Антына берік ардагер

Жуырда азаматтық қорғау саласындағы үлкен ардагерлердің бірі Николай Бачиев 70 жылдық мерейтойын атап өтті.
Мерейтой иесі – Павлодар облысының тумасы. Шарбақты ауданының Любимовка ауылында туып өскен. 1978 жылы Н. Бачиев әскери борышын өтеген соң, Павлодар қаласының азаматтық қорғау штабы мобильдік дайындау тобының технигі болып еңбек жолын бастады. Бұл жылдар – Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар қызметінің қалыптасып жатқан кезі еді.
Николай Салехович – еліміздің төтенше жағдайлар қызметіне өмірінің 18 жылын арнады. Ол қызмет атқарып жүрген жылдары Чернобыль оқиғасы орын алды. Азаматтық қорғау штабынан екі үміткер өз қалауымен Чернобыль атом стансасының салдарын жою үшін көмекке келді. Оның бірі – Николай еді. Дегенмен, ардагер бұл кезеңдерді еске алғысы келмейді. Өйткені, сол зұлматтың салдары әлі күнге дейін әсерін тигізіп келеді. Ал ең бастысы – сол кезде өзімен бірге Чернобыльда болған әріптестерінің көбі кейін радиация салдарынан өмірден озған.
Біздің мерейтой иеміз – интернационалдық, ынтымақ орнаған үлкен отбасының отағасы. «Менің әкемнің ұлты – болгар, анам – украин, ал 50 жыл бір шаңырақ астында тұрып жатқан жан жарым Нелли Семенова – орыс ұлтынан. Балаларымыз да біздің ісімізді жалғауда», – деп ардагер отбасылық суреттерін де алдымызға жайып салды.
Николай Салеховичті Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері атынан Азаматтық қорғау басқармасы бастығының орынбасары Рустем Жанас және Ардагерлер кеңесінің төрайымы құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Павлодар облысы ТЖД МТАТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*