Басқы бет / «Сақшы» газеті / Ардагерлер / Құқық қорғау саласындағы 47 жыл

Құқық қорғау саласындағы 47 жыл

Оның балалық шағы Гурьев облысы, Нарын құмының Забурын ауылында өтті. Бала кезде әділдікті, шындықты іздеген ол адамды адам жәбірлегенді қолдамады, мұндай іс-әрекеттерге қарсы болды. Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарынан келгеннен кейін, халыққа қызмет етуді алдына мақсат етіп қойды.
Мамандық таңдауына отбасы жағдайы түрткі болды. Сол кездегі Гурьев облысындағы қалалық құжат бөлімінің бастығы Өтеп Габдуллин оған жезде болып келетін. Кеңес армиясында борышын өтеп келген Ғабдрахимды Гурьев қалалық ІІБ төлқұжат бөлімінің маманы болуға шақырды. Сол кезде Ішкі істер министрінің бұйрығымен Алматы қаласындағы арнаулы милиция мектебінде (Қазақ КСР ІІМ Академиясы) оқуға шақырды. Өтеп аға талапты жасқа осы мектепке баруды ұсынды. Гурьев облысынан барған алты үміткердің үшеуі ғана оқуға түсті. Соның біреуі – Ғабдрахим Меңдешов еді. Ол 1963 жылы осы оқуды бітіріп, лейтенант шенін алып шықты.
Жиырма бес жасар Ғабдрахим Меңдешұлы сол жылдың қыркүйек айынан бастап, Алматы қаласының Фрунзе аудандық Ішкі істер басқармасының тергеу бөліміне жұмысқа орналасты. Жұмыс жасай жүріп қосымша ҚазМУ-дің заң факультетінде сырттай, кейіннен 1975-1977 жылдары Мәскеу қаласындағы КСРО Ішкі істер министрлігі Академиясының күндізгі бөлімінде оқыды.
КСРО кезінде Қазақстанның қылмыстық іздестіру саласын басқарған Ғабдрахим Меңдешұлы әшкереленуі қиын саналатын ауыр қылмыстарды ашу бойынша іссапармен талай рет Атырау жеріне келіп, аса қауіпті деген қылмыскерлерді құрықтауға белсене қатысқан. Атырауға әрбір келген сайын қылмыстық іздестіру бөліміндегі қызметкерлерге қылмысты ашудың қыр-сырын үйрететін. 1986-1987 жылдары БУРБ мекемесінің ақша сейфі ұрланып, аса ірі мөлшерде ақша қолды болды. Қылмыстық істің ашылуы КСРО Ішкі істер министрлігінің бақылауына алынып, қалаға Мәскеуден генерал-майор Ладыго, Алматыдан Ғабдрахим Меңдешұлы келді.
Ғабдрахим Меңдешұлы министрліктен келдім деп кабинетте отырмады, жергілікті мамандармен бірге, қатардағы із кесуші секілді күн-түн демей жұмыс жасады.
Сол кезде қалалық Ішкі істер бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Мұхаран Әміров те арнайы құрылған тергеу-іздестіру тобында болатын. Оқиға болған кезде сол жерді жіті қарап шығып, тексеру барысында Мұхаран Серікұлының көзі сол маңнан сәл қашықтықта жатқан шағын қара резеңкені шалады. Сараптама қорытындысы бойынша, оның «ГАЗ-21» көлігінің артқы дөңгелегінің маңында тұратын су шашыратқыш екенін анықтады. Артынан «Волга» көлігін айдап кеткен қылмыстық топ ұсталып, тексеру барысында айғақ заттың дәл осы көліктен түсіп қалғаны, яғни, БУРБ-дағы сейфті кесіп, ақшаны қолды еткен ұрылар осылар деген болжам бұлтартпас дәлелмен расталды.
Бұл тек бастапқы қызмет бабында орын алған бірді-екілі жағдай. Шым-шытырық мұндай оқиғалар ай сайын қаншама рет қайталанып отырды. Міне, содан бері 47 жыл өтті.
«Ұстаз шәкіртімен бай» демекші, бүгінгі таңда Қазақстанның түкпір-түкпірінде Ғабдрахим Меңдешұлының тәрбиесін көрген қаншама генералдар мен полковниктер бар. Олар біздің тыныштығымызды күзетіп, Отан алдында адал қызмет етіп жүр.
«Ғабдрахим Меңдешұлының небір әккі деген қылмыскердің ішкі дүниесін тап баса білетін үлкен психолог екенін білдік. Талапшыл, мінезі қатты көрінгенмен ақкөңіл, қарапайымдылығымен біздерді бауырына тартып, қызметтің біз білмейтін қырларын үйретіп, айтып беретін. Біз ол кісінің іскерлігін сыйлайтынбыз, үлкен мақтаныш тұтатынбыз», – дейді шәкірттері, бүгінгі генералдар – Қайырғали Мырзабаев, Халмұрат Хайдар және Актөбе облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұхаран Әміров.

Пәтер тонаушыны ұстау
Ішкі істер саласында еңбек ете жүріп, талай қылмыстың бетін ашқан Ғабдрахим ағамыз өткен өмірінен сыр шертеді.
«1964 жылы Алматы қаласының Фрунзе ауданында өте әккі пәтер ұрылары пайда болды. Олардың шапшаңдығы сондай, күніне екі рет ұрлық жасап отырған. Ұрылардың қарапайым амалы – пәтер иесінің жұмыста болғанын пайдаланып, есікті бұзу. Ол кезде темір есіктер болған жоқ, кілттер қарапайым еді. Сондықтан ұрылар есіктің тұпқасынан, не болмаса топсаның жанынан қалың қысқаш салып, есікті көтеріп ашып, пәтерді тонайды. Тіпті, тоналғандардың ішінде ІІД кинологы, милиция капитаны да болған.
Ұры саусақтың ізін қалдырмай, артын тап-таза етіп кетіп жүреді. Тек бағалы заттарды алатын-ды. Күндіз-түн демей ізге түсіп, біршама мәлімет жинап, фотопортрет жасалды. Қала тұрғындарынан көмек сұралды.
Халыққа тасталған үндеу бекерге кетпеді. Тұрғындардың бірі кезекші бөлімге қоңырау шалып, іздеу салып жүрген адамымыз Калинин көшесінен Сейфуллин көшесіне кетіп бара жатқанын хабарлады.
Милиция қызметкерлерінің қырағылығы мен шапшаңдығының арқасында ұры қолға түсті. Жедел уәкілдерді көрген әлгі қылмыскер жаны қысылғаннан жаңқалтасынан қысқашты лақтырып тастады. Тергеуді жалғастыруға керек болады деп қысқашты салып алдық. Бірақ, қуанышымыз ұзаққа бармады, өйткені ұрлық жасалғанда оның қолының таңбасы жоқ еді. Тікелей ұрлық жасағанын көрген ешкім жоқ.
Тергеу бөлімінде анықталғаны, ұсталған адамның аты – Геннадий. Бірнеше қайтара ұрлықпен сотталған. Өте әккі, сақ, өзін еркін ұстайды. Мұндай адамдар еш уақытта қылмысын мойындамайды. Дұрыс жауап ала алмаған соң, ол камераға қамалып, алдағы жоспар талқыланды. Бір тергеушіні ұры етіп, оның қасына камераға жіберіп мәліметтер жинадық. Кейіннен оны камерадан босатқанда Геннадий оған Галя деген танысының мекенжайын беріп, заттарды жинақтап, тығып қоюды тапсырады. Мен басқа да тергеушілермен бірге күнделікті жай киіммен аталған мекенжайға барып, Геннадийді сұрадым.
– Ол жоқ, – деп қобалжып жауап берді әйел. Бір-екі күнге бір жаққа кеткенін, содан бері келмегенін айтты.
– Оның заттары қайда?
– Бөлмеде, әне жатыр.
Одан әрі жұмбақтап керек емес, құжатымды көрсетіп, Геннадийдің сақтаған олжаларына бардым. Ұрланған заттарды милиция бөліміне алып келдік. Геннадийді камерадан шақырып алып, ұрланған заттарды көрсеттік. Өзінің ұрланған заттарын көріп, ол бірден ұрлығын мойындады».

Жедел комбинация
«1965 жылы маған ең алғаш рет ауыр қылмыстық іс тапсырылды. Тау бөктерінде орналасқан демалыс орнында демалушылар әйел адамның жан түршігерлік дауысын естиді. Іле-шала шырша түбінен ер адам атып шығады. Оны қуып жету мүмкін емес еді, өйткені бар екпінімен төмен жүгіріп түсіп, көзден ғайып болады.
Бірнеше адам жиналып, дауыс шыққан жаққа, шырша шатқалына көтерілгенде тамағынан қиылған әйелдің денесін көрді. Қасында газет, арзан шараптың бөтелкесі, тамақтың қалдықтары, шаруашылық сөмкесі және шағын өткір күрек жатыр екен.
Оның ешқандай төлқұжаты жоқ еді. Бұл із салуға біраз қиындық келтірді. Ағайын-тумасы жәбірленушіні іздейді деп күттік. Ал мен ішімнен қылмыскер не болса да таныс адамдарының бірі деп ойладым.
Бірнеше күн күткенмен, жәбірленушіні іздеген арыз түскен жоқ. Сол кезде бізге: «Мүмкін, басқа жақтан келген болар», – деген ой келді.
Әрине, бірден газетке хабарландыру беруге болар еді. Бірақ, біз қылмыскерді үркітіп алмайық деген айламен жұмысқа кірістік.Теледидарға милицияның емес, дәрігердің атынан хабарландыру берілді. Осы кезде маған уақытша дәрігердің рөлін ойнауға тура келді. Жедел жәрдем көлігімен шақырту бойынша барып жүрдім. Екі қоңырау соққан жерге барғанмен, одан ештеңе шықпады. Содан үшінші шақырту «Заря Востока» ауылынан шалынды. Көршілердің айтуы бойынша, қастарында тұратын әйел бір-екі апта бұрын із-түзсіз жоғалған.
Мен өзім дәрігердің жіберген адамындай болып келіп, бірақ сұрақтарым дәрігерге ұқсамады.
– Ол жалғыз басты ма?
– Баласы жоқ, күйеуі түрмеде, – деп жауап берді көршісі.
– Біреу оған келе ме? – деп сұрадым.
– Әрине, күйеуінің інісі жиі келеді.
– Ол қандай адам ?
Ал өзім шырша түбінен жүгіріп шыққан қылмыскердің бет-келбетін көз алдыма елестеттім. Ештеңеден күдіктенбеген көршісі маған тәптіштеп айтып берді. Енді тек ол кісінің қайда тұратынын анықтап, оны қамауға ұстаушы топты шақыруым ғана қалды. Содан не керек, жарты сағатта күдікті адам біздің қолымызда болды.
Ол бірден бәрін мойындады. Бұрын сотталмаған, үйленген жас жігіт қылмысқа не үшін барғанын айтты. Қайтыс болған әйел бұл жігітті жақсы көріпті. Оған басқа қалаға кетуді ұсынады. Ал жас жігіт жанұясын, балаларын тастағысы келмейтінін және түрмедегі туған ағасының алдында ұятты болуды қаламайтынын айтып, онымен қарым-қатынасын үзгісі келді. Бірақ, әйел оған: «Егер сен мені тастасаң, мені зорлады, бірге тұруға мәжбүр етті», – деп ағаңа айтам деп қорқытады. Амалы қалмаған жігіт оны өлтіруге бел буыпты.
Содан әйелді адам аз жүретін жерге алып келеді. Оған дейін күректі сөмкесіне салып әкеліп, тығып қойған болатын. Оның ойы – бөтелкемен басынан ұрып, ағаштың түбін қазып, көміп тастау еді. Бірақ, басына соққы тиген әйел айғайлап көмек шақырып, тау бөктерінде дем алушылар оның дауысын естіп, жігіріп келеді. Бұл сәтте қылмыскер әйелдің тамағын пышақпен кесіп, өзі қашып отырған болатын.
Біздің телеарнаға берген хабарландыруымызды қылмыскердің өзі емес, көршісінің көргені, хабарландыруды дәрігердің атынан бергеніміз дұрыс болды. Бұл әдіс бізді көп қиындықтан құтқарды. Оны жедел іздестіру саласында «жедел комбинация» деп атайды. Сондықтан да жұмыс барысында «әдіс ойлап табу керек» деген сөз осыдан қалған. Кей кездері ол тек «комбинация» деп те айтылады».

***
Ғабдрахим Меңдешұлы бүгін, міне, сексеннің сеңгіріне шыққан зейнеткер. 3 баласынан 5 немере сүйген ата. Өзінің жолын жалғастырушы үлкен ұлы Алматы қаласының Алатау ауданының прокуроры, ал бір немересі Қарағанды Академиясында оқып жатыр.
Ғабдрахим Меңдешұлы әлі тың, ширақ, спортпен шұғылданады. Күнде тауда жүгіріп, бассейнде жүзеді және зілтемір көтеруді әдетке айналдырған.
Отан алдында атқарған адал еңбегі үшін, Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық іздестіру Бас басқармасының жұмысын басқарған Ғабдрахим Меңдешов «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.

Дариға НЫСАНҒАЛИЕВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Жүректе қалар жарқын бейне

Бұл дүние айналғанмен сырласыңа, Енді біл мәңгі бақи тұрмасына. Бір күні Құдайыңнан хабар келсе, Шығасың …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған