Басқы бет / «Сақшы» газеті / Қоғам және заң / Қазақ полицейлері туралы фильм керек

Қазақ полицейлері туралы фильм керек

Соңғы жылдары жаңа заманға лайық өзіміз де кино түсіре бастадық. Рас, кинодағы қазақ ұлтына ғана тән колоритті берік ұстап тұрмыз дей алмасақ та… ізденіс жоқ емес. Кей фильмдер тарихты қаузап, ой айтқысы келеді, кейде «боевик» иірімдерін кірістіріп дегендей… ізденіп жатырмыз.
Бүгінгі таңда киноның бизнестік жағына басымдық берілетін болса, бұрындары тәрбиелік маңызы жоғары тұратын. Ашығын айтсақ, бізде батылдықты, қайсарлықты, ержүректікті насихаттайтын идеологиялық жұмыстар кеңінен жүргізіліп жатыр деу қиын, әсіресе, қазақстандық полиция қызметкерлерінің ерліктері туралы кеңірек айтылып, жазылса, жас ұрпаққа ол таптырмас тәрбие құралы болар еді. Тәуелсіздік жылдарында өз қызметін атқару барысында қаншама тәртіп сақшысы құрбан болды, олардың арасында қылмыспен күрес барысында жарақат алып, денсаулығына зақым келіп, мүгедектікке ұшырағандар да бар. Бір ғана қарағандылық ішкі істер органдарынан тәуелсіздік жылдары 26 қызметкер өз міндетін атқару кезінде қаза тапқан.
Есте болса, Парламент Сенатының депутаты Б. Бекназаров қазақстандық полицейлер туралы сериалдар түсіру туралы Үкіметке депутаттық сауал жолдады. «Біздің елімізде өзгенің өмірі мен қауіпсіздігі үшін өмірін қатерге тіккен, батырлық көрсетіп, ерлік жасаған полиция қызметкерлірі өте көп. Біз, мысалы, экраннан полицейлердің ерлік істері, қиын операцияларды қалай өткергені, қиналғаны, қылмыскерлермен күресте қауіп-қатермен бетпе-бет келгені туралы фильмдер көреміз, бірақ олардың барлығы Ресейдікі не америкалық өнімдер. Онда болып жатқан қылмыстар да, сол қылмыспен күрес те бізде бар, біздің полицейлер ешкімнен кем емес. Бірақ, бізде сондай сапалы дүниелер жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Үкімет идеологиялық жұмыстардың жоспарын құрып, полиция қызметкерлеріне деген құрметті арттыруға, полицияның қызметін ашық көрсетіп, насихаттауға бағытталған идеологиялық жұмыстардың тізімін жасауы тиіс», – деп атап көрсетті депутат Бекназаров.
Жалпы бұл бағытта жұмыстар жоқ дей алмаймыз. Биыл Қарағанды облысында Қазақстан полициясы күніне орай әрі погон тағуға лайық қызметкерлерді насихаттау мақсатында «Честь имею» атты (режиссер және сценарисі – ІІД музейінің директоры Айтжамал Айтжанова, ал операторы – Батырхан Смаилов) қысқаметражды лента түсірген. Сценарий бойынша, тергеушінің (рөлде облыстық ІІД криминалисі Медет Сүлейменов) жеке басында материалдық және отбасылық қиындықтар туындайды, ал бүгінгі заманда «бармақ басты, көз қыстылықпен» орын алатын қитұрқылықтарға барса, бұл мәселелер бірнеше купюрамен-ақ шешілер еді. Алайда, өз міндетіне берілген, заңға адал қызмет етуші кейіпкер ар жібінен аттамай, сыйлықтардан бас тартады. Бұл, шынымен де сүйсіндіретін, қоғамды алға сүйрейтін көрініс.
Тағы да Қарағандыда 25 жылдыққа орай «Ащы қант. 1998 жыл» фильмінің түсаукесері өтті. Бауыр еті баласынан қапияда айырылған ананың жоқтауымен басталған картинада қаза болған қызметкерлер еске алынғаны көпке үлгі боларлық тәрбиелі іс. Фильмді ІІД-нің шығармашылық тобы түсірген, ал рөлдерді тәртіп сақшыларының өздері ойнаған. Оқиға өмірдің өзінен алынып отыр. 1998 жылдың қарашасында Қарағандыдағы «Қант орталығына» қарақшылық шабуыл жасалған болатын. Көлік сақшылары күдіктілер мінген көлікті тоқтатқан кезде қылмыскер полицияға қарсы оқ жаудырады. Шұғыл шешім қабылданып, дереу «Сирена» жоспары құрылып, қылмыскерлер өзара бас қосатын пәтер қоршауға алынды. Қылмыскерлерді қолға түсіру кезінде атыс болып, Қарағанды қалалық ІІБ қылмыстық іздестірудің жедел уәкілі, милиция аға лейтенанты Нұрлан Байғаскин басына оқ тиіп опат болады. Осы оқиға кезінде жол полициясының инспекторы, милиция аға сержанты Рустам Мәжитов те алты жерден оқ тиіп көз жұмған. 26 жастағы жігіттің артында төрт жасар ұлы қалыпты. Фильм осы оқиғаны арқау етіп, полиция қызметінің қауіпті екеніне қоғамның назарын аудартуды мақсат етеді. Жапондар өз ертегілеріндегі батырларды ұлттық қаһарман ретінде мультфильмде бейнелеп, тілі жаңа шыққан баласын рухты болуға, елінің жанашыры, халқының қорғаны болуға тәрбиелейді. Біздің де ежелгі батырларымыз, сонымен бірге, бейбіт күндегі батырларымыз жетерлік.
***
Ертеңгі күні-ақ ұмытылып қалатын фильмдер бар, керісінше әртүрлі жағдайда есіңе еріксіз оралып отыратындары да жетерлік (әрине, егер адам тек сапалы, жақсы кинолар көру керек десек, ол қисынсыздау болар еді, жалпының бірдей тек жақсы дүниені қажет ете бермейтіндігін де ескеру керек, бұл шамасы әрқайсысымыздың қабылдауымыздың әртүрлілігінде болса керек).
Соңғы жылдары кинодағы тым эмоционалдық, тым ашықтық, тым батылдықтан сана мен жүйке де демалғысы келе ме, кейде жаныңа өзінше бір жылу беретін фильм қарағың келеді. Әңгіме екі иінінен су кетіп, қашан көрсең де жылап жүретін түрік сериалдары мен құрбан болуға, құрбан етуге даяр кәріс сериалдары туралы емес. Жат мәдениеті өз алдына, боямасының өзі шаршатып жіберетін қияли үнді сериалдарын да ауызға алып отырғанымыз жоқ. Бірақ, бүгінгі таңда қарапайым жұрттың осындай жасық түсірілімдерді қанағат етуіне тура келуде, кейде өзінің рухани қалыбы, пайымының қалыптасуы үшін ненің керек, ненің керексіздігін бағамдауға дәрменсіз күйімізден қайда кетерімізді білмейтініміз де рас. Осы себепті де бүгінгі «тұтынушылық философиясының» ырқына көнгісі келмейтіндер әрі-сәрі күйде, көпшілігіміз «Шерлок Холмстағы» ғалым-хатшы әйел Миссис Хадсонның (Рина Зеленая) айтатын: «И вообще, доктор, я стараюсь не смотреть, кто приходит, кто уходит… И вам не советую» деген сөзіндегідей жағдайдамыз. Эфирмен өзара талғамың онша сәйкеспегесін, жақсы дүние іздеп оған үңілуді де қойғанбыз.
Дегенмен… «Шерлок Холмстағы» Миссис Хадсонға қайта келейік. Жасы келіп қалған ашық-жарқын әйел жаңа заманның бар нәрсесін шошынбай қабылдайды, сонымен бірге, өзінің кезеңіндегі құндылықтарды жоғары бағалайды. Әдетте кеңес фильмдерінде жаңа заман көріністерін қабылдай алмай, тыжырынып жүретін кемпірлерді жиі көруші едік. Ал, Миссис Хадсон өзін бүгінгі ұрпақтан биік те санамайды, дегенмен, барлық жақсы кездер өзінің жастық шағында өтті деп есептейтіні де рас. Осылайша екі кезеңді үйлесіммен жалғастырушы бейнесінде. Ендеше біз де өткен шақтың бірыңғай тек жағымсыз жақтарын ғана емес, жақсылықтарын, әсіресе, кино өнерінде моральды алдыңғы планға шығарғанын, достықты бағалағанын, арамтамақтар мен жатыпішерлерді сынап-мінегенін, астармен, тұспалмен болсын бюрократияны әжуа қылғанын, жасампаз бейнелер жасаудағы еңбегін айтып өтелік. Қыбыр еткенді бақылап, цензура күшінде тұрған сол заманда біздің «Қазақфильмнің» өзінде қаншама әдемі фильмдер түсірілгенін ешкім жоққа шығара алмас. Әлі күнге эфирден балалар күнінде «Менің атым Қожаны», білім күнінде «Алпамыс мектепке барадыны», 8 наурызда «Тақиялы періштені» қайталап көреміз. Әлі күнге дейін «Қыз Жібектің», «Менің атым Қожаның», «Ауылым Алатаудың баурайында», «Гауһартастың», «Көксеректің», «Адамдар арасындағы бөлтіріктің», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» т.б. кинолардың өз көрермені бар.
Кино мамандарының айтқанына құлақ салсақ, дәл қазіргі уақытта кино саласы кең ауқымдағы дағдарысты бастан кешуде. Осыдан 5-10 жыл бұрын үлкен серпінмен кино түсірген Ресейдің өзі кино түсіруге кеткен шығынның жиырма пайызын да қайтара алмаған. Кей деректерге қарағанда, Голливуд фильмдерінің артында тұрған күш Ресей прокатын сатып алған көрінеді. Баяғы кинотеатрларға халық ағылатын күндер арман болып қалған, сол кездерде ең аз дегенде 17 миллион көрермен көрген фильм ғана коммерциялық жағынан табыс әкелген, кейбір киноларды 85 миллиондай адам көргені туралы да деректер бар.
***
Кино – өнер. Кино – құдірет. 1954 жылы А. Курасаваның «Расемон» фильмі Америкада «Оскар» сыйлығын алған кезде жапон халқының осының алдында ғана Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліп, төмен түскен еңсесі бір күнде көтеріліп, өздерін жеңіске ғана лайықты мықты ұлт ретінде сезінген екен. Бір ғана киноның құдіреті. Сондықтан бізге киноның ұлтты тәрбиелеуші ролін де нығайту керек. Кім біледі, ұлттық бейнемізді сақтай отырып түсірген киноларымыз біздің еліміздің мерейін асқақтатар күн де туар. Ізденіс бар жерде үміт те бар.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Сондай-ақ, оқыңыз

Осал нысандарға айрықша назар

Пәле қайдан дерің бар ма? Жан-жағың анталаған жау. Баяғыдай жоңғар немесе фашист келіп қалған жоқ. …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған