Сотталғандарға сапалы білім

Алматыда жоғары оқу орындарында сотталғандарды қашықтықтан оқытуға қатысты мәселе талқыланды. Алдағы уақытта сотталғандар оқытудың жаңа технологияларын пайдалана отырып білім алатын болады. Оларды әлеуметтік ортаға бейімдеу бойынша мемлекет ҮЕҰ-мен 55 млн. теңгеге шарт жасады.
Елбасының Ұлт жоспарының 33-қадамын орындау мақсатында бір жыл бұрын бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясы (2016ж. 8 желтоқсанда) бекітілген болатын.
Стратегия шеңберінде «Қақпа алдындағы кездесу» жобасы іске асырылды, сотталғандардың отбасыларымен бейнекездесулер ұйымдастырылып, азаматтарды қайта әлеуметке қосу процесіне еріктілер белсенді тартылды. Сотталғандарды қайта әлеуметке қосу саласында ҮЕҰ-мен және қоғамдық бірлестіктермен 292 меморандум, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жалпы сомасы 55 млн. теңгеге 15 шарт жасалды.
Алматы және Павлодар облыстарында оқытудың жаңа технологияларын пайдалана отырып, сотталғандардың білім алуы жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы оқыту-білім беруде тек дәстүрлі жүйе ғана емес, сонымен қатар, жаңа технологиялар пайдаланылатын болады. Бір сөзбен айтқанда, сотталғандарға жоғары оқу орындарында қашықтықтан оқуға мүмкіндік беру жоспарланып отыр. Мұның оңтайлы оқыту нысаны – интернет және кейс-технологиялар арқылы қашықтықтан оқыту болып табылады.
Осы және басқа да мәселелерді қарастыру үшін бүгін Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері және осы университет комиссиясының көшпелі отырысы өтті.
Отырыста сотталғандарды қоғамға бейімдеудің негізгі факторы ретінде білім және мамандық алу, жұмысқа орналасу екендігі атап өтілді. Сотталғандарды қайта әлеуметке қосу – бұл көкейкесті мәселелердің бірі, оның шешімі тек құқық қорғау органдары емес, нақты мемлекет және азаматтық қоғам институттарына тәуелді. Бұл жағдайда Білім және ғылым министрлігі мен жоғары оқу орны шетелдік тәжірибені пайдалана отырып, Қазақстанда осы тұлғаларды әлеуметтік бейімдеудің жеке процесін ойлап шығарды. Бұнда басты элемент болып ҚАЖ мекемелерінде оқыту жүйесі, яғни барлық азаматтар үшін еңбек нарығындағы талаптарды, бәсекеге қабілеттілік, құзыреттілік, қойылған міндеттерді шеше білудегі қабілеттілік ескеріледі.
Жобаны әзірлеуге мемлекеттік органдардың өкілдері, ұлттық және Орталық Азиядағы Penal Reform International (Халықаралық түрме реформасы) өкілдік атынан шетелдік сарапшылар, сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тартылған.
Пилоттық сынақ жасау орны ретінде Алматы облысының Заречный кентіндегі ЛА-155/8 және Павлодар қаласында орналасқан АП-162/3 мекемелері белгіленген. Жоба өз жұмысын 2018 жылдың 1-тоқсанында бастайды.

ІІМ баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*