандықтары. Студенттеріміздің оқуға ынтасы өте жақсы. Оқу жылы 10 айдан тұрады. Оқуды бітірген соң, біз оларға мемлекеттік үлгідегі дипломдар береміз. Онда адамның түзеу мекемесінде оқығандығы көрсетілмейді. Біздің колледждің филиалы екендігі ғана жазылады», – дейді Сергей Баций.
Филиалда 5 оқу тобы бар. Әр топ 25 адамға арналған. Негізінен білім алып жатқандардың 80-90 пайызы ғана оқуын аяқтап шығады екен. Қалғандары босап шығуына немесе жаза өтеу орнының ауысуына байланысты оқуын бітірмей кетіп жатады. Мәселен, оқу жылы басында мұнда 125 адам болған. Жалпы жылына орташа есеппен 90-100 адам оқу бітіріп, диплом алады. Ал бітіргендерінің арасында 5-6 адам үлгерімі өте жоғары болғандықтан қызыл дипломға ие болады.
«Біз оқытатын мамандықтар әр кезең сайын өзгеріп тұрады. Мәселен, ҚАЖК мен «Еңбек» РМК-нің тапсырыс беруіне қарай құрылысшы, ЭЕМ операторы, техника қауіпсіздігі инженері секілді мамандықтарды оқытқан кездеріміз де болды. Бізде оқу мен тәжірибе қатар жүреді. 5 оқу кабинеті мен 5 өндірістік оқыту шеберханамыз бар. Сабақ кестесіне сәйкес, аптасына үш рет тәжірибеден өту қарастырылған. Сол кездерде әр топ «Еңбек-Атбасар» кәсіпорнының өндіріс аймағында орналасқан әр мамандық бойынша шеберханаларға барып тәжірибесін шыңдайды. Мәселен, автошаруашылық студенттерінің үлгіге қойылған Е-190 Мерседес автокөлігін бірнеше рет әр бұранда, тетікшесіне дейін түгелдей шашып, қайтадан жинап, жүргізіп қойғаны бар. Ал мамыр-маусым айларында студенттеріміз бір жарым ай өндірістік практикадан өтеді. Біздің филиалдан түлеп ұшқандардың осында жұмыс жасап жүргендері көп», – дейді Сергей Иванович.
Оқу орнында 11 оқытушы сабақ береді. Ұстаздар құрамының барлығы №1 Атбасар индустриалды-техникалық колледжінің қызметкерлері. Олар колледждің өзінде де, филиалда да қызмет етеді. Біліктілігі өте жоғары мамандар. Арасында өздері оқытатын мамандықтары бойынша кітап жазған авторлар да бар. Соның ішінде, өзі сабақ беретін пән бойынша электр жабдықтары туралы оқулық жазған Виктор Алисиренконы атай кетуге болады. Бес топ өздері дербес оқитың арнайы пәндерден бөлек, қазақ тілі, тарих, ағылшын тілі, этика және психология, информатика, нарықтық экономика негіздері сынды гуманитарлық пәндерден де сабақ өтеді.
Бізді бір таңғалдырғаны, әр кабинеттің сол мамандыққа сай техникалық құрал-жабдықтармен және қосалқы бөлшектердің макеттерімен жабдықталғандығы. Мәселен, автослесарьлар партаның үстінде көліктің стартер, қозғалтқыш, компрессор сынды бөліктерін шашып, қайта жинап, үйрене алады. Ал тігіншілер кабинетінде тігін машинасы қойылған. Біз барғанымызда олар шалбардың белін көктеуді үйреніп жатыр екен. Студенттердің бірі – жазасын өтеуші Павель Брилев қырғыз елінің тумасы екен. Сонда туып өскен, кейіннен Қазақстанға көшіп келіп, біздің елдің азаматтығын алған. Бас бостандығынан айырылғанына төрт жыл болыпты. Әлі 12 жыл жаза мерзімі бар.
«Тігіншілікті оқып-үйреніп жатырмын. Бұл мамандық өзіме қатты ұнайды. Бостандықта жүргенде де үйреніп алсам ба деген ойым болатын. Бірақ, тағдыр жазуымен осында түстім де, енді ондай мүмкіндікке қолым жетіп отыр. Ұстаздарымыз өте жақсы адамдар. Өз ісінің білікті білгірлері. Солар маған және мен сияқты жігіттерге осы күрделі де қызықты мамандықтың қыр-сырын үйретуде. Бізде семинар мен практика қатар жүреді. Түске дейін дәріс болса, түстен кейін тәжірибе. Бүгін оқыған нәрсемізді бүгін тігіп көрсете аламыз немесе іс жүзінде қалай болатынын көре аламыз. Оқу әдістемесі сонысымен өте тиімді», – дейді ол.
«Ұстаздық еткен жалықпас» деп Абай атамыз айтқандай, арнайы контингентке арнайы пәннен сабақ беру бізге алғаш көрінгендей оңай болмауы да мүмкін. Әйтсе де, партада отырғандардың көздерінен білім мен бостандыққа деген миятты сәуле көріп, қуанып қалдық.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, Суреттер автордікі

Сондай-ақ, оқыңыз

Полиция подполковнигі Талғат ҚОЖАБАЕВ: Спортшы полицейлерге қолдау көп

Спорт – тәртіп сақшыларының айнымас серігі. Бұған бүгінгі таңда талай ірі жарыстарда топ жарып жүрген …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған