Басқы бет / «Сақшы» газеті / Уақыт тынысы / Ұландық сарбаз – «Жыл патриоты»

Ұландық сарбаз – «Жыл патриоты»

Ұлттық ұланның әскери қызметшісі, қатардағы Қуаныш Сайлауов 2014 жылдан бері Отан алдындағы қызметін атқарып келеді. Алғашқы күннен бастап Қуаныш сауатты, принципшіл кіші командир ретінде көзге түсті. Ол бөлім қолбасшылығының атынан жауынгерлік қызметтегі жоғары көрсеткіштері және кәсібилігі үшін талай рет марапатталған.
Жуырда ол Астана қаласында Тәуелсіздік мерекесіне орай Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Туған жер! Туған тіл! Туған ел!» атты патриоттар форумында «Жыл патриоты» атағын иеленді.
Бұл атақты ұландықтың иеленуі бекер емес. Ол биылғы жылдың мамыр айында қылмыстың алдын алды. Естеріңізге сала кетсек, оқиға 10 мамырда сағат 13.00 шамасында Орал қаласында орын алған. Бетперде киіп, қаруланған екі бейтаныс кісі мотоциклде келе жатып, Александр Федин есімді азаматтың қолындағы қомақты ақшасы бар сөмкесін ұрлау әрекетін жасаған. Осы уақытта дүкен ішінде болған қатардағы Қ. Сайлауов айқайды естіп, көшеге жүгіріп шығады. Қуаныш сыртқа шыққанда ұрлық болып жатқанын тез түсінеді. Ол бар күш-жігерін қолданып, Александрмен бірге ұрлықшыларға тойтарыс береді. Қарақшылардың ойы іске аспай, қашып кетеді.
Ол туралы батырдың өзі ешкімге айтпаған, тіпті бөлім басшылығы да хабарсыз еді. Қатардағы Қуаныш Сайлауовтың батыл әрекеті туралы Александр Федин полк командирінің атына жазылған алғыс хаттан кейін белгілі болды.
Ұландық жауынгердің ерлігін ескерген Батыс Қазақстан өңірінің басшылығы, оны таңдаулы азаматтардың тізіміне қосып, бірауыздан патриоттар форумының «Туған жерім – ғұмырым» номинациясы бойынша марапатқа ұсынды. Ұландықтың жұлдызы жанып, «Жыл патриоты» атағын Ауған соғысының ардагері, «Халық Қаһарманы», генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың қолынан алды.
Қатардағы жауынгер Қ. Сайлауовты марапаттау кезінде батыр Б. Ертаев: «Бүгінгі тәуелсіз елдің тыныш өмірі – күні-түні Отанға қалтқысыз қызмет етіп жүрген осындай ерлердің ерен еңбегінің арқасы, – деп ұландық жауынгердің қолын алды.
Қатардағы жауынгер Қ. Сайлауовтың өзі болса форумға қатысуға мүмкіндік берген Ұлттық ұлан қолбасшылығы мен өңір жұртына шексіз алғысын білдірді.
«Мен өз ісімді ерлік деп санамаймын. Ұлттық ұланның барлық жауынгері азаматтарға көмек көрсетуі керек деп білемін. Себебі, бұл біздің тікелей міндетіміз. Сол оқиғадан кейін мені Астана төріне алдырдып, таңдаулы азаматтармен қатар марапаттайды деп ойламап едім. Менің қызметіме оң баға берген Ұлттық ұлан басшылығына, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Сералиевке алғысымды білдіремін», – деп ағынан жарылды ұландық.
Қатардағы Қ. Сайлауовтың тез арада қабылдаған шешімі мен дереу қимылының арқасында ұрлық әрекетіне тосқауыл қойылды, сонымен қатар, азаматтың денсаулығы мен өміріне қауіп төнбеді. Ол тек қана өз ісінің маманы ғана емесі, сонымен қатар, саламатты өмір жолын ұстанған жан. Адамгершілік қасиеті көп жастарға үлгі.
Айтып өту керек, аталмыш форумға еліміздің барлық облысынан екі жүзге жуық қатысушы келіп, ғылым, медицина, бизнес, спорт саласы бойынша марапатталды.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Сондай-ақ, оқыңыз

Теңдесі жоқ миграциялық орталық

Бірінші рет елімізде шетелдіктерге ешбір кедергісіз қызмет көрсететін миграциялық ХҚО ашылды. Өткен аптада оның ресми …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған